Жолбарыс жортқан жер

2827

0

Бүгін – Халықаралық жолбарыс күні. Бұл дата 2010 жылы Санкт-Петербургта осы жыртқыш жануардың популяциясын сақтап қалу мәселелері бойынша өткен «Жолбарыс туралы саммит» халықаралық форумында белгіленді. Оны өз жерлерінде жолбарыс мекендейтін 13 мемлекет қолдады.

Осыдан екі ғасыр уақыт бұрын сіз бен біз табанында жүрген ескі Қамысқаланың маңайын жолбарыс мекендеген десе сенесіз бе? Ақмешіт бекінісін алуға бес қаруын сайлап келген полковник Бларамбергтің «Воспоминание» атты еңбегінде Яксарттағы жолбарыс аулау оқиғасы суреттелген. Сол кітаптан төмендегі жазбаны оқып отырып, адамның табиғатқа жасаған тағылығынан қаншама тіршілік иесі жойылып кеткенін ойлап, төбе-құйқаң шымырлайды. Сонымен Бларамберг бүй дейді: 

– Сырдарияның төменгі ағысын иелену және алғашқы форттарды салу кезінде біздің жауынгерлер тек хиуалықтармен, қоқандықтармен ғана емес, дарияның оң жағалауындағы жолбарыспен де алысты. Қалың қамыс арасындағы жырт­қыштар ешкімнен қорықпай өмір сүргенге ұқсайды. Өйткені ондағы тұрғындардың аса қауіпті жыртқышты аулау­ға қарулары болмаған.

Қамыс арасындағы жабайы қабан, жолбарыс жергілікті халықтың сиыр-бұқасына тыным бермейтін.  Тіпті тапа-тал түсте адамдарға шапқан оқиғалар да жиі кездесті. Перовск бекінісінің солдаттары осы уақыт ішінде жолбарысты қырып салғандықтан, жыртқыш біртіндеп жойылып кетті. Алдымен Қараөзек жағалауынан қуып, аулап көрген. Бірақ неше түрлі жағдайлар орын алған соң, тұзақ құра бастады. 

Перовскіге жақын маңайға солдаттар жерге темірден крестеп екі мықты қада қақты. Оған қаруларын тігінен қойып, шүріппеге мықты арқан байлады. Арқанның басына  шикі ет байлап, қарудың құлағын қа­йырып қойды. Түнгі аң аулау кезінде еттің иісіне келген жолбарыс қаруға жақындап, етті аузына ала бергенде оқ атылды. Оқтан жыртқыш не қатты жараланатын, тіпті сол жерде сеспей қататын. Жаралағандарын аңшылар қан ізімен аңдып отырып, кепкен арықтан тауып алатын.   

Бір күні кешкісін желілік батальонның солдаттары осын­дай тұзақ құрып, форт қа­ра­уылдарына түнде қару атылса айтуларын тапсырды. Қарауылдар мылтық даусы шыққанда хабар берді. Тұзақ құрылған жерге келгенде, жыртқыш жоқ, бірақ сол маң қан жоса болып жатыр екен. Қан ізімен аңдыған аңшылар қаруларын әзірлеп, араларына 20 қадам тастап жүріп келеді.  Алдыңғы солдат іздің кепкен арыққа қарай бастайтынын байқады да, жиекке қарай ақырын жақындады. Жаралы жолбарыс оған найзағайдай атылып, астына басып алды. Екінші солдат қаруын көздеп атып жіберді. Жолбарыс сылқ ете қалды. Әлгі солдат жыртқыш астындағы жолдасын құтқармаққа ұмтылғанда, ызалы аң әлгі ебедейсіздің оң аяғына ауыз салды. Үшінші солдат жыртқышты құлақтан көздеп тұрып атты. Сөйтіп, аңға шыққандардың бірі мүгедек болып қалды, екіншісі лазаретте қайтыс болды.

Кейін 1854 жылы жолбарыс жаралаған жас солдат Оренбург  көшелерінде өзі өлтірген аңның терісін жамылып жүрді. Граф Перовский оған әдемі тері үшін 50 сом сыйға тартты.    

Осы жылы жазда Яксарттың сол жағалауындағы жас қамысты оруға жіберілген башқұрт отрядына жолбарыс шапты. Отрядтың қамыс шап­қанын бақылап тұрған майорды алып бара жатқан жерінен бүкіл солдаттың тұра ұмтылғанынан қорыққан болуы керек, олжасын тастап, қайтадан қамысқа кіріп кетті. Бірақ майор сол күні қайтыс болды.

Тағы бір оқиға. 1954 жылдың қазанында Қазалыдан Перовскідегі штаб-пәтерге қарай бет алған полковник Фитингофті шығарып салушылардың арасында Арал параход флотилиясында қызмет еткен лейтенант Синкони де болған еді.  Лейтенант атпен шаба алмайтын, содан болар топтан қалып қойды. Жолдастары қалып қоймауын ескертіп-ақ келеді. Бір кезде жартылай мұз басқан арық жиегіне түсті. Сол сәтте ат үстіндегі адамға қарай атылған жолбарыс сәл мүлт кетіп, ақырған күйі арыққа құлады. Синконидің аты үркіп, айдалаға қашты. Аты әбден зорыққан, түн қараңғысында Синконидің зәре-құты қалмайды. Түн суық, тұман қалың, қайда тап болғанын білмейтін лейтенант әсіресе, ізінен жолбарыс келе ме деп қатты қауіп қылыпты. Таң атқанда атына мініп, бас ауған жаққан жүре берді. Бір кезде тұман се­йіліп, мал айдаған жергілікті тұрғынға жолығады. Баратын жерін сілтеп жіберген соң, оны өлдіге санаған тобына барып қосылған. Бұл түнді Синкони ешқашан ұмытпайды.

 Осындай оқиғалардан ке­йін жолбарысты жаппай қыру басталған сияқты. Бір деректерде әр өлтірілген жолбарыс үшін сыйақыға 25 сом (ол кез үшін бұл 40 қойдың құны) берілген. Міне, қалың қамыс арасын жортқан аң  қазір Сыр­дың бойында да, Қазақстанда да жоқ. Ресейдің Қиыр Шығысында, Үндістан түбегінде, Қытайда, Ява,  Суматра аралдарында ғана кездеседі. Біздің өңірде соңғы жолбарыс 1933 жылдары атылған деген дерек бар.

Ал әлемде жолбарыс жыл өткен сайын құрып барады.  Мысалы, 2000 жылы жол­барыс­тың жалпы саны 7 мың болды. Қазір 3200 шамасында қалғандықтан, олар­дың барлық түрі қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<