Жердегі тіршілікке айдың ықпалы мол. Ол жыл сайын қашықтап тұрады. Жерге жақындағанда ірі су апаттары тіркеліп, ғайып болған жағдайда теңіздер мен мұхиттар буырқана тасиды екен.
Оның магниттік өрісі адамдарға әсер ететіндігі ежелден белгілі. Айдың осы бір ғажайып қасиетін ежелгі философтар мен ойшылдар айтып кеткен. Олар жарықтың тірі және өлі табиғатқа қалай байланысатынын зерттеп, астрономия, астрология және жаратылыстану ғылымдарының қалыптасуына себеп болған.
Ай – қазақы түсінікте тіршілік цикліне байланысты атқарылған ғұрыптар мен наным-сенімдер жүйесінде ерекше орны мен мәні бар және қазақтың исламға дейінгі байырғы дүниетанымындағы киелі рух иесі ретінде мінәжат етілген аспан денесі. «Ай көрдім, аман көрдім» деген сөз тіркесінде көрініс тапқан айға тәу ету осыған байланысты орын алған ежелгі наным-сенім. Айға сәлем беру үрдісі туралы әйгілі ғалым Ш.Уәлиханов өз еңбегінде: «Ертеде қазақтар жаңа туған айға тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжат еткен. Жаздыгүні тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастаған», – деп жазды. Мұның мәні – әулетім оттай қаулап өсе берсін, бәле-жаладан аман болайық дегенді білдіреді. Сондай-ақ, айға қарап «жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке!» деген сенім қалыптасқан. Халық тіліндегі «Ай қорғалау», «Ай желіну», «Ай тұтылу», «Ай қарақшысы», «Ай арасы», «Толас болу», «Туар ай», «Туар айдың жаңасы» сияқты айға байланысты қолданылатын тіркестер мифологиялық сенім негізінде қалыптасты. Жаңа туған ай мен толған айды құрметтеу нышаны кейбір ұғымдарда көрініс береді. Сондай-ақ, ай – сұлулықтың символы. Дәстүр бойынша нәрестенің немесе сұлу қыздың жүздерін толған айға балап айту – ең көп кездесетін дәстүрлі теңеу.
Айға байланысты түрлі ырымдар халық ішінде бүгінгі күнге дейін сақталған. Мәселен, күн батқаннан кейін айлы түнде үйден сыртқа сүт алып шығуға болмайды. Егер бұл тыйымды амалсыз бұзуға тура келсе, онда сүт құйылған ыдыстың бетін ай сәулесі түспейтіндей етіп, көлегейлеп жабу керек. Бұл шарт орындалмай, сүтке ай сәулесі түссе, малдың желіні ісіп кетеді. Сөйтіп, ауруға шалдығады деп сенген. Айды қолыңмен көрсетпе, ай сәулесін бетіңе түсірме, ай толғанда көшпе, қыз ұзатпа, үй тікпе деген тыйымдар осы аспан денесіне қатысты өрбіген әдет-ғұрыптардың күрделі болмысын айғақтайды.
Ежелгі жұрт толған айдың сәулесі басы ауыратын, сақинасы бар адамдарға әсер етеді деп тұжырымдаған. Ай толған кезде жалаңбас далаға шығуға, сыртта ұйықтауға, айға ұзақ қарауға, жас нәрестенің бетіне оның сәулесін түсіруге болмайды деп сенген.
Мұндай мифологиялық түсінік бойынша ай тек адамға ғана емес, төрт түлік малға да әсер етеді деп есептелінген. Тіршіліктің түпқазығы төрт түлік малдың тұяғы мен мүйізін табиғаттың өзге құбылыстарына емес, тек айға ғана теңеуі – халықтың оны ерекше құрмет тұтқандығының белгісі. Ай жаңарғанда теміреткі, жара, қышыма тәрізді кейбір тері аурулары да жаңаратынын халық аңғарған.
Дайындаған
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<