Айтматовты таңырқатқан азамат

2265

0

Қырғыз жазушысы, адамзаттың Айтматовының даңқы дүркіреп тұрған кез. Жата-жастанып іздеп жүріп кітап оқитын кезіміз. «Қоғалыдағы» ауылда мектепте аға вожатыймын. Педучилищені бітірген соң үш жылдай уақытым ауылда өтті. Қазір бар-жоғын білмеймін, ол кезде мектепте бай кітапхана болатын. Әйтеуір айына бір кітапты оқып-тауысу мұрат. Алғаш рет Сансызбай Сарғасбаевтың пионерлер өмірінен жазылған «Достар» атты шағын кітабын оқығаным есімде. Қолтығымнан «Вожатый кітабы» деген оқулық түспейді. Директорымыз Мүсілім деген ағай пионер жұмысынан тапсырманы үйіп-төгіп береді. Әйтеуір тынымсыз уақыт. Мойнымда қызыл галстук. Пионерлермен дружина кеңесін жиі өткіземін. Мерекелер жақындағанда пионерлерге өлең-жыр, арнаулар үйретемін. Мектепке ерте барып, кешке сүріне үйге келемін.

Уақыт өтіп жатыр. Жоғары бі­лім алсам деген арман бар. Бір-екі жылдай институттың тарих фа­культетіне емтихан тапсырып едім, конкурстан өтпей, бағым жанбады. Ендігі арман – КазГУ. Алматыға барсам, оқысам деймін. Әкемнің қартайып, анамның дүние салғаны маған қолбайлау болды. Білім алуды ұмытып, жалақы мен отбасын асыраудың күйбең тірлігі жалғаса берді. Ермек – қол босаса, кітап оқу. Жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың «Мың бір түн» аудармасын бүкіл ауыл қолдан-қолға тигізбей оқып жат­қан кез. Алуаддин деген ағамыз кітапқұмар еді, «Абай жолын» отырған жерде жатқа соғады. «Мың бір түнді» Әлекең алдымен оқыды, сонан соң маған берді. «Ей, ұлы бақытты патшам» деп басталатын «Мың бір түнді» күнде кезектесіп отбасымызда оқи бастаймыз. «Ботакөз» рома­нын, «Сұлушаш» поэмасын оқу осы кезде басталды. Содан М.Иман­жановтың мұғалімдер өмірінен жазылған «Алғашқы айларын»  оқу керек деген жоғарғы жақтан тапсырма болды. Енді соны оқу­ға шықтық. Келген өкілдер «Ал­ғашқы айлардан» емтихан алып, әбігерге түсіреді. Бір ағамыз «кі­таптағы кейіпкер Жақыпбек өзі­міздей мұғалім ғой» деп жауап берген еді.

Уақыт, шіркін, әмірін жүргізеді ғой. Біз ауылда жүргенде Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесінің даңқы жер-жерде дүркіреп шығып жатты. «Жәмиланы» тамылжытып аударған жерлесіміз Қалжан Нұр­махановқа таңырқаймыз. Ұлы Мұх­тар Әуезов жазушының дү­ниесіне тәнті болып, француз жа­зушысы Луи Арагонға хат жол­даған хабарын естідік. Содан «Жәмила» повесінің атағы одан сайын көтеріліп кетті. Махаббат дастаны атанған бұл кітапты да сүйсіне оқыдық.

Енді сол «Жәмиланы» жазған Айтматовты көрсек дейміз. Асы­лы, арман қиялға қонса жеткізеді екен.

