2020: Әлем қалай өзгерді?

2171

0

Тарих сахнасынан біртіндеп жылжып бара жатқан қазақ ұғымындағы кібісе жылда әлем қалай өзгерді? Оны америкалық Time журналы «адамзат тарихындағы ең нашар жыл» деп бағалап, мұқабасына «2020» деген санды қызыл бояумен сызған сурет жариялады.


• Ал әлеуметтік желі қолданушылар «бітпейтін сынақтар кезеңі» деп атады. Гордон басылымы коронавирус пандемиясы, локдаун, ұшақ апаттары мен террактілер, соңы дауға ұласқан сайлаулар болған жылды ұмыту мүмкін емес деп жазды.


• Алғашқы айда Австралиядағы орман өрттері жер жүзі халқын алаңдатты. Кей деректерге қарағанда, миллиондаған жануар, 34 адам өрт құрбаны болған. 19 млн гектар аумақ жанып кеткен.


• Жыл басында Тегераннан Киевке бет алған ұшақ апатынан 176 адам ажал құшты. Одан аты аңызға айналған баскетболшы Коби Брайанттың тікұшағы құзға соғып, спортшы мен қызы, борттағы 9 адам түгел мерт болды.


• Reuters 2020 жылдың 9 қаңтары күні Қытайдың Ухань қаласында белгісіз вирустық пневмониядан 61 жастағы ер адам қайтыс болғанын жазды. Бұл – COVID-19-дың ресми тіркелген алғашқы құрбаны еді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы жаңа вирус жайлы 2019 жылдың соңғы күнінде білді. Халықаралық ұйым айналдырған 2 айда асқан жылдамдықпен таралған ауруды 11 наурызда пандемия деп жариялады. 29 желтоқсандағы мәліметтерге қарағанда, әлемде 81 280 244 адам ауру жұқтырған, 1 773 445 адам қайтыс болған, 45 973012 емделіп шыққан.


• Пандемия әлем экономикасын шатқаяқтатып жіберді. Халықаралық Валюта қоры 1930 жылдардағы Ұлы дағдарыстан бері болмаған рецессия орын алуы мүмкін деп болжап отыр.


• 2020 жылдың 31 қаңтарында Ұлыбритания 47 жыл бойы мүше болған Еуропа одағынан ресми түрде шықты. Оның себебі – британдықтардың 51,9 проценті референдумда ЕО-дан шығуды қолдап дауыс берген.


• Беларусьте Президент сайлауы өткен 9 тамыздан бері сайлау қорытындысына қарсылық митингілері жалғасуда. Ресми мәліметтерге қарағанда 80,1 процент дауыспен А.Лукашенко жеңіске жеткен. Екінші орынды 10,1 процент дауыспен оппозиция өкілі Светлана Тихановская иеленді. Экзит полл нәтижесі ресми қорытындыға керіағар болып, оппозиция көшеге шықты. Беларусь билігі митингіні аяусыз басып-жаншыды, сайлау қорытындысын бұрмалады деп ойлайтын АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия, Латвия, Литва, Норвегия, Польша, Дания, Украина және Чехия Лукашенконың инаугурациясын мойындамады.


• Көршілес Қырғызстанда да 5 қазанда өткен Парламент сайлауының алдын ала қорытындысымен келіспейтіндер наразылыққа шығып, Президент аппараты мен Жогорку Кенеш отыратын ғимаратты басып алды. Кейіннен елдің үкіметі отставкаға кетті. Оппозицияның наразылық акциясынан кейін елде біраз өзгерістер болды. Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы Парламент сайлауының қорытындысын жарамсыз деп таныды. Президент Сооронбай Жээнбеков үндеу жасап, “Атқарушы билік органдарының заңды басшылары бекітіліп, ел заңдылық жолға түскен соң, Қырғыз Республикасының Президенті қызметінен кетуге дайынмын” деп мәлімдеді.


• Қыркүйек айында Таулы Қарабақта соғыс өрті бұрқ ете қалды. Әзербайжан мен Армения бір-бірін оқ атып бастады деп айыптап, ұрысқа танк, ауыр артиллерия және авиация кірісті. 44 күнге созылған соғыс Әзербайжан тарапының жеңісімен аяқталып, 10 қараша күні Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян және Ресей Президенті Владимир Путин Таулы Қарабақтағы атысты тоқтату жөніндегі үшжақты келісімге қол қойды.


• Өткен жылы әлем бірнеше террактіні бастан өткерді. Оның ішіндегі ең резонанс тудырғаны – Париж іргесіндегі Конфлан-Сент-Онорин колледжінің тарих профессоры Самюэль Патидің өлімі. Профессор сөз бостандығына арналған сабақ үстінде Мұхаммед пайғамбарға арналған карикатураны көрсеткені үшін өлтірілді. Күдікті – шешен ұлтының өкілі, мәскеулік 18 жасар Абдуллах Анзоров. Оның денесі желтоқсан айында Шешенстанға жеткізіліп, батырға көрсетілетін құрметпен жер қойнына тапсырылды. Ал колледж оқытушысының жерлеу рәсімінде Франция Президенті Эммануэль Макрон сөз сөйлеп, бұл жағдайға «ислам террактісі» деген баға беріп, профессордың ісін жалғастыру туралы айтты. Түркия Президенті Реджеп Ердоған, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров сияқты әлемдегі мұсылман мемлекеттерінің лидерлері Макронды айыптады.


• Өткен жылы АҚШ-та ең шулы сайлау өтті.
Дональд Трамп екінші мерзімге қала алмады. Ол сайлауға Республикалық партия атынан екінші мерзімге үміткер ретінде қатысты, ал басты қарсыласы Демократиялық партия атынан бұрынғы вице-президент және сенатор Джо Байден болды. Трамп өзінің жеңілісін мойындамады және қарсыласын сайлауды бұрмалады деп айыптады. Калифорниядағы 55 сайлаушының ресми дауыс беруінен кейін Джо Байден 1 айдан астам уақыт өткен соң ресми түрде Құрама Штаттардың 46-Президенті атанды.


Міне, 2020 жыл әлемде осындай саяси һәм күрделі оқиғалармен тарихқа өтіп барады. Алдағы жыл апатсыз, атыс-шабыссыз, пандемияны еңсерген кезең болғай!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<