Әнге айналған әйгілі есім

1267

1

Композитор Кеңес Дүйсекеевтің тұлғасы мен шығармасы хақында

Әр жүректің тылсым тереңінен сыр тартқан Кеңес Дүйсекеевтің әсем әуендері қазақ ән өнерінің көрмесінде жауһардай жарқырап тұр. Оның аяулы ел сүйген есімі шырқау биікке шығып алған. Ол бұл биікке, әрине, «те­мір етігі тебендей» бол­ған ұзақ-сонар жолмен жү­ріп жетті. Әкесінен бес жа­сында айырылды. Ол бір су­реті жоқ заман еді, мүм­кін, үлкен кісілердің ақырда сұрауы болады деп суретке түспейтіндігінен шығар, сон­дықтан бала Кеңес те, дара Кеңес те асыл адам бей­несінің қандай екенін елестете алмайды.

«Балам, сен Жалаңтөс баһадүрдің те­гіненсің» деген сөздері ға­на еміс-еміс есіне түседі. Жа­уына жалаң шапқан Жа­лаңтөс қазаққа бақытты өмір орнатамын деп алыс­қан алып баһадүр екен, қал­мақтың Батур деген ханын жер қылып жеңіпті. Соны білгенде кеудесін бір рух көтеріп әкетіп, сол бір рух күші көкірегінде домбыра үні болып, бүкіл болмысын тербетіп жататын. Осы жер­де еске түседі, бір жыл­да­ры, кеңестік дәуірде «Дом­быра» деген ән жазғаны үшін үш әріптің адамдары «ұлт­шылдар» деп айып тағып ақын Шөмішбай екеуінің со­ңына шырақ алып түскен екен.

Шынында Кеңес Дүйсе­кеев­тің музыкаға әуестігі дом­бырадан басталыпты. Ол Алматыдағы мектеп-ин­тернатта оқыған. Оқушы ке­зінде-ақ алғашқы ән-күйлерін шығара бастапты. Мұны бай­қаған әр ортамен қарым-қатысы бар Рахатдин дейтін ағасы мектепті бітіретін ке­зінде Қазақстан ғылымдар академиясында қызмет ете­тін Ахмет Жұбановқа ертіп апарыпты. Атақты компо­зитор қара домбыраны аңы­ратып отырған қарадо­ма­лақты көріп, оның бүгінін емес, ертеңін ойлаған болу керек. Баланы тыңдап бол­ғасын, сыртқа шығарып жі­беріп, ағасымен оңаша сөй­лесіпті. «Мұндай қабілетті ба­ланың жақсы білім алуы керек. Сондықтан, алдымен му­зыкалық училищеде, сосын консерваторияның дайындық курсында оқысын. Сонда ғана білімі толық болады», – депті. Ахаңның ақылымен талапкер Кеңес училищеде бес жыл, консерваторияда бес жыл, он жыл бойы музыкалық білім алыпты. Училищеде Қазақ КСР Халық артисі, профессор А.В.Бычковтан дәріс алып, консерваторияда қазақ эпос­тарына опера жазған атақты Е.Г.Брусиловский, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының ие­гері Л.Хамиди, КСРО Ха­лық артисі Ғ.Жұбанова секілді өнер ғұламаларының шәкірті атанған.

Ахмет Жұбанов шынында данагөй кісі екен, сол Кеңес Дүйсекеев талантына қоса терең білімді музыка маманы болып шықты. Өз тұстастары – Сейдолла Бәйтереков, Жолан Дәстенов, Тілес Қажығалиев секілді атақтылар арасында Дүйсекеевтің дақпырты ерек­ше тарады. Ол қазақ эст­ра­да ән жанрына түреннен жол салып, жаңалық алып келген композитор болды. Нақтырақ айтсақ, әлемдік эстрада иіріміне ұлттық ән-күй­лердегі екпін мен сарын­ды сыналап қағып, діңі мық­ты дүние жасай білді. «Қа­ракөзайым», «Домбыра ту­­ралы баллада», «Сәлем са­ған, туған ел!», «Өкінбе сен» секілді алғашқы әндерімен-ақ мамандардың мақтауын естіп, тыңдарманының ыс­тық ықыласына бөленді. Бұл әндерді Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева секілді белгілі эстрада әншілері орын­дады, тіпті осы әндер ар­қылы олардың таланты жар­қырай көрінді.