1964 жыл. Желтоқсан айы еді. Болашақ Жоғарғы Кеңестің де­путаты Шыңғыс Айтматов Мәс­кеуден келе жатып, досы Қал­тайдың отаны – Қызылордаға аялдады. Бірден Қалтайдың ана­сы Шәрипаға сәлем беруді мұрат тұтып, Қастайдың туған ағасы Әбидің үйіне келді. Қаз-қатар аға­йындар жиналды. Ортада Қал­тай аға әзіл-қалжыңды тө­гілт­кен сайын жұрт күлкіге қарық бо­лып қалды. Әби аға сол жылы мұрт пен сақал қойып еді, Қа­ле­кең ағасына қарап: «Әбеке, сақа­лыңызды сыпырғының басы­на ұқ­сатып қойыпсыз!» деп кө­­рімдікке мына сақалыңызға сти­­пендия деп бір уыс ақша ұс­татты. Әнуар дейтін ағамыз «мен де сақал қойған едім деп» ол да стипендияға қарқ болып қалды. Шыңғыс аға әзілдерге таңырқап күлкіден езуін жия алмай отыр­ды. Түс ауа жазушы  «Сыр бойы» газетінде кездесу өткізді. Кез­десуге Асқар ақын қатысты. Әңгіме-дүкен қызды. Айтматов жазушылық өмірі, балалық шағы, Қалтаймен құрдас-дос екенін тол­ғаныспен айтты. Екеуінің де әкесі «Халық жауы» болып аты­лып кеткен, екеуін ажырамас дос еткен тағдырды көзінен жас төгілте баяндады. Кешкілік Әби ағаның үйінде басқосу одан әрі жалғасты. Бұл жолы Шыңғыс Айтматов Сырдың біртуар пер­зенті Аралбай Махамбетовпен өзара әңгіме-дүкен құрудан қолы босамады. Ә дегеннен ықыласы ауған жазушы Арекеңді бауырына тартып, «сусынымды қандырдың ғой» дегенде шынайы лебіз одан әрі ақтарыла берді. Шыңғыс Қалтайға бұрылып:

– Арекеңдей туысың, бөлең барын баяғыдан бері маған қа­лай айтпадың? Бұл бір тұнып тұр­ған білімдар азамат қой, мына Аралбай. Партия қызметкер­ле­рінің білімдарлығын бірінші рет көруім, – деп көзін айырмады, та­ңырқады.

– Бүгін сәті түсті, Шыңғыс! – деді Қалекең. – Енді Аралбаймен жиі кез­дестіруді мойныма аламын.

– Солай ет, шоң Қалтай!

Содан әрі қарай әңгіме өрбіді. Арекең шығыс, батыс әдебиетінен сөз қозғады. Су төгілмес Арекең Шыңғыс дүниелерін електен өт­кізіп тастады. «Жәмила», «Ақ кеме», «Қош бол, Гүлсары», тағы басқа туындыларын жатқа соқты. Сәлден соң «Манас» жырын алғаш жазбаға түсірген Шоқан, «Манасты» даудан арашалаған Ұлы Мұхаңа-Мұхтар Әуезовке қарай ойысты. Шоқан 1856 жы­лы «Жоңғар очерктерінде» «Ма­насқа» айрықша тоқталған. Жыр құдіретін орыс ғалымдары В.Радлов, Г.Потанин де мойын­даған. «Манас» эпосы үш бөлім­нен тұрады. Біріншісі – Манас, екіншісі – Семетей, үшіншісі – Сейтек ғой. Әлем әдебиеті Абай, Манас арқылы екі елді – қазақ пен қырғызды таныды ғой.

– Шыңғыс аға! – деді Аралбай. – Жыраулар «Манас» жырын алты ай бойы жырлағанда таусылмаған. «Ма­нас» эпосын М.Әуезов 30 жыл бойы зерттеп, құнды ой-пікір жазғаны есіңізде ме, Шыңғыс Тө­реқұлович! Бұдан хабарыңыз бар болар. Бұдан әрі тарихшы, фи­ло­софтардың көзқарастарын қаз-қалпында тоғытты. Шыңғыс Аре­кеңді құшағына қысты. Сырдың мұндай шоң азаматын бірінші рет көруім, мені таңырқатты.

Ертеңіне Қы­зылорда вокза­лы­нан Шыңғыс Айт­матовты Біш­кекке аттандыру сә­тінде тағы да Арекең болды. Шың­ғыс құшағын ажыратпай, қимай қоштасқаны әлі күні кеше­гідей елестейді.

Ұлы жазушы сол бір кездесуден соң 1966 жылы Ыстықкөлдегі қыр­ғыз жазушыларының құрыл­тайында Қалтай-Арекеңмен екін­ші рет кездесті. Бұл жолы да Аре­­кеңнің бай білімдарлығына адам­заттың Айтматовы тағы да та­ңырқап, тамсанып, отбасына ша­­қырды. Отбасында әңгіме қыз­ды.

