Кіші жүзге толық танымал, Орта жүзге орталау, Ұлы жүзге өзі бармаса да, сөзі барған Жетес Қыстаубайұлы Әйтеке би бастаған қазақтың билер көшінің соңғы тұяғы болатын. Ол 1828-1914 жылдары өмір сүрген. Қабірі Аралдың Ескіұра елді мекенінде.
Біздің әңгімеміз осы Жетес бидің билік құрған уақытында ұзақ жыл қасында көмекшісі, хатшысы болған Жұбаназар Тәжікұлы жайлы болмақ. Бүгінде Жұбаназар атамыз туралы толық жазба деректер жоқтың қасы. Оның сөзін де, өзін де білетін жандардың бәрі әлдеқашан өмірден өткен. Дегенмен, «Орнында бар оңалар» дегендей, артында қалған үрім-бұтақтары бар. Соның бірі – туған қызы Рахима мен немере інісі Аралбай. Біз бүгінгі деректерді осы жандардың аузынан жазып алдық.
Тәжікұлы Жұбаназар Жақайым руынан, Дәулет Асанның Мәмбеті, оның Сарбасы. 1869 жылы туып, 1952 жылы теміржол бойындағы Қамыстыбас бекетінде қайтыс болған. Қабірі Райым елді мекеніндегі үлкен қорымда, Аппақ әжеміздің бейітінің қасына жерленген. Басында құлыптасы бар.
***
Арал қаласында тұратын Жұбаназар атамыздың жалғыз қызы Рахимамен әкесі жайлы сөйлесіп отырмыз.
– Мен 1948 жылы дүниеге келдім. Сонда шешемнің жасы 52-де, әкем Жұбаназар 78-де екен. Төрт-бес жасымда әкем 83-ке келіп қайтыс болыпты. Оның түр-түсі, қандай адам екені мүлде есімде жоқ, жаспын ғой. Әке-шешемді әбден сағындырып өмірге келгенімде әкем: «Тұрарым болмаса да, өрісті болдым» деп қуаныпты. Онысы «Ер балалы болмасам да, өрісімді кеңейтетін қызды болдым» дегені екен. Мен аяқтанғанда әкем жүретін жолымды алақанымен сипап тазалап отырады екен және әкемнің масаты қызыл қалтасы болыпты. Барған жерден өрік салып әкеліп береді екен. Өрікті көп жегендіктен тісімді құрт жеп, ерте түсіп қалыпты. Содан дәрігерге көрсетіп, әзер емдетіпті. Әкем «Бұл менің қуанышым ғой» деп мені Қуаныш деп атап, мектепке барғанша ер балаша киініп жүріппін.
Әкемнің бір қолы білегінен жоқ болатын. Ол былай болған дейді. Жас кезінде Қазалы уезінде билік құрған атақты Жетес бидің көмекші-хатшысы болыпты. Би атамыз жиын-тойларда жиі болады ғой. Ол кезде палуан күрестіру дәстүр болған. Сондай бір мұрапаның кезіндегі күресте «Жетес би ауылынан кім шығады?» дегенде ешкім табылмаған соң, атамыз хатшысына қарапты. Әкем бұрын да күреске қатысып жүреді екен. Осыны түсінген әкем ортаға шығыпты. Оның қарсыласы да мықты жігіт екен. Содан әлгі палуанды көтеріп жерге алып ұрғанда қолы қарсыласының астында қалып, білегінен морт сынып, салақтап қалыпты. Сол сәтте әкем: «Тез, киіз күйдіріп әкеліңдер» деп беліндегі қынынан өткір пышағын суырып алып, сынған қолын білектен кесіп тастап, күйген киізбен бастырып, басындағы орамалмен таңыпты да, «Халқымның намысы, ары үшін берген қолым болсын» депті.
– Сіз білесіз бе? – деп Рахима әңгімесін маған қарай бұрды. – Сіздің атыңызды, сосын кезінде «Қамбаш» балық тресінің бастығы болған Әбибулла ағамыздың баласы Әйтекенің де есімін қойған әкем ғой.
