Айтқыр Қалтай

1814

0

Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов қазақ драматургиясын әлемге танытты, айтқыр Қалтай атанды. Дүниеден өткеніне биыл 20 жыл толды. Осы мерзім ішінде Қалтай аға туралы талай дүниелер жазылды, еңбектері кандидаттық диссертацияларға өзек болды. Арғы аталары Күдеріқожа Көшекұлы сонау 1800-1858 жылдар аралығында Қарағандының Қарқаралы өңірінде өмір сүрген, айтыс, жұмбақ айтыстарының негізін қалаған тума талант болған. Дуана қожадан тараған ұрпақтар қазір мына «Шіркейлі» ауылында өмір жалғастырып жатқанын мақтанышпен айтуға болады. 1925 жылдары Ұлы Мұхтар Әуезов «Таң» журналында Қалтайдың арғы тегінен сыр шерткен, «Күдеріқожаның Қарқаралы тауымен қоштасуын» тілге тиек етіп, қалам тербеген.

Әдебиетте Қалтайдың арғы атасы Күдеріқожаның Ұлбикемен айтысы мүлдем бөлек жанр. Ұлбике алғаш танысқанда Күдеріқожаға:

Сайраған баудың көркі бұлбұлым-ай,

Барады қапалықпен бұл күнім-ай.

Ағарып атқан таңдай қайдан келдің

Қыраны қаршығаның тұйғыным-ай?!

дегенде Күдеріқожа:

Ұлбике Бақтиярдан сенің затың,

Жайылды барша жұртқа Ұлбике атың.

Кітаптай айтқан сөзің мәнді болған,

Туар ма мұндай артық перизатың?!

Бұл Ұлбике кезінде Күдерінің інісі Таспамен де айтысқан. Осы айтыста Ұлбике атқа мінген Таспа құдықтан су ішпей, үріккен атын қамшымен сабалайды. Сонда Ұлбике:

Інісі Күдерінің Таспа қожа,

Атыңды неге ұрасың басқа қожа.

Ретсіз қамшыңды жұмсай берсең,

Боларсың нағыз кедей қасқа қожа!

Арадағы айтыс одан әрі осылайша өрби түседі. Ұлбике күйеуінің өзіне тең еместігін ескерту жасайды.

Ұлбике:

Жастай өскен жерімде бағыланмын,

Онда кетсем, елімді сағынамын.

Қабыланның қолына түсіп қалдым

Жазғанына тәңірдің не қыламын?!

Күдеріқожа жұмбақ айтысының нағыз шебері болса керек. Мұндай қиын жанрды меңгеруін С.Мұқанов, М.Ғабдуллин тағзым еткен.

Қалтайдың әкесі Мұхамеджан Нұрекеев халық арасында «қара молда» атанған, діни сауатты адам болған. Бұл жайында кете Жүсіп Ешниязұлы: «Мұхамеджан шын әулет, тақыссыз таза ақ айдын» деп бағалаған. Қалтай ағаның ағасы Әбибулла, інісі Қырғызбек әдебиет әлемінде өзіндік орны бар ақын, шежіреші, аудармашы болған. Қысқасы, үш бәйтеректің өнерге деген таланты бөлек әңгіме.

Қалтайдың ағасы Әбибулла: Әкесінің  ақталу қағазын алғанда, «кеңес өкіметіне өкпем жоқ, өздері атты, өздері ақтады» деп отыратындығын ұрпақтары жиі еске алып, көзіне жас алатындығын біздің де естігеніміз бар.

Айтқыр Қалтайдың әкесі Мұхамеджан Нұрекеев – «қара молда» қалай «халық жауы» атанып, атылды? Енді осы жағын оқырманға сыр етіп тағы бір еске сала кеткеніміз жөн болар.

Ақын «қара молда» қызыл империяның құйтұрқы саясатына тікелей қарсы болды, наразылығын анық жазды. Бұл туралы  «Заман-ай» атты өлең жазған. «Тегі жабы тоқпақ жалды  торы айғыр», «жаман сәурік», «көргенсіздер көлбеңдеген заман-ай» деп ашына ой өрбітті. Бұл өлең сонау Қарсақпайдан Нұржанқажының үйінен шыққан. Нұржан ұлы Ғайнаддин тұтқынға алынып, өлең үзінділері қалтасынан шыққан. Өлең мазмұны төмендегідей көрінеді:

Қыран бүркіт тау бөктерін бауырлап,

Тура ұшуға қанат-құйрық ауырлап.

Тегі жабы, тоқпақ жалды торы айғыр,

Арғымақты бара жатыр сауырлап.

Көргенсіздер көлбеңдеген заман-ай ,

Көп үйірде бар еді бір қысырақ,

Кетті оған жаман сәурік ұшырап.

Көргенсіздер көлбеңдеген заман-ай!

Міне, осы өлең «халық жауы» атануына негіз болса керек. Мұхамеджан ата 1937 жылы «үштік» үкімімен атылып кетсе керек.

Айтқыр Қалтай әділетсіздікті көп көрді. Қызылорда пединститутынан Ташкенттің өнер институтынан шеттеп, сонау Мәскеуден пана тауып, жоғары білім алды. Жастық шағы қиындықпен өтті. «Менің табаным көнтақа, түйенің табанындай. Әкем 1937 жылы атылып кеткеннен кейін институтқа жалаңаяқ бардым. Башпайларымның арасынан шөп шығып, бастырмайтын. Ташкенге оқуға жалаң аяқ бардым. Кейін әр салада еңбек еткен кезімде де жалған арыз жазғандар күн көрсетпеді», – дейді.

Міне, біздің қолымызға тиген, профессор Қазбай Құдайбергенов пен доктарант Күнімжан Құдайбергенованың құрас­тыруымен шыққан «Талантымен танылған тұлға» атты ғылыми-танымдық зерттеу кітабынан айтқыр Қалтай жайында көп сырды аңғарғандай болдық. Бізге беймәлім жайлардан сыр ақтарған.  Ал, «Мың бір түнді» аударуға 14 жыл уақытын жұмсаған, «Шыңғыс ханды» жазуға жүрегі дауаламағаны ұзақ әңгіме. Кітапта үлкен жүректі азамат Қалтай ағаның Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, М.Әуезов, Ш.Айтматовпен достығы, Ш.Құлмаханов, З.Нұрқаділов сынды азаматтармен арадағы қатынастар жайында баяндалған.

Қалтай ағаның «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Қуырдық дайын», «Жат елде», «Көктебедегі кездесу» атты дүниелері театр сахнасының алтын қорында тұр. Міне, соңында өшпейтін із қалды деген осы болар. Бүгін қолымызға тиген кітапты авторлар өз қаражатына шығарғанын айта кетпей болмайды. Кітап – 16,5 баспа табақ, тиражы – 200 дана. Әрине өнерсүйер қауым үшін аз таралым. Бәлкім, кейін мүмкіндік туып жатса, тиражын көбейтіп, қайта басылса, артықтық етпес еді.

Түйін. Бұдан үш жыл бұрын Қазақстанның Халық жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың сегіз мыңдай кітабы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханаға берілді. Көзге оттай басылатын жазбалары, естеліктері, әзілдері, ұстаған дүниелері, сондай-ақ, сирек кітаптар алтын қазынаға айналғанына жұртшылық қуанды. Ұл-қыздары, оқырмандар – біздер де қуандық. Ғылыми қызметкер болып, профессор Қазбай Құдайбергенов міне, осы іске ұйытқы болды. Ендігі жерде Қалтайдың бай қазынасы халқына рухани азық бола беруіне тілекшіміз.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<