«Алаштың» асқақ арманы

2219

0

«Алаш» партиясы туралы білмейтін қазақ баласы жоқ шығар. Тіпті, ауқымды жиындарда, халықаралық басқосуларда өзімізді зор мақтанышпен «Алаш жұрты» деп таныстырамыз. Ал осы атаудың мән-мағынасына тереңірек үңіліп, қозғалыстың ерекшелігі неде, оны алға бастырған қайраткерлер кім болғанын білесіз бе?

Тарихшы Оливье Руаның айтуынша, «Алаш» қозғалысы Орталық Азия аумағындағы кәсіби түрде құрылған тұңғыш партия болатын. Партия идеялары мен тұжырымдарын қырғыз бауырларымыз да қолдап, қосылған-ды. Құрамына еліміздің беткеұстар азаматтары кірген.

Расында бұл қозғалыс о баста ұлттық рух пен ұлттық мүдде жолында құрылды. ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ұлт-азаттық күресі кезеңінде пайда болды. Оның басты мақсаты – тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру. Бірінші дүниежүзілік соғыс және Ресейдегі 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістері қазақ зиялыларының байырғы халықтың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметін жандандырды. Қазақ ұлттық партиясын құру бойынша алғашқы қадамдар бірінші орыс революциясы кезеңінде жасалды. 1905 жылдың аяғында Оралда Қазақстанның бес облысы өкілдерінің делегат съезі шақырылып, онда Қазақ ұлттық партиясын құру туралы алдын ала шешім қабылданды. Оның негізінде кейін «Алаш» партиясы пайда болды.

1917 жылғы 21-28 шілде аралығында Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезінде партияны ұйымдастыру рәсімделді. Бағдарламасын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты қайраткерлер әзірледі. Ол 10 параграфтан тұрды және «Қазақ» газетінде жарияланды. Съезде мемлекеттік басқару, автономия, құрылтай жиналысына қатысу, саяси партия құру, жер, халық милициясы, білім, сот және басқа да мәселелер қаралды.

Ұйымдастырушылар қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов және либералды-демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының басқа да өкілдері болды. Ол жалпықазақ ұлттық-демократиялық ұйым ретінде сипатталды. Сондай-ақ партияға М.Тынышпаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев секілді ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері кірді.

Әлихан Бөкейханов төраға болып сайланды. Ресми органы – «Қазақ» газеті. Алаш автономиясының үкіметі 1917 жылдың желтоқсанында құрылып, 1920 жылға дейін қызмет етті.

1917 жылы желтоқсан айында Орынборда «Алаш» партиясының екінші жалпықазақ съезі өтті. Оның ұйымдастырушылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, сондай-ақ И.Омаров, С.Қадырбаев, С.Дощанов болды. Съезд төрағасы қызметіне Б.Құлманов тағайындалды. Шақырылғандардың арасында Түркістан автономиясының басшысы Мұстафа Шоқай да бар.

Съезде қазақ халқының саяси тағдырына қатысты маңызды құжаттар қабылданды. Күн тәртібіндегі ең басты мәселе – автономия және оның үкіметін құру. Съезде «Алаш» деп аталатын Қазақ автономиясын құру қажеттілігі қозғалды. «Алаш Орда» (Алаш автономиясының үкіметі) деп аталатын уақытша халықтық кеңес-үкімет құрылды. Қазақ автономиясының құрамына қазақтар тұратын Бөкей Ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары, Каспий сырты облысының аудандары және Алтай губерниясын  қосу туралы қаулы қабылданды. Автономия орталығы ретінде уақытша Семей қаласы жарияланды.