– Иә, білемін, – дедім Рахиманы қоштап.
Осы сәт мектепте оқып жүрген бала кезімде көкемнің (әкемді айтамын) мына сөзі ойыма оралды. Қонысымыз Ескіұра болғанымен, ол кезде бірде Тоқабайға, бірде Жаркөлге барып біздің ауылдың адамдары егін егеді екен. Мен туатын жылы жазда Тоқабайда отырыппыз. Соған орай көкемнің айтатыны ғой:
– Жұмабай Тоқабай деген жерде туған,
Тойына ай мүйізді қошқар сойған.
Туған соң жұма күні Жұмабай деп,
Атасы Жұбаназар атын қойған, – деп өлеңдетіп мені еркелететін.
Ол кезде сөз төркініне түсініппіз бе, менің атымды қойған әйгілі бабамыз, Жетес бидің хатшысы болған, елге белгілі атақты Жұбаназар атамыз екенін кейін біліп жатырмыз ғой.
Рахима әңгімесін әрі қарай сабақтады.
– Бір күні әкем сіздің әкеңіз аттас Жақсылық деген кісінің үйіне келіпті. Бұрыннан сыйлас, сырлас адамдар ғой. Әкем келген соң, қазан көтеріп, құрмет көрсетіпті. Тамақ піскен соң, үй егесінің келіншегі құман әкеліп, қолға су құйыпты. Сау қолын жуып бола бергенде жеңінің ішіндегі шолақ білегі қимылдап кетсе керек:
– Ата, екінші қолыңды қосып жумадыңыз ғой, – дегенінде, әкем:
– Балам, бұл қолдың сырын кейін айтамын, – депті де сыр білдірмей, сабыр сақтап, сыбағалы тамағын әдемі әңгімемен алдыра беріпті. Шай, тамағын ішіп болған соң, әкем үй егесіне қарап:
– Бағана келін бір сұрақ қойып еді. Соның жауабын беріп кетейін, шақыршы, – депті.
«Әй, осы әйел бірдеңені бүлдірмесе болар еді» деп әйелін шақырып келгенде:
– Келін балам, бағана маған бір сұрақ қойып едің-ау, соған жауап берейін, – депті. – Бір қолым бар, ал екінші қолым намыс пен арға кетті. Бес саусағым санасызға сана болайын, жетесізге жетелі болайын, көргенсізге көргенді болайын, білімсізге білімді болайын, бақытты нұрға бөлейін деп кетті. Ал мына білегімнің топсаға дейінгі жері халқымның ары мен намысына кетті, менің жауабым осы, – деген екен.
Сонда үй иесі қатты ашуланып: «Атаның қолын айтып кемсіткенің не?» деп тіксінген екен.
Әкем сабырға шақырып:
– Жігітім, отыр, – депті. – Шешетін мәселеңді ақылмен шеш, мен кеткеннен кейін де келіннің мазасын алып, тұщы етіне ащы таяқ тигізбе. Жеңетін болсаң тілмен жең. Білекпен ешкімді де жеңемін деп ойлама, – деген екен.
– Әкеңіздің тағы қандай әңгімесін білесіз? – дедім Рахимадан әлі де тың деректер дәмеленіп.
– Мен әкемнен өте жас қалдым. Ең болмағанда 7 жаста болғанымда жеті атамды біліп қалар едім. Сөзі түгілі бет-әлпет, кескін-келбетін де білмеймін. Бізде оның суреті де жоқ. Әкем небәрі үш-ақ күн ауырып өмірден өтіпті. Сол ауырып жатқанда Алматыдан тілшілер келіп, ақсақалдың әңгімесін тыңдап, сұхбат алайық, суретке түсірейік деген екен. Оған келіспеген әкем: «Менің бір ғана жаным бар, оны Құдайға беремін, суретке түсіремін деп әуре болмаңдар» деп тас бүркеніп жатып қалыпты. Егер сонда суретке түскенде бүгінде әкеміздің қандай адам екенін біліп отырар едік. Қазір балаларыма біздің көзіміз барда барлығын біліп алыңдар деп ескертіп отырамын. Менің алдымда бір ұл болды. Бірақ, ол да ерте қайтыс болды. Жалғыз қызым деп еркелетіп өсіріпті. Басқа не айтайын. Әкемізді іздейтін, әңгімесін сұрайтын көзін көргендердің бәрі кетіп болды. Осы менің бар айтарым, – деп Рахима ағынан жарылды.
