Мен ауырсам әжем ұйықтамайтын. Өзі де ұйқысы сергек адам еді, соны білемін, сәл түшкіріп қалсам еркеліктің ауруы екі есе қосылып, сенбесіңе қоймайтын ыңқыл-сыңқылдың неше түрін қосып жатып алатынмын. Ол кезде ауырғанның тиімді жақтары көп еді. Жан-жағыңның бәрі бәйек болып, жайшылықта қол жетпейтін тәттінің түр-түрі бас жағыңда үйіліп жатады. Опырып жеп бірден жазылып кетуге болмайды, аз-аздан татып, жатысты ұзаққа созу керек. Кейде суықтап, арасында ыстығың көтерілетіні болмаса, ауылдың баласының ауыра қоюы да екіталай ғой.
Бір күні әжемнің өзі қатты ауырып қалды. Әжімі тереңдеп, көзі шүңірейіп, тамақ ішпеді. Сосын ауданға алып кетті. Өкпесі сыр беріп, туберкулез деген дерт жабысыпты. Содан бітпейтін бір ем-дом басталды. Айлап ауруханада жатады, мен әжемді көргім келеді, қатты сағынамын. Ақыры ауылдың автобусына мініп, ауданға тарттым. Атам қалтама ақша салып, ауылдың бір адамына тапсырып жіберді, ол кісі баратын жеріме жақындатып тастап кетіп қалды. Ауруханаға кіргізбейді екен. Дәрігерге жыламсырап тұрып алдым, бір кезде аяп кеткен болу керек:
– Қазір түске қарай науқастар күншуаққа, таза ауаға шығады, сол кезде кел, – деді. Қуанып кетіп, бір-екі сағатты зорға болдырдым. Сүйттім де аурухананы айналып, қорасының артқы жағына барып отырдым. Қарным ашты. Автобустан түсе сала бір дүкенге соғып, бөлке нан алғанмын. Әжем тіске жұмсақ деп бөлке нанды жақсы көретін. Соның сырт қабатын мүжіп жедім.
Бір кезде әжем үш-төрт кемпірмен бірге аулаға шықты. Қарасын көріп, тұра жүгіріп, кең даладай құшағына қойып кеттім. Әжем кемсеңдеп, бүкіл денесі қозғалақтап кетті. Мұңлық пен Зарлық сияқтымыз. Осы түрімізді көрген басқа кемпірлер «әй, мына жәмән баланы-ай» деп жатыр.
Әжем алқынып бетімнен, маңдайымнан сүйді. Бір кезде құлағыма жайлап сыбырлап:
– Ана кемпірлерге жолама, аурулары жұғып кетер тағы, – деді.
Ауру кемпірдің біреуі өзі ғой, бірақ менің ойыма ештеңе кіріп шықпайды. Әжемнің қасындамын, бүгінгі бақытым сол. Ал, сорым, ауруханаға қондырмайды, оған рұқсат жоқ, басым салбырап қайттым, ауылға.
Кейін әжем біраз уақыт емделіп, үйге шықты. Дәрі-дәрмектен дем алып, ағарған ішіп қайтуға келіпті. Соның өзінде үш мезгіл ішіп жүрген тубазит деген бір дәрісі болды. Оның бір түйірін нанға шаншып итке берсең, аузынан ақ көбік ағып, қата қалады. Кейде адамды «ит жанды» дейді, бұл да бір әшейін сөз-ау. Итті сілейтіп салатын у дәріні әжем ұзақ уақыт ішті ғой.
Мектепте сабақ бастала салысымен бәрімізге «манту» деген укол салып кетті. Келесі аптада дәрігерлер өздері еккен дәрінің орнын сызғышпен өлшеп, тексерді. Егер ісіп тұрса қауіп бар деген белгі екен, ең қатты іскені менің қолым болып шықты. Қайта-қайта тексеру басталды. Ауылдың дәрігері Темір ағай әжемнің жағдайын біледі. «Мына баланы кемпір мен шалдың үйінен алып кетпесе болмайды», – депті. Ауру жұғады деп ашып айтпайды, бірақ дәрігердің «контактный» деген жазуы бар бір қағаздары жүр, қолымызда. Әкемнің қарындастары да мені қарашаңырақтан алыстатуға үгіттеді. Болмады. Ең қымбат адамымның қасынан ешқайда кетпейтінімді түсінді.
Әжеммен, әкеммен (атаммен) бірге болсам болды, маған басқа ештеңе қызық емес-ті. Өз әке-шешем де іштерінен тынып, қанша қиналса да, күшке салып жұлқылап әкеткен жоқ, тәуекел еткен шығар.
Мен сол әжеммен одан кейін де ондаған жылға жуық бірге тұрдым. Атам қайтқан соң ауладағы екі үйдің малын, жанын біріктіріп, бір үй болдық. Тамаққа отырсақ әжемнің кесесінен шай ішіп, қасығымен тамақ жеймін. Ол кезде, ересек болып, ой-санам өсіп қалған. Көңіліне алып, өзін бөлек сезінбесін деп әдейі істеймін. Аллаға шүкір, сол дерт бізге жұға қоймады. Дәрігерлердің өздері сенбей мені қайта-қайта апарып «дем ал, дем алма» дейтін құрылғыларына түсіре береді. Өкпеге өкпе жоқ, тап-таза болып шықты.
Кешегі коронавирустың кезінде де жұрттың ортасында жүрдік, талайлар алқынып, қиналып жатқанда «алтын тәж» киген ауру да айналып өтті, бізді. Мен айтпағымда ауру адаммен бірге тұра беруді дұрыс демеймін, бірақ өз басым бала кезімде қауіп-қатер, ауру-сырқау дегенді ұққан емеспін.
Тіпті, ашық жұғатын өкпе ауруы вирустарының маған неге дарымай қалғаны дәрігерлерге де жұмбақ болды, сол кезде. Оның ең басты себебі, әже мен немере арасындағы жүрек қылына байланған сүйіспеншілік болса керек.
Арада қанша жыл өтті. Бірде жол түсіп Жалағаштан Қармақшыға қарай өтетін теміржолдан түсе бергенде жүрегім шым ете қалды. Баяғы аурухананың орны теп-тегіс, бұзылып кетіпті.
Бір сәтте уақыт кері айналып, өзім бала бейнесіне еніп, ауруханада жатқан әжеме жүгіріп баратын жандаймын, қолымда мүжілген нан…
Соңғы бір күндері жеңіл-желпі дерт айналдырып, оған өзім мән бермей сәл асқындырып алсам керек. Күн-түні ұйқым қашып, ауруханада жатсам, екі күн қатарынан түсіме әжем кірді.
Мен ауырсам әжем ұйықтамайтын…
Мұхтар НИЯЗОВ,
айтыскер ақын,
үш дүркін
«Алтын домбыра» сыйлығының иегері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<