Ол кезде бүгінгідей ән жазған екінің бірі компо­зи­торлар одағына мүше бола алмайтыны былай тұр­сын, сол одақтың есігінен де сығаламайтын. Кеңес Дүй­секеев отыз жасында КСРО Композиторлар ода­ғы­ның мүшесі атанған. Одаққа мү­ше­лікке өтетін шығар­ма­шы­лық адамының арнайы бі­ліміне қоса классикалық жанрларда жазған бірнеше үлкен шығармасы болуы тиіс, заңдылық солай. Оны Мәс­кеуге жібереді, олар шы­ғарманы оркестрлерге са­лып орындатады. Мүйізі қара­ғай­дай мамандар басын қос қолдап ұстап отырып тыңдап, авторды одаққа аламыз ба, жоқ па деген мәселені тал­қылайды. Дүйсекеев осы сын­нан сүрінбей өткен ғой, сонда оның жүз жиырмадай музыканты бар оркестрдің үлкен құрамына арнап жазған симфониясын орыс музыка өнерінің өкілдері еріксіз ма­құлдапты.

Ахмет Жұбанов айтқандай, білімінің толық болғаны емес пе, Дүйсекеевтің аты дү­йім әлемге танылды. Бә­рін тіз­белемей, бір-екі мы­сал келтірсек те жетеді. Бе­ль­гияның астанасы Брюс­сельде орын­далған «Токката» дейтін фортепианоға арналған шығар­масына сол жердегі бі­раз кісі «біз естімеген Шо­пеннің шы­ғармасы емес пе екен» деп таңғалған ғой. Әрине, Шопендікі емес екенін біледі, бәлкім, қазаққа қимай отыр, бірақ, таланттың тас жара­тынын мойындамасқа не шара.

Дүйсекеев шығармалары Еуропаның бірнеше мемле­кетінде өткен конкурстарға қатысқан. «О, туған жер!» деп аталатын хорға арнал­ған акапеллалық шығар­ма­сы шетелдік музыка маман­дарының жоғары бағасын ие­ленген. Мұндай дүниелерді санамалай берсе көп, әрине.

Фортепианоға арналған «Нок­тюрн» аталатын тағы бір шығармасын Лондонға бі­лік­тілігін арттыру кур­сына барған Алматы кон­сер­ваториясының жас оқы­тушысы орындаған кезде, ағылшынның қасқабас про­фессоры: «Мына шығарма менің жастық шағымды есі­ме түсірді, өмірге деген құш­тарлығымды қайта оятты. Маған нотасын беріп кетесіз бе?» – деп сұрапты. «Мен мұ­ны жатқа ойнап едім, со­сын салып жіберейін», – депті жас қазақ. Осы бір ауыз диалогтан-ақ Кеңес Дүйсе­кеев шығармасының әсер ету қасиеті мен санаға сіңіп кететін шынайы маз­мұ­ны танылады.

Кеңес Дүйсекеев таланты­на адал, музыкаға серт бер­гендей қабілет иесі бол­ған. Өзінің бойындағы да­рыны мен эстетикалық көркем­ді­гінің биік дәрежесіне жету үшін жеке тірлігінің бәрін тәрк етіп, музыка музасымен ғана өмір сүрген. Жеңіл-жел­пілікті жек көрген, ұнат­па­ғанын бетке айтатын туа­бітті турашыл мінезімен де дараланған. Бір жылдары кон­­серваторияның шақыруы­мен ұстаздық етуге барып, студенттердің сабаққа қа­тыспайтынына ашуы келіп, ары­зын жазып қайта шы­ғып кетіпті. Анығында, ол өнер тазалығы үшін өмір бойы күресіп өткен ақи­қат­­­шыл тұлға болған. Да­рынды адамдардың ешкім­ге ұқсамайтын сондай си­­пат­тары болады. Сонымен бір­ге ба­тырдай аңғал, баладай таза жан дүниесі ше?!

Осы сөзімізді қазақтың талантты композиторы Рама­зан Таймановтың естелігімен толықтырайық.

