Әдетте әлдеқандай бір дос–жаран, жолдас–жора туралы естелік не эссе жазатынның алдында онымен ең алғаш рет қай жерде кездесіп, қандай жағдайда танысқаның ойыңа оралып жатады. Кейбір кісілермен кейде тіпті солай бірінші жолыққан кездеріңнің әрбір сәттеріне дейін жадыңда жарқырап тұрады. Ал менің бір жылы бірге туған құрдасым, көп жылдар қатар жүрген қапысыз досым, бүгінде бақилық болғанына жиырма жылға таяған аяулы азамат Ақылбек Әріпбаевпен қалай достасып кеткен кезім қазір тап сол қалпында есімде жоқ. Былайынша, мен оны бүкіл саналы өмірім бойына білетін сияқтымын. Шамасы, «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы шығар.
Енді дәлірегіне келсек, біз Ақаңмен өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ортасы ауа жақсы араласа бастасақ керек. Олай болатыны, мен 1970 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп келіп, туған ауылым – Жамбыл атындағы совхозда машина-трактор шеберханасының меңгерушісі болып жұмыс істеп жүрген уақытта ол Алматы халық шаруашылығы институтына енді барып оқуға түсіп жатыр еді. Осының өзі Ақылбектің алдына белгілі бір мерейлі міндет пен меже қойып, соны оясыз орындаудан аянбайтын мақсаткершілігі мен табандылығын көрсететін фактор болатын. Бұлай дейтінім, 1964 жылы орта мектептен кейін бірден Қызылорда гидромелиоративтік техникумына оқуға түсіп, оны 1968 жылы тәмамдап шыққан ол бірер жыл болса да, шаруашылық жұмыстарына араласып үлгеріп, содан кейін ғана жоғары білім алу жорығына аттанған екен. Ақаң техникумнан соң бірден Тасбөгеттегі №29 жылжымалы механикаландырылған колоннада техник-геодезист болып жұмысын бастап, үш айдан кейін-ақ мастер қызметіне жоғарылап үлгереді. Ал 1970 жылдың жазында осының бәрін жиып қойып, жоғары білім алу мақсатымен Алатау баурайындағы қалаға тартады.
Обалы не керек, Ақылбек өзі аңсап барған оқу орнын 1974 жылы үздік бітіреді. Соның нәтижесінде институттың басқару және арнайы пәндер кафедрасына оқытушы болып қалдырылады. Бірақ бір жылдан кейін, 1975 жылдың қараша айында ауылға оралады. Ол мұнда да шу дегеннен белсенді қызметке кірісіп кетеді. Атап айтқанда, желтоқсан айында сол кезде атағы жер жарып тұрған «Қызылордақұрылыс» деген тресттің еңбек және жалақы бөліміне экономист болып орналасады. Ал арада жарты жыл өтпей, 1976 жылдың мамыр айында келесі іргелі мекеме – «Қызылордасуқұрылысы» тресіне инженер-экономист болып ауысады. Тағы бір жыл өткесін, 1977 жылдың маусым айында әйгілі «Баскүрішсовхозқұрылыс» бірлестігіне бөлім бастығы болып жоғарылап келеді. Осының бәрінде ізеттілігін, іскерлігі мен тиянақтылығын көрсетуі арқылы сатылап өскен Ақаң тағы бір жарты жылдан сәл асқан уақытта, 1978 жылдың ақпанында «Қызылордаколхозқұрылыс» тресіне қарасты, Тасбөгет кентінде орналасқан №49 жылжымалы мехколоннаға бастық болып тағайындалады. Біз бір-бірімізбен осы кезден тығыз араласа бастаған іспеттіміз. Ол кезде Тасбөгет – ежелгі Сырдария ауданының орталығы. Ал совхозда табаны күректей бес жыл шеберхана меңгерушісі қызметін атқарғаннан кейін аудандық халықтық бақылау комитетінде үш жыл инспектор болып қызмет еткен мен осы пәйітте аудандық партия комитетіне нұсқаушылыққа келгенмін. Міне, екеуміздің арамызда осы кезден басталған шын мәніндегі шырайлы достық пен жолдастық қарым-қатынас Ақаң өмірден өтіп кеткен 2002 жылдың 20 қазанына дейін үзілген жоқ.
