Агрохимия саласының білгірі

822

0

Жарты ғасырдан астам ғұмырын агросаланы дамытуға арнаған ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Хасый Жамантікұлы 80 жасқа толды. Ғалымның мерейлі жасына орай Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында конференция өтті.

Жиында агрохимиктің әріптестері мен шәкірттері оның топырақтану ғылымындағы  қолтаңбасын айрықша атап өтті.

– Хасый Жамантікұлының ең елеулі жетістіктерінің бірі – фосфор тыңайтқыштарын қолдану жөніндегі еңбектері. Кандидаттық, докторлық диссертациялары да соған арналған. Бұл кісінің тағы бір үлкен жетістігі – Аралдың құрғаған табынына тұзға төзімді шөп түрлерін өсіру. Ғалым халықаралық жобаға қатысып, бірнеше жыл сол жақта экспедицияда болып, үлкен жетістіктерге жетті, – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Құрманбек Бәкірұлы.

Топырақты тұздандырмаудың тиімді тәсілін тауып, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеген Хасый Жамантікұлының тәжірибесін Сыр диқандары кеңінен қолданып жүр. Қаратау фосфоритінен алынатын жаңа тыңайтқыштарды күріш дақылына қолдану арқылы өнімділігін арттыруға қол жеткізді. Сонымен қатар, Израиль, Германия ғалымдарымен бірге Арал теңізінің құрғаған тұзды табанын өсімдік жамылғысымен жабу технологиясын әзірледі. Зерттеу тәжірибесінің негізінде үш томдық кітабы басылып шықты.

Конференцияға арнайы келген Алматы Инновациялық зерттеулер мен технологиялар институтының директоры Қажымұқан Арынов  мерейтой иесінің ғылымға берілгендігі, қажырлылығы, еңбекқорлығын айрықша атап өтті.

– Әсіресе ғалымның тұрақтылығы, заман ауысып жатса да, өз таңдаған сүйікті ісіне берілгендігі қайран қалдырады. Фосфор тыңайтқыштарын күріш егуде қолдануды, топыраққа, қоршаған ортаға әсерін терең зерттеген. Дүниежүзілік жаңа бағытты, жаңа лепті сезініп, соған қарай бет бұрып, күріштің қалдығынан компосттар алып, соны қолданып, шөлейттенген өлкені қалпына келтіру, көгалдандыру істеріне үлкен үлес қосып жүр, – деді Қ.Арынов.

Ғалым Х.Жамантікұлы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титутында 52 жыл табан аудармай еңбек етті. 1969 жылдан аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі, агрохимия бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Қазір институттың «Агротехнология, мелиорация жəне топырақтану» бөлімінің бас ғылыми қызметкері.

– Мен 140 ғылыми еңбек жаздым. Олар әлемнің 15 елінде жарық көрді. Қызылорда топырағы тұзданғаннан кейін өнімділікті қалай арттырамыз деген үлкен мәселе болды. Сол жолды тапқан болдым. Ғылыми жұмыстың түйіні – органикалық егіншілік. Бұл дегеніміз – топырақ құнарлылығының сапасы мен мөлшерінің жергілікті климаттың небір құбылысына шынығып, тұрақты қалыптасуы арқылы оны түрлі өзгерістерге қарсылық жасайтын жағдайға жеткізетін жаңа жүйе. Бұл – дүниежүзілік стратегия. Оған Қазақстан да қосылды, – дейді ғалымның өзі.

Шара барыснда ғалымға ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі табыс­талды.

Жанболат ӨМІРЗАҚ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<