«Мен 1985 жылы Алма­тыдағы Чайковский атын­да­­ғы музыкалық училищеге түс­тім. Кеңес ағамен сол кезде та­ныстым. Сонда ағамыз Қа­зақ телерадиосының эст­рада-сим­фониялық ор­кест­рі­нің көр­кем­дік жетек­шісі және бас дири­жері екен.

Студент кезімде жазған «Сен мені іздедің деп кі­нә­­лама» деп аталатын әнім бар еді. Кеңес аға сол әнімді тың­дап көріп, оркестр­ге қо­самыз деді. Әннің пар­ти­ту­расын жазып шық­тым. Бұл – әнді оркестрдегі әр ас­паптың үніне жеке-жеке қосу деген сөз. Шындығында, пар­титура жазуды Кеңес аға­дан үйрендім. Сол әнді оркестрмен әнші Бақыт Ша­даева орындаған еді. Осы­лайша, менің де атым ата­ла бастады. Дәл сол кезден бастап Кеңес ағаның туға­нындай болып кеттім. Ол мені жерлес есебінде ғана емес, өзімен үндес шәкірті есебінде көбірек жақсы көрді. Кейде шалт ашуы бар,  алайда, ағаның ашуы сон­шалықты жұмсақ, «шайы орамал кепкенше» дейтін ашу.

Жалпы, ол кісінің бойында ұлы адамдарға тән сирек мінездер жиі көрініс беретін. Ал, білімі жағынан терең. Дәулеткереймен дәуірлес, Құр­манғазымен қоныстас кі­сідей сөйлеп бергенде бы­лай дейтін ешкім жоқ. Сосын Гайдн, Моцарттарға қарай тар­тып кете береді. Сонша білімді бір бойына сый­ғызып, өзін озық санамай қа­тарымызда ойнап-күліп жү­ретін қарапайымдылығы да – бір даралығы».

Расында, жалпы тыңдар­ман Кеңес Дүйсекеевті тек ауызда жүрген әндердің ав­торы есебінде біледі, ал, оның көптеген классикалық жанр­дағы шығармалары бар. Бұл жөніндегі бір-екі мы­салды жоғарыда да атап өттік.

К.Дүйсекеев – «Толғау» симфониясының, «Жалаңтөс батыр» симфония поэма-кар­тинасының, «О, дүние!» кантатасының, «Жыл мезгіл­дері» романстар циклінің, «Мәди», «Аққу Жібек» мю­зиклінің, «Алдар көсе» опе­реттасының, симфония-кон­церттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық ор­кестрге арналған шығар­ма­лар, соната, рапсодия, ва­риа­циялар және екі жүзден астам әннің авторы. 

Дегенмен, тыңдарман үшін Кеңес аға – әр жанның се­зім күйіне оранған көркем ән­де­рімен қымбат. Бір ғана «Қарағым-ай» әнінің өзі – бая­ғының бәсімен құны қы­рық нарға жүк болатын жау­һар. Өткен жылы осы ән Димаш Құдайбергеннің орын­да­уын­­да күллі әлем тың­дарма­ны­на жол тартты. Соны тың­да­ғанда Кеңес ағаның әндері орын­даушысын тап­қан сайын түрленіп түлей тү­сетін, ғұмы­ры ғасырлық өлшемдерге сай туындылар екенін тағы бір мәрте мо­йындатты.

Осындай үлкен жүрек­ті адам туған жерін шексіз сү­йетін перзенттік махабат­тын әрдайым іспен дәлелдей білді. Аудан көлемінде қолға алынып, кейін тоқтап қалған Роза Бағланова атындағы «Ақмаңдайлым» әншілер кон­курсының облыстық дә­ре­­жеде өткізілуіне тіке­лей бастамашы болды. «Боз­тор­ғай», «Жасқанат» рес­пуб­ли­калық конкурста­рының қа­зылар алқасында отырып, қанша бұлақтың көзін аш­ты. Қостанайда балалар шы­ғармашылығына арналып өт­кізіліп жүрген «Алтын микрофон» байқауына ке­летін шетелдік қазыларға да өзі төрағалық жасады. Мұ­нысы басқалардан бір бас озық білімділігінің белгісі болатын.