Қазақ мұндай арқалы азаматтарды көргенде, сүйсінгеннен «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» деген керемет өнегелі өлең сөздің өресін алға тартады. Бұл жолдар да тура Ақылбекке арналып айтылып тұрғандай ой қалдырады. Ол адамды бірінші көргеннен-ақ жақын тұтып, жанына тартып, үйіріп әкететін көпшіл де бауырмашыл, адал да ақжүрек жігіттердің сұрпынан еді. Таулардың алыстаған сайын анық көрінетіні сияқты, жарықтық Абай айтатын «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейтін өсиеттің де Ақылбекке өте-мөте үйлесе кететінін осы күні анық байқалады. Мол пішілген денесіне кең көсілген дархан мінезі бар досымыз нардың да, бардың да жүгін тік көтеріп кете беретін айтулы азаматтардың сойынан болатын. Ол жақсы сыйласқан алдыңғы толқын арасында сол жылдары аудан басқарған Еламан Жүнісбаев бастаған Базарбай Атабаев, Иса Жетербаев, Қорғанбек Қайруллаев, Аманхан Сәдуақасов сынды ағалары болса, қатар жүрген замандастары тобынан Оңалбек Сәпиев, Қуаныш Әлжіков, Әбдіғаппар Әмірғалиев, Пернебай Балкеев, Мақсұт Бимұрзаев, Абдулла Әбенов, Кеңес Махамбетов, Мырзатай Есмаханов, Рысбек Мәмбетов, Тайшық Есқараев, Александр Когай, Төлен Серәлиев, Болат Оразов, Болат Үбеев есімдерін ерекше атай аламыз. Ал жабдықтау жүйесіндегі әріптестері ортасында ол үшін шымкенттік досы Серікжан Сейітжанов пен жамбылдық жараны Григорий Семенченконың орындары бөлек еді. Сол берік достықтың алтын арқауы Ақаң қайтыс болғаннан кейін де үзілген жоқ. Бұл екі азамат әлі күнге дейін оның отбасымен тығыз араласып тұрады. Мысалы, Серікжан күні бүгінге дейін Ақаңның есімі мен отбасына байланысты көптеген шаралардың дәйімі ұйытқысы болып келеді.
Тегінде, мұндай жақсы сыйластық пен жарасымды әрекет екі жақтан деп жатады. Осының бәрі, меніңше, Ақылбектің көзі тірісінде өзі сыйлаған, өзін сыйлаған азаматтармен өте жақсы қарым-қатынаста болғанын көрсетеді. Біз екеуміздің арамызда да осындай байыпты байланыс болды ғой деп ойлаймын. Бұған көп жағдайда екеуміздің мінезіміздегі кейбір ұқсастық қасиеттер де әсер етсе керек. Себебі, екеуміз де әңгіменің ашықтығын, істің әділдігін, тірліктің тазалығын қалап тұрушы едік. Екеуміз де көпе-көрінеу болған әділетсіздікке төзе бермейтінбіз. Сондығынан болар, біз бір-бірімізге адал болдық. Соның арқасында бір-біріміздің бұдан кейінгі өсуіміз бен жетістіктерімізге риясыз қуана білдік, тілектес болып жүрдік. Мен бірер жылдан кейін Сырдария аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, шамалыдан соң совхоз директоры болып кетіп жатсам, Ақылбек әлгіндегі №49 ЖМК-ны 4 жыл басқарғасын аудандық колхозаралық құрылыс ұйымының төрағасы болып бекітілді. Тағы бір жылдан соң облыстық «Қызылордаагроқұрылыс» бірлестігі төрағасының орынбасарлығына көтерілді. Бұл кезде мен аудандық РАПО-ның төрағасы болып бір жыл қызмет атқарғаннан кейін аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып жатқанмын. Сол 1987 жылдың соңына қарай Ақаң «Қызылордаглавснаб» басқармасына басшы болып ауысты. Бұл оның өмірінің соңына дейін табандатып қызмет еткен, бар білігі мен білімін сарп еткен негізгі мемлекеттік жоғары лауазымы болды. Кейін мекеменің статусы екі рет өзгергенде де, Ақылбек оның бастығы, президенті болып, басшылық қызметінде қала берді. Оның сол жылдары республикалық басшылық алдында да, облыстардағы өзі секілді әріптестері арасында да зор беделге ие болғанына біздің талай мәрте көзіміз жетті. Қайда да істің көзін білетін Ақаң 1997 жылы арасында кәсіпкерлікке де бет бұрып, «Галаз и К» деген мұнай компаниясы» атты толық серіктестік құрды. Оны құрылтайшы ретінде өзі басқарды.