***
Жұбаназар атамыздың әулетінде ол жайлы білетін екінші адам – туған інісі Бекназардан туған Бимұрат баласы Аралбай. Жетес бидің қасында 15 жылдай көмекші-хатшысы болып жүрген Жұбаназар өте сауатты, жазуы тасқа басқандай сұлу көрінетін көзіқарақты адам болған. Оның да өзінің көптеген қолжазбалары, Жетес бимен бірге ел басқару ісінде алған медаль, құжаттары болған. Бірақ, осы құнды дүниелері өзі кеткен соң, қолдан қолға көшіп, белгісіз себептермен жоғалып кетіпті.
Енді міне, сол Аралбаймен сұхбаттасып, атасы жайлы әңгімелесіп отырмыз.
– Біз өмірге кейін келдік. Атамызды көргеніміз жоқ. Оның көзін көрген үлкендерден сұрап біліп жүрміз. Қазір олар да өмірден өтті, айтар адам да қалмады. Атамыздың күнделік сияқты жазған дәптерлері, Алматыдан оны іздеп зерттеуге келген журналистердің көзі көрген адамдардан алған сұхбат-әңгімелері, Райымдағы бейіті басында түсірген бейнежазбалары бар еді, соның бәрін Алматыда тұратын інім Оразбай осыларды жарыққа шығарамын деп алып кетіп, пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүргенінде із-түзсіз жоғалтып алыпты. Қазір міне, қолда атамыздан мынау бар еді деп көрсететін, дәлелдейтін ешнәрсе қалған жоқ. Ойымызда бұрынғы адамдардың бар кезінде айтқан әңгімелері ғана.
– Жетпісінші жылдары ғой деймін, «Көпір құрылысын салу пойызында» жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні бастығымыз Райым водокачкасына тұрғын үй салуға 5-6 адамды іссапарға жіберді. Орналасып болған соң, 1-2 күннен кейін кішкене бойлы ақсақал келіп:
– Ай, жігіттер, осында Жұбаназар деген ақсақалдың немересі келді деп еді. Қайда екен? – деді.
– Иә, менмін, – дедім.
Сол арада танысып-білістік.
– Сен болсаң, мен Нәсу деген әкеңмін, мынау Райымда тұрамыз. Атаң Жұбаназардың көзін көрдік. Өңірдің айтулы ақсақалы еді, талай қолынан дәм таттық. Қазақтың кәдесі бар ғой, қонағым боласың, сыбағалы тамағың бар. Мына жора-жолдастарыңмен келіп, қонақасыларыңды жеп кетіңдер. Балалар бар, Қазалыда тұрады, жұмыс істейді. Үйде кемпіріміз екеуміз тұрып жатырмыз. Кешке келіңдер, – деді.
Жұмыстан кейін уәде бойынша Нәсу ақсақалдың үйіне келдік. Шай қайнаулы, тамақ асулы. Көршісі болуы керек, бір келіншек жүгіріп қызмет істеп жүр. Шай үстінде 1-2 бөтелке емес, «Московский» арақтың бір жәшігін ортамызға әкелдіріп қойды. Арамызда орысы, кәрісі бар жігіттер бұған таңғалып, ауыздарын ашып қалды.
– Шайларыңды өздерің алдыра беріңдер, – деп Нәсу ақсақал өз бөлмесіне кетті.
Тамақтанып болған соң, әңгімелесіп отырғанда: «Ой, Жұбаназар атамыз айтулы адам еді. Халыққа қайыр-қомы көп болатын. Сонау ашаршылық жылдары медалін астыққа айырбастап, ауылды аштықтан аман алып қалып еді» деген сөзді сол Нәсу ақсақалдан естідім.
