1911 – 2019 аралығындағы доңыз жылында есте қалған оқиғалар

433

0

1911 – 2019 аралығындағы доңыз жылында есте қалған оқиғаларДоңыз – жыл қайырудың соңғы жылы. Кейбір түркі елдері, сондай-ақ Қазақстанның кейбір жерлері, мұны «Қара киік жылы» деп те атайды. Бұл жылды халық пəле-жала көп болады деп жақсы атамаса да, көбіне ол тарихта өте жайлы, тыныш жыл болған. Мәселен, қазақ-жоңғар соғысындағы үлкен жеңіс 1729 доңыз жылы болды, деп жазады altaynews.kz.
Сонымен, доңыз жылы қазақ үшін қандай жыл? Тарихи шегініс жасап, осы жылдардағы оқиғаларға қысқаша шолу жасап көрелік.
1911 жылы 4 қаңтарда Алматыда (ол кезде Верный) магнитудасы 10 балдық жер сілкінісі болған. 452 адам қаза тауып, 740 адам зардап шеккен. 1094 үй қираған.
Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» жинағы осы жылы Орынбор қаласында басылып шыққан.
1923 жылы еліміз Ресейдің құрамындағы автономды республика болып тұрды. Осы жылы болған ең маңызды оқиға – қазан айында республикада іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы декрет қабылданды. Лениннің ұлт саясаты кезінде қабылданған осы құжат, өкінішке қарай, Сталин келісімен екінші кезекке ығысып қалды. Дей тұрғанмен, осы жылдан бастап туу туралы куәлік, паспорт, білім туралы аттестат секілді құжаттар орыс тілімен қатар қазақ тілінде де толтырыла бастады.
1935 Келесі доңыз жылы – 1935 жылы елімізде колхоздастыру үрдісі толығымен аяқталды.
1947 жыл ақша реформасымен және карточкалық жүйенің жойылуымен тарихта қалды. Реформа кезінде командалық тәртіппен халықтың жалақысы көтеріліп, тауарлардың бағасы төмендетілді. КСРО ыдырағанша жалғасқан тауарлардың тапшылығы, яғни «дефицит ауруы» осы кезден бастау алды дейді экономист мамандар.
Дәл осы жылы өңірімізде Өскемен қорғасын-мырыш зауытының іске қосылғанын да атап өткен жөн.
1947 жылы Алексей Бодня атты қойшы ұшатын табақ көргенін айтқан. Бұл Қазақстан жеріндегі бөгде планеталықтар жайлы алғашқы қауесеттер шыққан жыл болды деуге болады.
1959 Бұл жылы «Теміртау қақтығысы» болды. Теміртаудағы құрылыста 25 мыңдай адам жұмыс істеген. 1957 жылы Теміртауға Болгариядан жұмысшылар келеді. Бұл жұмысшылар арнайы үйлерге орналасып, ас-ауқат жағынан да таршылық көрмеген. Ал, жергілікті жұмысшылар шатырларда, жертөлелерде жайғасқан болатын. 1959 жылғы 1 тамыз күні таңғы ас ішуге келген жұмысшыларды болгар жұмысшылары тамақтанып алғанша асханаға жібермей қойған. Содан соң құрылысшылар өз кезегіне шығудан бас тартады. Ашынған біреуі есік алдындағы квас құйылған бөшкенің құлпын жұлып алып, квас ішеді. Бұл қақтығыс тамыз айының 4 күні толықтай басылған.
1959 жылы елде міндетті сегізжылдық орташа білім беру жүйесі енгізілді. Халқымыздың сауаттылық деңгейі осы кезеңнен бастап жоғары қалпынан түскен емес.
1971 жылы 28 маусымда сол кездегі Өзбек Республикасына берілген оңтүстіктегі егістік және жайылымдық жерлердің бір бөлігі қайтадан Қазақстан тарабына қайтарылды.
1983 Өкінішке қарай, Қазақстан үшін қаралы жылдар қатарынан саналады. Осы жылы 30 тамызда Қазан қаласынан ұшып келген ТУ-134 ұшағы Алматы әуежайына жақындай бергенде құлап, бортта болған барлық 90 адам қаза тапты. Әуе кемесі диспетчердің қателігі салдарынан түн мезгілінде Долан тау шыңына соғылған.
1995 жыл ел тәуелсіздігінің төртінші жылы болатын. Осы жылы қазіргі қолданыстағы Ата заңымыз бүкілхалықтық референум негізінде қабылданды.
1995 жылы елде Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы атап өтілді.
«Хабар» телеарнасы жұмыс істей бастады. Ол Қазақ телевизиясы ақпараттық қызметінің негізінде құрылды.
2007 жылдың еншісіндегі Қазақстанның жетістігі – осы жылы ЕҚЫҰ төрағалығына толық қол жетті.
2007 жылдың сәуір айынан бастап елімізде казино, құмар ойындар орталықтары жаппай жабылып, ойынханалардың барлығы Қапшағай және Бурабай қалаларында шоғырланатын болды.
2007 жылы Алматыдағы Тәуелсіздік монументіндегі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алақан ізі бар қола кітапша қолды болды.
2019 Бұл жыл бүкіл Қазақ еліне өз жақсылығын ала келсін деген тілектеміз. Келе жатқан жаңа доңыз жылы құтты, берекелі болсын!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<