Ақылбек жоғарыда айтылған қызметтердің қайсысында жүргенде де, өзін іскер басшы, шебер ұйымдастырушы есебінде көрсетіп отырды. Мысалы, ол №49 ЖМК мен колхозаралық құрылыс ұйымын басқарған жылдары іс жүзінде ауданда олармен жұмыс істемейтін бірде-бір елді мекен болған жоқ. Аталған құрылыс ұйымдары 80-ші жылдары барлық дерлік ауылдарда өнеркәсіптік және азаматтық мақсаттағы көптеген нысандарды салды. Соның арқасында олардың барлығында Ақылбектің бірегей қолтаңбасы өрнектелді. Айталық, «Амангелді» тәжірибелік қаракөл шаруашылығында жыл сайын кемі 2-3 нысанды іске қосып тұрды. Бұл ауылдың байырғы тұрғындарының есінде осы жылдары салынған 624 орындық орта мектеп, 300 орындық мәдениет үйі, қой өсірушілерге арналған коттедждер, ауылдық дәрігерлік амбулатория мен профилакторий, оқу орталығы мен қонақ үй, жем-шөп цехы, мал бордақылау алаңы қалды, жұрт сол уақытта алғаш рет асфальтталған елді мекен көшелерін де әлі ұмыта қойған жоқ.
Ісіне мығым, өзіне сенімді Ақылбек уәденің адамы еді. Сондықтан өзі қамқорлығына алған ауылдардың проблемаларын әрдайым ың-шыңсыз шешіп отырды. Мысалы, «Амангелдідегі» мектеп ғимаратын 10 айдың ішінде бітіріп, алдағы қыркүйекте пайдалануға беруге уәде етіп еді, оны сол кезге дейін орындап шықты. Ауылдағы мәдениет үйін 1,5 жылдың ішінде қатарға қосатын болып сөз беріп еді, оны айтылған мерзіміне жеткізбей, сапқа тұрғызды. Осындай тындырымды тірліктері нәтижесінде ол салып біткен нысандар базасында облыстық семинарлар өткізіп тұру дәстүрге айналды. Ал №49 ЖМК салған оқу орталығының базасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Сағидолла Құбашев, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков, көрнекті қаракөл өсіруші ғалымдар Көпмағамбет Елемесов, Әбдірахман Омбаев, Сейпулла Әбдірайымов бастаған қаракөл шаруашылығы басшыларының республикалық семинар-кеңесі өткізілді.
Ақаң қашанда мүмкіндік болған кезде аудан ауыл тұрғындарына көмектесіп тұрды. Мал жайылымдық учаскелерде қой өсірушілер үшін тұрғын үйлер салды, каналдарын тазарту, бөгеттер тұрғызу, жағалауды нығайту жұмыстарына белсене араласты, жұртқа құрылыс материалдарымен, жер қазу техникасымен, автокрандармен, жүк көлігімен көмектесіп жүрді. Кейін облыстық жабдықтаушы мекемені басқарған жылдарында Ақылбек өзін тағы да шебер ұйымдастырушы тұрғысынан танытты. Байыпты басшы ретінде қатардағы ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын ешқашан ұмытпады, олардың өтініштерін бірінші кезекте орындап отырды. Арал өңіріндегі барлық дерлік ұйымдардың, мекемелердің, кәсіпорындардың, шаруашылықтардың керекті заттарын тауып беріп келді.
Ақылбек Әріпбаев үшін Одақ тарағаннан кейінгі жылдар үлкен сынақ алаңы болып кезікті. Бұл кезде бұрынғы республикалар арасындағы шаруашылықаралық байланыстар үзілген, керекті затыңды баяғыдай ала алмайсың. Ақаң осы тұйықтан да шығып кетудің алуан түрлі тәсілдерін таба білді. Сөйтіп, жан-жақтан жаңа өріс іздеп, айырбас жолымен тауарлар әкелудің көзін ашты. Қиын-қыстау кезде облыстың өндіріс және құрылыс салаларын қажетті материалдармен, құрал-жарақтармен жабдықтап отырудың ыңғайын тапты. Ол, ең алдымен, Сырдарияның төменгі ағысын жайлаған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қамқорлық жасады. Бұл орайда Ақаңның республикалық мемлекеттік жабдықтау мекемесін ұзақ жылдар басқарған Сыр елінің тумасы, ардақты аға Ұзақбай Қарамановпен ағалы-інілідей өте жақсы қарым-қатынаста болуы көп істі көңілдегідей етіп шешіп отыруға едәуір септігін тигізгенін де айта кетуіміз керек.