– Сен осы атаңның жатқан жерін білесің бе? Басына апарайын ба? – деді.
– Мен түгілі менің әкем де білмейді, бір күні келіп атамыздың жатқан жерін іздеп едік, таба алмай қайттық, – деп едім:
– Онда ертең кел, өзім көрсетейін, – деді.
Ертеңіне трактормен Райымға келдім, көрсетті. Бейіті Айтуар атамыздың бұрынғы мешітінің қарама-қарсысында түйетайлы болып жатыр екен. Кезінде басына ескерткіш қойылыпты. Онысы көміліп, басы ғана көрініп тұр екен. Қазып едім, «Тәжік баласы Жұбаназар» деген жазуды оқыдым. Нәсу ақсақал аят оқыды. Сонда айтқаны ғой, атамыздың медалін астыққа айырбастағанын.
Жұбаназар атамыз хатшысы ретінде Жетес бимен бірге ел ішіндегі дау-шарларды әділ шешуде, халықтың бірлігін, тыныштығын сақтауда өз үлесін қосып жүрген. Ел ішіндегі осындай елеулі еңбегі үшін Жетес бимен бірге Жұбаназар атамызды да Ресей патшасы алтын медальмен марапаттаған. Нәсу атамыздың айтып отырған медалі осы. Оны Қарақалпақстанға 16 пұт астыққа сатып, ауылға алып келіп, халыққа үлестірген. Жұбаназар атамыздың баласы Бижанның (шынында Жұбаназардың туған інісі Бекназар мен әйелі де ерте қайтыс болып, балалары Бижан, Бимұрат, Ақзер, Өрік жетім қалады. Оларды бауырына басқан Жұбаназар атамыз Бижанды өз атына жаздырып, бала қылып алады) ауылда Күлпарам деген жүретін қызы бар екен. Оның әке-шешесі аштықтың зардабын тартып отырыпты. Соларды аяп кеткен Бижан атам шалбарының, купейкесінің қалталарын әкесі әкелген бидайға толтырып, қыздың үйіне таситын көрінеді. Бірақ, қалтасы тесік екен, содан қыз үйіне жеткенше бидайы төгіліп барыпты. Мұны көрген ауылдың бір ақсақалы әлгі төгілген бидайды түйірлеп тұрып теріп алыпты. Онысы бір уыс болыпты. Ауыл ақсақалдарының бас қосып жиналатын орны бар, оған Жұбаназар атамыз да барып ауылдың хал-жағдайын сұрап біліп, ақылдасып отырады екен.
Күндегідей атамыз келсе, ақсақалдарда үн жоқ. «Оу, не болды?» десе үн жоқ. Олар айтайын десе елге сыйлы адамға баласының кемшілігін бетіне басқандай болады. Айтпайын десе, істеп жүргені қылмыс. Бұған шыдамаған атамыз қатуланып:
– Ау, азаматтар, бастарыңды көтеріңдер, атаң өлсе де естіртетін уақыт болды ғой, не болды? – дегенінде:
– Жәке, бір жағдай болып тұр. Айтайық десек, сізді бүкіл ел сыйлайды. Айтпайық десек, мына балаңыздың ісіне қанағаттанбай отырмыз, – депті.
– Қандай жағдай? Қай бала? Айтыңдар шындықты, – дегенінде:
– Мына Бижан деген балаңыз пәленшенің қызының әкесінің үйіне қоймадан бидай ұрлап апарып беріп жүр екен. Оны мына ақсақал біліп қалыпты, – дейді.
