АКАДЕМИКПЕН КЕЗДЕСУ

782

0

Тағдыр маған осы бір қазақтың біртуар азаматы, ғұлама ғалым, қоғам, мемлекет қайраткері Лениндік сыйлықтың иегері, Алаштың ардақты азаматы Шахмардан Жорабекұлы Есеновпен өмірінің соңғы жылдары таныстырып, ағалы-інідей болып сыйластығымызды жарастырған болатын. Ол 1990 жылдың ақпан айы еді. Алматыға іссапармен барғанымда, Қазақтың политехникалық институтының мұнай факультетінде оқитын баламның хал-жағдайын біле кетейін деп аталмыш институттың бас кешенінің екінші қабатындағы аудиторияларды аралап келе жатқанмын. Осы кезде екінші қабаттың кіреберіс есігінен ұзын бойлы, палуан денелі, үлкен көз жанарынан ақыл мен мейірімділіктің жалынын шашып тұратын, маңдайы жеті қарыс жігіт ағасы кезікті. Менің әр есіктегі жазуларға қарап, тесіліп оқып келе жатқанымды әбес көрді ме, күле сөйлеп «Ассалаумалейкім» деп қос қолдап сәлем берді. Бұрын-соңды көрмеген бейтаныс жанмен мен де «Ассалаумағалейкүм» деп қос қолдап сәлемдестім. Ол кісі менің тосын жағдайда қалғанымды сезгендей.
– Осында балаңыз оқи ма? Қай факультетте? Нешінші курс? – деген сұрақтарды қоя бастады.
Мен де сұрақтарға іле жауап бердім. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданынан екендігімді айтқанымда, жүрісін баяулатып, бетіме тіктеп қарап, басымнан аяғыма дейін бір шолып өтті де қолымды қайта алды.
Бұл кісіні бұрын-соңды қайдан көрдім? Менің жағдайымды түсініп келе жатқандай, ішке кірейік деп есікті кілтпен аша бастады.
Есіктің маңдайындағы жазуға көз жүгірттім. «Жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды зерттеп, оқытып үйрететін методика кафедрасының меңгерушісі, Геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Есенов» деген жазу бар екен. Ішке кірген соң, өзінің қызметінен қысқаша мағлұмат берді де ауылдың хал-жағдайын сұрай бастады. Көбіне ауыл адамдарының нарыққа көшу кезіндегі, тұрмыс тіршілгі, болашаққа деген сенімі туралы білгісі келеді. Бұл кісі менің жерлесім болып шықты. Қазақтың тау-кен институтын үздік бітіріп Қ.Сәтпаевтың шақыруымен Жезқазғанда қатардағы геологтан үлкен өндірістік геологиялық партияның бастығы, үкімет басшысының орынбасары, Республика ғылым академиясының президенті, академик қазіргі дүинежүзіне белгілі «Қара алтынның» Отаны Бозашы, Үзен, Жетібай, мұнайлы өлке Маңғышлақ, Атырау облыстарындағы мұнай орындарының қорын ашып, оны өндіріске енгізген ғылыми еңбектері үшін Лениндік сыйлықтың иегерінің көңіл күйін ой елегінен өткізгендей болдым.
Уақытыңызды көп алдым-ау дегендей сыңай байқаттым.
Шәкең отыра тұр деп ишарат білдірді.
– Жастар біздің келешегіміз, бұлар білімге де, өмірге де құштар, сондықтан да оларға сенім арта білу керек, – деген еді.
Ұлы ғалыммен әңгімелесіп, қоштасарда үйдегі апайдың біздің ауданнан екендігін айтқанда елең еткендей болдым. Келесі жылы Алматыға барғанымда Шәкеңе барып сәлем бердім. Ол кісі балаша қуанып, жақсы қабылдады. Елдің хал-жағдайы туралы тағы да сұрақты жаудырумен болды. Біраз әңгімелестік. Ал, уәде бойынша апаңа сәлем бересің деп үйіне шақырды. Сол күні апаймен танысып, бір түн еркін әңгімелестік.
Қандай ғанибет десеңші! Ертеңіне шәй үстінде Шәкең асығыс шаруа болмаса ертең біздің саяжайға барайық, істелетін жұмыс баршылық, өзімнің жұмыстан қолым тимейді, балалар қызметте деп өтініш айтты. Қарамағындағы бір профессордың көлігімен апай үшеуіміз саяжайға келдік. Сол кезде Шәкеңнің жеке көлігі де жоқ екен. Саяжай деген аты болмаса, ешқандай құрылыс салынбаған. Тек қана апайдың ұқыпты қолымен егілген көкөніс дақылдары тамылжып тұр. Ал ол болса мына жерге мынаны саламыз, мынау былай болады деп өзінше мәз болуда. Сонда қайран Шәкең үш жылдан кейін бұл дүниеден өтетінін білді ме екен? Мен де өзіме үлкен сенімнің артылғанын жақсы түсініп, саяжайдағы болашақ үйдің іргесіне бетон құюға кірістім. Шәкең болса, пайғамбар жасына келгендігіне қарамастан, дала кезіп, қайламен тас шауып, шынығып өскендігін білдіріп жұмысты жапырып жіберетіндігіне қайран қалдым. Ертеңіне келіп, батырым шаршап қалдың ба? Мен жұмысқа кетіп барамын, демал, апаңмен әңгімелес деп, жымия күлгенін қалай ұмытуға болады? Апай елдегі өзі білетін азаматтарды сұрап, өмірінен хабардар етті. 
Қайран, Шәкең айықпайтын науқасқа шалдыққанда екі рет барып хал-жағдайын білдім. Соңғы барғанымда Мәскеуге барып операция жасатып, емделіп үйіне келген кезі екен. Қайран, дүние-ай! 1994 жылы тамыз айының соңғы онкүндігінде оның дүниеден өткенін телехабардан естіп, Алматыға жетуге асықтым. Ағаның жерлеуіне үлгере алмай, азалы қонақасына қатыстым. Шәкеңді соңғы сапарға шығарып салуға елден ағайын-туыстары, облыс басшысы Сейілбек Шаухаманов ағамыз қатысты. Кешкісін ағайын-туыстарымен отбасында болып құран бағыштадық. Сол бір сәт есімнен кетпейді. Үлкен жүректі ағаның ұлағатты сөзі әлі көкірегімде сайрап тұр. 
Рысбай КӘРІМОВ,
еңбек ардагері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<