Ақаң құрылыс мекемелерін басқарған жылдарында көптеген кадрларды тәрбиелеп шығарды. Олар кейін облыс өндірісінің түрлі салаларында жемісті қызметтер атқарды. Бұлардың арасында Ақылбек Арыстанов, Әбдуәли Есенғараев, Марат Қожабеков, Асылбек Сейілханов, Әбдіқабыл Жанзақов, Ғанибек Қазантаев және басқалар болды. Сонымен бірге, ол өте оптимист адам еді. Сол сенімін қарауындағы қызметкерлерге сіңіріп отырды.
Даттың ұлы жазушы-драматургы Генрик Ибсен «Адамның жаны ісінен көрінеді» деген екен. Бұл анықтама біз сөз етіп отырған Ақылбек Әріпбаевтың болмыс-бітімі мен тұрық-тұлғасына өте-мөте дәл келеді. Ол ісі мен сөзі әрдайым қабысып жататын, өзінің өмірін ешқашан күнделікті жұмысынан бөліп алып қарастырмайтын, қашанда тынымсыз іс үстінде жүретін Ақаңның жан дүниесі шынында өзінің тірнекті тірлігі мен ізгілікті істері арқылы көрініп, олармен бірге өріліп жатушы еді. Біздің досымыз үшін бұл ұғым жай ғана сөз емес-тін, шын мәнінде оның барлық абырой-беделі, ар-ожданы мен кәсіби шеберлігі осы қадір-қасиеттері арқасында жиналып, елдің есінде сол кескін-келбетімен қалды. Ол осы тұрқынан айнымаған қалпы өмірден өтті. Хакім Абай жырға қосатын «Асыл адам айнымас» деген терең мағыналы толымды тіркес тап осы Ақаң секілді атпал азаматтарға арналып айтылса керек. Ол үлкенмен де, кішімен де бірдей сыйласа білді, әрбір азаматты жеке тұлға ретінде бағалады, осы қағидатты өмір бойына ұстанып өтті. Сондықтан да онымен сыйласатын, сыр бөлісетін жарандар өте көп болды.
Осы ретте менің ойыма орыстың ұлы ақындарының бірі Михаил Лермонтовтың «Жағдайға, уақыт пен жаңа бір табан тіреген орнына қарамастан, өзінің бұрынғы қалпында қала беретін адамдар жұрттың арасында қашанда зор құрметке бөленеді» деген сөзі оралар еді. Шыны керек, тап осы тұжырым да біздің досымызға арналып айтылып жатқандай. Ол қай кезде де осы қағидат тұрқынан ажыраған емес. Мұның бәрі оның жоғары мәдениеті мен зор адамгершілігін білдіретін бірден-бір нышандар еді. Расында, дәл Ақылбектей адамгершіліктің ақ туын өмір бойы жоғары көтеріп өткен ерен тұлға, арқалы азаматтар сирек болса керек.
Біздіңше, Ақаңның осылай қоғамдық қызметпен белсене шұғылдануына оның үй деп аталатын қорғанының, сол қорғанға еге болып отырған жұбайы Несібелі Стамбекованың мықты болуы да бір себепкерлік етті. Міне, дәл қазір де ол Ақаңды еске алуға арналған барлық шараның негізгі ұйымдастырушысы болып өзі жүр. Иә, ең өкініштісі, қатар жүрген замандастарының бәрі дерлік үлкен құрмет тұтқан Ақылбек Әріпбаев нағыз кемеліне келген шағында, 55 жасқа енді толған тұсында өмірден озып кете барды. Содан бері де 18 жылдан астам уақыт өтіпті. Енді артында қалған ұрпақтары мен жолдас-жораларының қолынан келетіні осындай абзал азаматтың атын ел жадында қалатындай етіп шара жасау болса керек. Сондықтан біз оның атына өзі өмір бойы тұрып, елге қалтқысыз қызмет еткен Қызылорда қаласынан бір көше берілсе дейміз.
Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ.
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<