Алысқа көз тіккен ауыл баласы

1465

0

Кеше ғана әріптесіміз, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, белгілі журналист, публицист Ержан Қожастың «Мен – ауылдың ұлымын» деп аталатын кітабы қолымызға тиді.

Жанымызда жүрген соң байқалмайды. Осы жас жігіт­тің көкірегінде біз көр­меген көмбе бар. Ол – ауыл дейтін қазақтың ақ бесігінің қасиеті, ауыл адам­дарының болмыс кеніндегі қазына.

Шыны керек, бәрімізді де ауыл тәрбиелеген, бірақ, көбіміз қалада туған­дай тілі­мізді «түзеп», дағ­ды­мыздан дегдіп кет­кенімізді несін жасы­райық. Ал, бұл еңбек біздің осындай ол­қы­лығымызды еске салып, жан дүниеміздің есігін қайта ашады. Табанымыз тиген жердің топырағымен көзі­мізді сүртіп, көңілімізде көркем суреттер тіріліп шыға келеді.

Осы кітаптағы «Балаң көп болса» дейтін әңгімеде бір шаңырақта үш келінді отыз жыл бірге ұстап, немерелерінің бәріне «нұр» сөзін қосып ат қоятын кемпір туралы айтады. «…Енем марқұм: «Мен ертең өлсем, сол кезде «Лаура-Паура», «Аида-Сайдаңды» қойып аларсыңдар», – деп бір-ақ рет кесіп айтты. Сол «нұрдан алыстамадық, сол нұрға шо­мыл­ған бақытты әулетпіз, шүкір», – дейді әңгіме кейіп­кері. Байқап отырсақ, ауыл адамы қазіргі балаға қойы­латын есімдерді аса ұната бермейді. Бұл – қазіргі күннің шындығы. «балаларыңа көр­кем есім қойыңдар» дегенде Пай­­ғам­барымыз бәрің жа­былып, балаларыңды арапша ат­пен атаңдар демеген ғой. Сол сияқты бізге еуропалық есім де ерсі естіледі. Кемпір соны айтып отыр. Қазақтың қандай тамаша есімдері бар, шынында. Автордың түпкі ой мәні осында жатыр.

Ал, кітаптағы ауыл бей­несін суреттеуге келгенде Ержан ешбір жазудан төмендеп тұрған жоқ. Асыра айтқандық емес, оқып көріңіз:

« … Түнімен суырған суық жел құм үстіне кәрі кем­­пірдің бетіне түскен әжім­дей сүреңсіз көп сызық са­лыпты. Ысқырына соққан долылық таң біліне тынған сияқты. Әйтеуір, ештеңе бол­мағандай тыныштық. Көңіл құлазиды. Сырттан келер жо­лау­шыға бұл ауылдың кейпі сірә, жала­ңаш көрінер. Соққан жел, көшкен құмға тосқауыл болар тал-теректерді ай­та­сың-ау, бұта атаулыны кім көрінген отындыққа балталап алғаны бірден білініп тұр. Әр жерден сидаңдап өскен бірді-екілі, жалғыз-жарым жыңғыл атау­лы болмаса, қаздиып өсер сұр сек­сеуілдің дәурені әл­де­қашан өткен. Көктем келгелі көк атаулыдан бұл жақтың сәні тек жусан ғана».

Рахаттанып, тіліңіз мү­дір­мей оқисыз. Су төгілмес жорғадай қылып жазуға Ержанды кешелі-бүгін қалып­тасты деу орынсыз. Ол – ауыл тілін, ауыл мінезін жас­тайынан бойына тоқыған құймақұлақ.

Осы кітапты парақтап шық­саңыз, менің айтқан­да­рымды сіз де қостайсыз.

Полиграфиялық тұрғы­дан да, стилистикалық тұрғы­дан да сапалы һәм көрнекті бұл кітап қызылордалық «Тұ­мар» баспасынан жарық көр­ген. Кітаптың жарық көруіне «Мағжан и К», «Жаңа­жол», «Тұрмағанбет» сеік­­­тес­тіктерінің басшылары – Д.Ерәлиев, О.Төлепов, Н.Пірмантаев секілді руханиятшыл азаматтар қолдау көрсеткен. Кітаптың редакторы – белгілі журналист Дәуіржан Елубаев.

Ал, ауылдың баласы, қа­зақ қара сөзіне олжа салар жазушылық сапарға бет алып­сың, ақ жол тілейміз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,


Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<