Ағайынды велошабандоздар

642

0

Ағайынды велошабандоздар Таспадай тартылған тас жолдағы тартысты бәсеке – велоспортты талай адам қызыға көреді. Әбжіл қимылды, ерекше ептілікті, қажымас қайрат пен жасымас жігерді қажет еткен дүбірлі доданың бұл түрін тамашалап, олардың қатарында сайысқа түсіп жатқан қазақстандық саңлақтарды көргенде оларға тілеулес көңілмен қараймыз. 

Шүкір делік, біздің елі­мізден әлемдік деңгейде жүлдегер атанған жампоздар шоғыры біраз. Кезінде велосипедті шыр көбелек айналдырған шеберіміз Марат Саты­балдиев вело­трек­тен әлем чемпионы атан­ғанын Сыр бойындағы дүйім жұрт әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Сол саңлақтың салған сара жолын лайықты жалғастыра білген Берік Көпешов те Азия чемпионы атағына ие болды. Толайым табысқа кенелген жерлестеріміз олармен ғана шектелмейді. Жарасымды дәстүр қазір де жалғасып келеді. Олардың қатарында ағайынды велошабандоздар Мәди мен Ғабиден Әзен бар.

Қос саңлақ спорттың аталған түрін бала жасы­нан жанына серік етті. Алдымен оған Мәди қадам басқан болатын. Кәдімгі велосипедтен өз­геше «темір тұлпарды» тізгіндеу жас өренге оңайға соға қойған жоқ. Бұл сәтте оған бапкерлері ақыл-кеңесін айтты. Тынбай тер төгу арқылы толайым табысқа қол жеткізуге болатынын ұқтырды. Өзі теледидардан жиі көретін атақты велошабандоздар секілді биікке ұмтылуды алдына мақсат етті. Мәдиді велоспорт өзіне баурай түсті. Көп ұзамай алғашқы табысына қол жеткізді. Бұл жетістігі өзіне қанат бітірген секілді. Өзіне тиесілі техниканың қыр-сырына қанығып, алға қарай ұмтыла түсті. Таудай талабы бар талантты ұлан осылайша өзіне тән сайыс түрін таңдады.

Мәдимен бірге вело­спорт мектебіне інісі Ға­биден де жиі келетін. Онда балалардың ты­ным­сыз тер төгіп, жол үстінде жарыс көрігін қыздырып жататынын кө­ретін. Осылайша Ғаби­деннің де велоспортқа қы­зығушылығы оянды. Аға­­­сымен бірге күнделікті жат­тығудан қал­майтын болды.

– Содан бері көп жылдар өтті. Велоспорт оңай сайыс­тың түрі емес. Талай қиналдық, оған мойыған жоқпыз. Алға қарай мақ­сатты түрде қадам басу – біздің басты талабымыз. Қазіргі кезеңде ағам Мәди екеуіміз Қазақстан атынан сан алуан жарыста бақ сынап, ел мерейін тасытқан нәтижелерге қол жеткіздік. Мен Азия құрлығында чем­пион атандым, ел бірін­ші­лі­гінде бірнеше мәрте топ жардым, басқа да халықаралық жарыстарда алдыңғы лектен көріндім. Мәди де сондай зор табыстарға кенелді. Әкем Әміржан, анам – Ғалия, бауырларым бізге әр­дайым тілеулес. Айта кетейін, біздің елімізде велоспортқа ерекше мән беріліп келеді. Қазіргі таңда әлемдік деңгейде тас жол үстіндегі тартысты бәсе­кеде топ жарып жүрген саңлақтардың көп болуы – соның бір айғағы, – дейді Ғабиден.

Бүгінде аға­йынды  велошабандоздар алдағы дү­бірлі додаларға дайын­дығын пы­сықтап жүр. Олар толайым табыстарға қол жеткізуге бар күшін салып келеді.

 

Әділет ТАЛАПТАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<