Қалқабай Әбеновтің қаламақысы

580

0

1978 жылы журфактың үшінші курс­ын бітіріп, Қызылордаға облыстық «Ленин жолы» газетінен тәжірибеден өтуге бір топ студенттер келдік. Жоғарғы курстан Жолтай Әлмешов, Серік Пірназаров, Бейбітбек Бүркітбаев сынды жігіттер болса, бізден Марат Жүрсінбаев екеуміз.

Үлкен орақ науқанына сәйкес келгендік­тен, екі айдай қарашаңырақта майталмандардың ортасында «қалам сілтеген» болдық. Қазанның басында мінездеме алуға редакцияға жиналдық. Редактор Қалқабай Әбенов бәрімізді қабылдады. Орынбасарларымен қоса жауапты хатшы Шора Ералиевті шақырып алды. Қалекең өзінің байсалды да байыпты даусымен әңгімесін бастады.

– Ертең осы балалар біздің орнымызды басып, газет шығаратын болады. Сендер үлкен мектептен өттіңдер. Шәке, мына студенттердің газетте шыққан материалдары бар, шықпағаны бар бәрін есепке алып, әрқайсысына 200 сомнан қаламақы жаз. Бұлар оқуға бара жатыр ғой, бухгалтерияға тапсырма беремін, қолдарына беріп жіберсін. «Ленин жолында» практикада болдық деп айтып жүреді, – деді редактор.  

Отырғандар басын изесіп, «дұрыс қой» десті. Біздер болсақ сасып қалдық, ондай ақшаны кім көрген?! Ауылдан алып шыққан азын-аулақ қаржымыз бар, шала байып қалатын болдық. Ағаларымыздың батасын алып, редактордың кабинетінен көңілді шықтық.

Сонымен, газеттің 200 сом қаламақысын алып Алматыға жеттік. Ол кезде бұл аупартком хатшысының айлығымен пара-пар. Қатарластарымыздың арасында байы да, базарлысы да біз болып, бір айдай думандадық. Алматының төрінде «Қалқабай Әбеновтің қаламақысы» деп мақтанып жүрдік.

Сол әулиеде қамқор ағаларымыздың айтқаны айдай келіп, кейін бәріміз де осы газетте қызмет істеген едік.

АЛМАТЫДА

ҚАЗАҚТАР ОНСЫЗ ДА АЗ…

Ол кезде университет бітіргендерге мемлекеттік комиссия әр облысқа, ауданға жолдама береді және оның мерзімін өтеп келмейінше ізінен қалмайды. Сондай комиссияның кезегі бізге де келіп, Маханбет деген курстасымызға байланысты дау шықты. Оның жұбайы оқуды бір жыл бұрын бітіріп, Алматыда қызметте қалған еді. Комиссиядағылар «сені Алматыда қалдыра алмаймыз, басқа облысқа, ауданға баруың керек» деп отырып алды. Шырылдаған оған «Сендерді астанада қалуға дайындаған жоқпыз, шалғай аудандарға баруларың керек» деген Орталық Комитет пен Баспа  комитетінің, университеттің өкілдері, деканаттағылар да міз бақпады. Жолдасымыздың жаны қысылды. Бұл әңгіме көңіліне жақпаған болу керек, бір кезде журналистика факультеті орыс бөлімінің деканы Марат Барманқұлов:

– Алматыда қазақтар онсыз да аз, қалсын. – деді орысша қойып қалғандай.

Комиссия қозғалақтап, сасып қалды. ОК мен баспа комитетінің өкілдері бүгежектеп, бірнәрсе дегендей болды, бірақ қарсы дау айтпады. Мәкеңнің тағдыры осылай шешілді.

Мәскеудің түлегі, ғылым докторы, профессор Марат Барманқұлов шын мәнінде оқымысты, қазақ зиялысы еді. Сексенінші жылдардың өзінде студенттермен ғана қазақы қала болып көрінетін Алматыны олар көкірек көзімен біледі екен ғой.

ЖАРЫҚТЫ БАСПАХАНАҒА БЕРІҢДЕР

Алпысыншы жылдар болса керек, Арал қаласы жарықты энергопоездан алады екен. Бірде қала энергия тапшылығына тап болып, біраз кәсіпорын, зауыттар тоқтап қалады. Электр жарығын үнемдеуге байланысты шектеулер енгізіледі. Осындай қарбалас кезде кешкілік энергопоезд директоры ауданның бірінші хатшысына шығады.

– Азғантай энергиямыз бар. Бірақ, екі мекеме қайта-қайта жарық сұрап тұр. Бірі – нау­байхана, екіншісі – баспахана. Қайсысына берейік?– дейді.

Сонда бірінші хатшы сәл ойланып:

– Бір күн наубайхана жұмыс істемесе, ештеңе болмас, жарықты баспаханаға беріңдер, газеттің шығуы тоқтамасын, – дейді.

Аупарткомның тапсырмасы орындалады, газет те шығады, кейін наубайхана да іске қосылады. Ол кезде заманның талабы солай ма, газет шықпай қалды деген үлкен саяси қателік болар еді.

Жұматәли ӘБДІРАМАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<