1967 жылы Қызылорда теат­рында драматург Қалтай Мұха­мед­жановтың «Жат елде» спек­таклі қойылатын болды. Осы қо­йылымнан соң Аралбайдың от­басында Қалтай аға бүкіл туыс­тарымен бас қосты. Кең жа­йылған дастарханға, Арекеңнің бай кітапханасына зер салған Шыңғыс аға бас иіп, тағзым етті. Арекең бұл жолы да Айтматовты мұхиттай білімдарлығымен тағы да тәнті етті. Бұдан соң Қалтайдың 50 жылдық мерейтойында Аре­кеңмен кездесіп, ұзақ сыр ағыт­қаны бар.

1972 жылдың қоңыр күзі. «Москва» қонақ үйінде Қалтайдың «Фудзиямадағы кездесу» спек­так­лі «Современник» театрында қо­йылатын болды. Осынау талқылау жиында Мәскеу режиссері Галина Волчекті таңырқата ой-пікір біл­дірген Аралбай аға болды. Шың­ғыс аға орнынан тұрып, спек­такльдің бүкіл болмысына кәнігі сыншыдай ой бөліскен Аралбайды құшағынан босатпай тұрғанда, көп­шілік қол соғып тұрып алғаны бар.

Адамзаттың Айтматовы Арал­байды дүниеден өткенше аузынан тастамай өтті. Әр телефонмен ха­барласқан сайын Аралбай Ма­хамбетовты сұраумен болды. «Ха­лі қалай, шоң азаматтың? Сыр­қатынан жазылар түрі бар ма?».

1973 жылдың жазында Шың­ғыс аға Арекеңді Бішкекте қуана қарсы алды. Бұл жолы Тоқмақ ауданындағы дұнған емшісіне өзі бас болып, Арекеңді емдетті. Бі­рақ тура келген сырқаттан айығу мүмкін болмады. Арекең туған жерге оралып, айықпас сырқатпен арпалысты. Сүйікті жарына, ба­уырларына қоштасу өсиет-хатын жазумен болды. Ажалды жеңе алмай, көп ұзамай пәни дүниеге аттанып жүре берді.

Бұл суыт хабарды естіген бой­да адамзаттың Айтматовы Ма­хамбетовтердің ұлдарына: «Шоң азамат болыңдар, әкелеріңдей болыңдар, еңбек етіңдер, өмір­ді әкелеріңдей сүйіңдер! Ш.Айт­матов» деген.

Бар-жоғы 41 жыл ғұмыр кеш­кен, тоғыз жыл ғана сүйікті жа­ры Қанымжанмен өмір сүрген Аралбай Махамбетовтың туға­нына енді екі жылдан соң тоқ­сан, дүниеден өткеніне елу жыл­ға жуықтайын деп тұр. Бұл ғұмы­рында бар-жоғы жиырма жыл­дан сәл ғана асатын уақытта Қы­зылорда қалалық Комсомол ко­митетінің бірінші хатшысы, қа­лалық партия комитетінде, об­комда бірнеше бөлімдерді бас­қарып үлгірген азаматтың өмір жолы таңырқатады. Соңынан ерген інілері, замандастарына кө­мек­тесуі, кадрлар таңдаудағы тәр­бие мектебінің ұстазы болғаны бөлек әңгіме, досы көп жан еді.

«Ат тұяғын тай басар» демек­ші, әулеттің тамырлары өркен жайып келеді. Соңынан ерген інілері Сұлтан, Кеңес, Барақтар бар. Аралбай ағаның төрт бірдей ұлы – Серік, Сәкен, Асқар, Еркін бір-бір шаңырақ. Сырдарияның жағасында үлкен көше Аралбай Махамбетов есімімен аталады.

Жуырда ғалым, профессор Қа­зыбай Құдайбергенов «Сыр сарабдалы Аралбай» атты 21 баспа табақтан тұратын естелік кітапты құрастырып шығарды. Міне, осы кітапта Аралбай ағаның бүкіл болмысы, азаматтығы маз­мұнды баяндалғаны одан әрі көрініп тұр. Көзкөргендер есте­лігін толғаныспен оқымау мүмкін емес. Бұл кітаптағы адам­заттың Айтматовы – Шыңғыс Айт­ма­товтың «Өмірді әкелеріңдей сү­йіңдер!» деген естелігі кітаптың өнбойын толықтырып тұрғандай. Ал, сүйікті жарына, інілеріне жазған қоштасу хаттары жан тебірентеді.

Шындығында, Айтматов құ­шағы қандай ыстық еді! Оның ықыласы ауған, терең білімді азамат артына өшпес із қалдырды, ол ұрпақпен жалғаса беретіні күмәнсіз еді.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<