– Кім ол Бижан деген, кімнен артық. Сені мен менен артық па? Бұл мәселені өздерің талқылап, үкімін өздерің шығарыңдар, – деп кетіп қалыпты. Содан бәрі ойласып отырып Бижанға 9 жыл кесім шығарып, үкімді атамыздың алдына әкеліп қояды. «Баласы мынандай болып жүргенде қалған халық не істемейді деп айтады ғой ағайын» деп ар-намысты артық санаған атамыз ойланбастан бармағымен мөрін басып, баласы Бижанды абақтыға айдатып жіберген ғой. Бижан атамыздың: «Әкем мені соттатып жіберді ғой» деп өле-өлгенше айтып жүретіні әлі есімде.
Тағы бір әңгіме, Жұбаназар атамыздың әдемі жорғасы бар, жеңіл жүрісті, тек өзі мініп, өзі баптайтын аты болыпты. Бір күні атамыз төсек тартып жатып қалыпты. Күнде жем-суын беріп баптайтын иесін күткендей аты да үйдің іргесіне келіп жатып алатынды шығарыпты. Атамыз сол жатқаннан қайтыс болады. «Атамыздың жақсы көретін аты еді. Бұл балаларына қалсыншы» деп жалғыз атты союға қимай, басқа жылқы әкеліп, үйдің іргесіне жығып, союға дайындап жатқанда атамыздың әлгі аты «бұл жер менің жерім, мен жатам, мені сойыңдар» дегендей әлгі жатқан жылқыны аяғымен тарпып, тепкілеп мінез танытыпты. Қараса, қос жанары жасаурап, адамша жылап тұр екен. Көпшілік ақылдаса келіп, әлгі жатқан жылқыны босатып жіберіп, «бұл бір текті жануар ғой, өзімен бірге кетсін» деп атамыздың жанындай жақсы көретін жалғыз атын жаназасына сойыпты.
Атамыз жайлы әңгімелер көп еді. Бұл тек бала кезде естігендерімізден есте қалғандары ғой, – деп Аралбай бір тоқтады.
***
Жұбаназар атамыз өсіп-өнген Қамбашта 1952 жылы қайтыс болса, бір білсе Әбекең білер деп (әулетіміздің әңгімешіл ақсақалы Әбілбай Садықбаев) телефон шалып мән-жайды айтып едім:
– Білгенде қандай, – деп Әбекең әңгімесін бастап кетті. – Біз Қарабиікте отыратынбыз. Ол кезде Ақбайдың көлі толық. Соны жағалай Қазалыға дейін аралдықтар жазда мал жайымен отырады. Алты-жеті жастағы баламын. Бірақ, әлі есімде Жұбаназар атамыз астында қаракөк аты бар әкемді іздеп біздің үйге жиі келіп тұратын. Талай қолына су құйып, атын жайладым. Ол қапсағай денелі, ұзын бойы, бидай өңді, әңгімені жақсы айтатын, сыпайы адам еді. Әңгімелерінің көбі Жетес атамыздың бүгінгі біз естіп жүрген әңгімелері болатын. Талай тыңдағаным бар, – деді.
Жетес бидің шөбересі Айтбазар Жаналиев ағамыз өз естелігінде: «Біздің үй Қамыстыбас деген стансада Жұбаназар деген кісімен көрші тұрдық. Оң қолы шынтақтан шолақ болатын. Сол қолымен арабша жазғанда маржандай тізуші еді. Міне, осы кісі Жетестің хатшысы болған. Үйде де, өз үйінде де талай-талай әңгімелерін қызығып тыңдаушы едім. Ол кезде мен 14-15 жаста болатынмын. Ол кісі 1952 жылы 82 жасында қайтыс болды» деп баяндапты.
Әйгілі Жетес бидің 15 жылдай көмекші-хатшысы болған Жұбаназар Тәжікұлы жайлы айтарымыздың бұл – басы ғана. Бүгінге дейін ол жайлы жан-жақты зерттеу әңгімелер жазылмапты. Жазылса да, біздің қолымызда жоқ. Сондықтан да ар-намыс пен әділдікті берік ұстаған, өз заманында елге санаулы бір адамдай қызмет еткен Жұбаназар Тәжікұлы жайлы айтар әңгімеміз әлі алда демекпіз.
Жұмабай ЖАҚЫП,
Қазақстанның Құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<