Ағайынның тірлігі асармен бітетін еді…

1317

0

Ауылдағы  ағайын ауқымды жұмыс бастарда  «көпшілікпен бітетін іс» деп арқаны кеңге салады. Қандай іске болмасын, жұмыла кірісетін ынтымақтастыққа сенгендіктен шығар. Бала күнімізде «асар» сөзін жиі еститін едік. Үйдің үлкендері асарға баратын, көптің ісі асармен бітетін.

Бүгінде сол дәстүр ескіріп бара жатқандай. Бұл сөздің мағынасын қала тұрмақ, ауыл жастарынан сұрасаң, мардымды жауап беруі екіталай. Қазір көпшілік асарға бармайды, ақысын сұрайды. Сәл ертеректе қалай еді?

Асарға шақыратын адам күнін, қандай шаруа екенін алдын ала достарына, жақын ағайын-туыстарына, ауылдастарына ескертіп қоятын. Шөп ору, егін жинау, отын-су әкелу, арқан есіп, киіз басу, үй салу сынды шаруаларды бірігіп атқаратын. Бұл – сауапты іс. Көпшіліктің алғысын алады. Ағайын арасындағы ауызбіршілік артып, бауырмалдылық бекиді.  Көршінің өзі асарға шақырса, үйдегі тірлікке икемі бар, ес білген балаға дейін сол үйдің шаруасына кірсетін. Үлкеннің батасын алып, басынан сипағанына мәз болатын. Осылайша, жас балалар ауылдағы  ағайынға көмек қолын созып, күйбең тіршілік пен қайырымды істің дәмін татып өсетін.

Асарға шақырған адамда да үлкен жауапкершілік болады. Қолғабыс еткендерді күтіп, дәмді ас-суын алдына тосып, құрметтейтін. Осыны көріп өскен балалар бұл дәстүрдің қыр-сырына әбден қанығады. Олар да аға-көкелері секілді асарға барғанша асығатын. Бұл істі мәртебе санайтын. Ал, қазір ше? Ауылдың өзінде көршісімен араласпай, өзімен-өзі күй кешіп жатқандар жетерлік. Бірінің есігінен бірі қарамайды. Шаруа жайымен келгенге қырық сылтау айтып, біреудің ісіне аяқ баспайды. Ең дұрысы ақы сұрайды деген жөн-ау…

Әжем үнемі айтып отыратын мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Атам соғыс ардагері болған. Елге келгеннен кейін омарташылықты кәсіп етіпті. Шаруасы оңалған соң қоржын тамның орнына үлкен үй салуға ниеттеніпті. Іргетасын құйып, материалын түгендеп жүргенде соғыс­та алған жарақаты асқынып, өмірден өтеді. Әжем шиеттей бала-шағамен қалады. Сонда ауылдың үлкен бір ақсақалы «жолдасың кетіп, мына үй аяқсыз қалатын болды ғой. Сенің шамаң келе қоймас» деген көрінеді. Әжем намысқа тырысып, «осы үйге кіріп, сізді асқа шақырамын» депті. Содан әжеме ағайын-туысы, көрші-қолаңы мен ауылдастары, буыны қатаймаған балаларына дейін  қолғабыс етіп, үлкен үйді асарлатып аяқтайды.  Биыл сол үйге 45 жыл. Әлі де сүйегі мықты. Әжем «Бұл асармен біткен үй. Жақындарымның көмек қолы арқасында салынды. Әйтпесе, менің даңғазадай үй салуға шамам қайда?» деп отырушы еді.

Сол тұста ауылдағылардың көбі қоржын үйлерде тұрған. Кейін бәрі де асарлатып үй салды. Сол асармен салған үйде әлі де  тұрып жатыр. Айтпақшы, әкем асарға баратын күні анам керзі етігін  майлап қоюшы еді. Сол етік майланбағалы қашшан? Сарайдың бұрышында шаң басып тұр. Әкем әрлі-берлі өткен сайын «бұл да тозып барады» деп басын шайқайды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<