Алтын, күміс түстер трендте

10911

0

сурет ашық дереккөзден

Сән – стиль. Стиль – талғам. Талғам – таңдау. Ал таңдау – қалау. Адамның өмір сүру салты мен құндылықтары қалауына қарай өлшенеді. Десе де сәннен қалмайтындар үшін биыл қандай түстер мен киімдер трендте деген сұрақ тұрары анық. Сонымен сән әлемінде революция жасаған Коко Шанельдің сөзімен айтсақ: «Сән дегеніміздің өзі – уақыт өте келе сән әлемінен ығыстырылып жатқан нәрсе» екен.

Қанша уақыт өтсе де, әлемді құтқаратын сұлулыққа құштарлық, сән әлеміндегі өзгеріс – көпшілікті толғандыратын тақырыптардың бірі. Қазір уақыт өткен сайын киім мен сән де жылдам құбылуда. Соған байланысты мамандар жыл сайын трендте болатын «жыл түсі» мен «жыл стилін» таңдап, қандай түстерді үйлестіруге болатынын айтады.

2024 жылы алтын, күміс, ақ, қызыл түстер адамға жайлы болады. Ал көк түс керісінше, сәтсіздіктерге әкелуі мүмкін. Сондықтан стилист мамандар мерекелік кешке түрлі-түсті тастары бар, жылтыр көйлек киюге кеңес береді. Себебі, дәл осы жылтыр түсті киімдер сәнде. Биылғы жылдың шаш үлгісі – өрілген, түйілген, және жинақы шаш.

Pantone консалтингтік компаниясы дәстүрлі үрдісіне сай 2024 жылдың басты түсін таңдады. Компанияның таңдауы биыл ашық қызғылт сары түске түскен. Олар бұл түсті «шабдалы мамығы» (Peach Fuzz, персиковый пух) деп атауды ұсынды. Ұсынысты Италияның үздік сән үйлері Gucci, Jil Sander және Sportmax брендтері қолдап отыр. Мамандардың пікірінше, келер жылдың басты түсі болғалы тұрған шабдалы реңкі ішкі тыныштықты сақтай отыра, әлеуметтік қоғаммен терең байланыс ұғымын аңғартып тұрмақ.

Аталған компания әр жылдың үздік түсін 25 жылдан бері таңдап келеді. Айталық, 2023 жылдың бас түсі деп ашық қызғылт реңк (ярко малиновый, Viva Magenta) таңдалған еді.

Сән әлеміндегі жарқын, батыл стильдердің бірі – этностиль. Бұл – әртүрлі халықтардың салт-дәстүрлері мен мәдениетінің көрінісі. Әрбір ұлттың өзіне тән ерекшеліктері мен қайталанбас өзгешеліктері бар. Ұлттық нақыштағы киім үлгілері заманауи дизайнда көрініс тауып, сән әлемінде өзіндік орын алуда. Жалпы этностильдің сән әлемінде бірнеше бағыттары бар. Мысалы: Африка, Шығыс, Египет,  жапон, үнді, грек, славян және буряттар мен моңғол халықтарының ұлттық киімдері мен аксессуарларындағы этностильдің жарқын бейнесін байқауға болады. Ол киімнің барлық түрінде көрініс таба алады. Бастысы – дизайндағы ұлттық элементтер. Сонымен қатар, дұрыс таңдалған аксессуарлар образыңызға ұлттық бояу қосады. Басқалардан  өзгеше болғыңыз келсе  мерекелік  кештерге де этностильдің элементі бар киімдер таңдаңыз. Мәселен кешкі көйлегіңізді қазақы нақыштағы белдік пен кестеленген  ою-өрнек ерекшелендіреді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<