2006 жылы Кеңес ағаның 60 жылдық мерейтойына орай Қызылордада облыстық мәдениет басқармасының үй­­лестірумен жастар шығар­ма­шылығын шыңдау, жас та­­ланттарды таныту мақса­тында «Туған жер» деп ата­латын композиторлар мен ән­шілер байқауы қолға алынды. Әуелі бес облыс арасында өткізілді. 2008 жылдан ол Кеңес Дүйсекеев атындағы  республикалық әншілер кон­курсы болып кеңейтілді. Осы байқаудан қаншама өнерлі жастың тұсауы кесілді. Шат­­тық Ешниязова, Ринат Үсенов, Саламат Әбутәліпов секілді Сыр елінің талантты жас әншілері әр жылдары байқаудың бас бәйгесін ие­ленді. «Туған жердің» беделі де, бәйгесі де «Жас қанат» байқауынан артып түсті. 

Осы мәселе төңірегінде көп жылдан бері мәдениет саласында қызмет етіп келе жатқан Жанат Құрамысова былай дейді: «2018 жылы «Ту­ған жер» әншілер кон­курсы 2020 жылдың сәуір айында халықаралық дәре­жеде өткізілетін болып ше­шілді. Осыған байланысты бар­лық ұйымдастыру жұ­мыс­­тары атқарылып, Қазақ­стан­нан басқа 9 мемлекет­тен қа­тысушылар келетін бо­лып қарбаласып жатқанда төтеннен киліккен пандемия жол кесті. Енді бұл дү­бірлі өнер тойы алдағы ке­зеңде қол­ға алынады деп үміт­тене­міз».

«Адамдар өмірге қонақ екен, шынымен бұл дүние шо­­лақ екен», – деп Кеңес аға­мыздың өзі сұлу әніне қос­қандай, өнердің өшпес есімі, аласармас тұлғасының ара­мыз­дан кеткеніне де бір жылдың жүзі болыпты. Са­ғынышқа толы осы бір жыл Дүйсекеев есімін тіпті асқақтатып жіберді, бұл – «тау алыстаған сайын биік­­тейді» деген тәмсілдің өмір­­шеңдігі.

Дүйсекеев шығармала­ры­­ның бесік жырынан бас­тап, бүкіл әлемнің тілінде сөй­лейтін күрделі дүние­лер­ге де­йінгі аралықтағы ас­қақ әуен­дер ансамблі екенін енді біздің зерттеуші ғалым­дарымыз та­лай еңбектеріне арқау қы­латын болады. Өйт­кені, дара дарын­ның өлмес өмірі басталды.

Асыл ағамыз, туған же­рінің туымы ерен тұлғасы, көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеев еңбегіне сай атаққа да кенде болмады. ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қа­зақ Ұлттық Өнер универ­ситетінің профессоры, «Құр­мет», «Парасат» орденде­рінің иегері, ҚР Тұңғыш Пре­зи­денті-Елбасының мәдениет саласы бойынша мемлекеттік стипендия иегері, Қазалы ау­данының құрметті азаматы атанды. Алайда, хас талант өлшемінің қолдан берілетін атақпен шектелмейтіні шын.Ақиқатында, Дүйсекеевке бе­рілген атақтардың ең үлкені – халықтың ықыласы мен сүйіспеншілігі.

Сондықтан да оның есі­мі әр күні аталады, әр сәт­те әнге айналады. Оны өмір­ден көшірген жазмыш кө­ңіл­ден өшіре алмайды. «Тір­ліктің талай гүлі солған­менен, тағ­дырдың талай мұ­ңы бол­ған­менен, өмірге келге­ніңе өкінбе сен» деп сұлу бей­несі күлімдеп тұрғандай. Осы бір сөзді ол бекер таңдады дейсіз бе, өзінен кейінгілерге жігер беретін жылы лебізім болсын дегені шығар, бәлкім.

Кеңес ағаның шығарма­ларында пәндәуи жеңіл мән кездеспейтінін сіз де бі­лесіз. Оның әуендерінен уақыт өт­кен сайын жарқырай бе­ретін жан иірімінің тере­ңін­дегі ін­жу-маржандай бір қым­бат дүниелер көз арбайды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<