«Алаш орда» үкіметін Әлихан Бөкейханов басқарды. Съезде өңірлік уездік кеңестер мен комитеттер ұйымдастыру, «Алаш Ордаға» қазақ халқының барлық атқарушы билігін дереу өз қолына алу тапсырылды. Қазақ халық милициясын құру жоспары жасалды. Халық милициясының қатарына әскери қызметке жарамды 20-35 жас аралығындағы ер адамдар шақырылды. Милицияны қару және оқ-дәрімен қамтамасыз етумен «Алаш Орда» ұлттық қоры айналысқан. Батыс бөлімшесінің басшылары Жанша, Халел Досмұхамедовтер «Комуч» (Самара) үкіметінен 600 мылтық пен пулемет, Торғай бөлімшесінен 300 мылтық пен 20 мың патрон алды. Орынбор казак әскерлерінің атаманы А.Дутовтың көмегімен Қостанай және Ырғыз уездерінде екі атты полк құрылды. 1918 жылдың тамызында Алаш Орда әскери бөлімінің командирі Хамит Тоқтамышев Қазақстанның түрлі аудандарында Кеңес өкіметіне қарсы ұрыс қимылдарына қатысатын құрамында 750 сарбаз және 38 офицер бар Алаш полкінің, Жайсанда, Павлодарда, Қарқаралыда, Өскеменде халық милициясының бөлімшелерінің құрылуы туралы баяндап берді. 1919 жылы ақпанда Қызыл әскерге қарсы азамат соғысында болған милиция саны 5000 адамға жетті. Автономия таратылғасын «Алаш» милициясы да таратылды.

Партия тарихы 1917 жылғы төңкеріспен тұспа-тұс келді. Осы кезеңде қазақ қоғамының түрлі жіктерінің саяси бірігуі жеделдеді, жаңа ұрандар пайда болды. Демократиялық федерация шеңберінде ұлттық-аумақтық автономия құру, халықтың түрлі жіктерін әлеуметтік қорғау және тағы басқа.

Автократия құлағаннан кейін 1917 жылдың аяғында «Алаш» қозғалысы партия құрылысы проблемаларынан ұлттық автономия құру әрекетіне көшті. 1917 жылғы Ақпан төңкерісін жаулап алуды дәйекті қорғап, Ресей жұртшылығының жалпыдемократиялық талаптар арнасында сөз сөйледі. Қозғалыс тарихының соңғы кезеңінде басшылары толық автономия идеясының қиындығын, ең алдымен аумақтың шашыраңқы орналасуы мен қазақ қоғамының экономикалық даму әлсіздігіне, әскери-саяси жағдайға байланысты екенін жақсы түсінді.

Кейін партияның жаңа үкіметпен қарым-қатынасы тұрақты байланыстар мен ымыраға көшті. Алаш басшылары жағдайды тиянақты бағалап, кеңестік әскери-саяси басшылық талап еткен шарттарды қабылдады. А.Байтұрсынов В.Ленинмен кездесуден кейін 1919 жылы төтенше өлкелік орган – Қырғыз әскери-революциялық комитетінің (КирВРК) құрамына кірді. Алайда, оның билігі көбінесе тек атаулы болды. Іс жүзінде басқаруды Түркістан майданының органдары, партия комитеттері жүзеге асырды. Олардың жетекші ролін орталықтан іссапарға жіберілген большевиктер атқарды.

Кеңес өкіметі «Алаш Орда» үкіметін таратып, кейінірек қайраткерлер сталиндік режимнің қуғын-сүргініне ұшырады. Қозғалыстың басты қайраткерлері өлім жазасына, қалғандары қуғынға ұшырайды. Осылайша «Алаш» партиясы бір жылға жуық уақыт ішінде ғана қызмет етіпті. Дегенмен, осынау қысқа мерзімнің өзінде ел тарихына терең еніп, тіпті бүгінгі күнге дейін жарарлық тұжырымдардан тұратын бағдарлама жасақтап үлгерді.

Ел болашағын күні-түні ойлаған Алаш қайраткерлерін бүгінгі ұрпағы зор алғыспен еске алып келеді. Олардың есімдері әр қаланың басты нысандарына беріліп, Отан тарихына алтын әріппен жазылды.

Алтын СӘДІРҚЫЗЫ,

қала тарихи музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<