Аман бол, Анатолий!

1220

0

Соғыс кейіпкерлерінің қилы тағдырын оқырманға жеткізудің әртүрлі жолын таңдауға тура келеді. Қолға түскен мәліметтер өзі-ақ бізді әр тарау жолға салып отырды. Бір майдангердің соғыстағы ерлік істерін баяндасақ, енді бірі арқылы соғыстан кейінгі күйзелген елдің хал-ахуалын бейнелеуге тырыстық. Біз майдангерлердің бәрін батыр етіп көрсетуге ниет еттік. Адамгершілік пен кеңестік кезеңде қалыптасқан жауапкершілікті өзіне серік еткен жандардың қоғам үшін, ұрпақ үшін еткен қарапайым еңбегін көрсеттік. Бұл жолы әңгімемізге арқау болған кейіпкерлеріміздің тағдыр жолы өзгешелеу болғалы тұр.

Ия, әр адам бір-біріне ұқсамайтыны сияқты тағдыры да әр алуан екен.

Менің қолыма Платон атымен жарияланған «Хандық» аталатын 42 беттік орысша қолжазба түсті. Туысқандарының келісімімен сол қолжазбаны қысқартып, оқырманға жеткізуге тырысып көрейік.

Әңгіменің әлқисасы 1918 жылы Қоғалыкөлде дүниеге келіп, Сыр­дария аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынған Нұралиев Әментай Мұстафаұлы да – миллиондаған совет әскерлері сияқты жеңіс тойын неміс жерінде тойлау бақытына ие болған жанның бірі.

Немістердің бәрі совет әскерлерін ұната қоймады деп айтуға болмас. 1933 жылы Германияның ел билігін қолына алған Гитлер бастаған ұлтшылдар саясатын қолдамайтындар да бар еді. Кеңес әскерлерін фашизмнен азат етушілер деп қабылдағандар да аз болған жоқ. Сондай жанның бірі – әңгіме авторы Платонның нағашы ағасы еді. Ол тіпті отызыншы жылдары СССР-да болып, астыртын ұйымға берілген, қызыл туын желбіретіп Совет әскерлерін зор қуанышпен қарсы алады. Кеңес әскері басшылығы өздерін жақсы қарсы алған бұндай жандарға барынша қолдау көрсетті. Әйелі мен тоғыз баласы, немерелері бар бұл отбасына әскери қордан азық-түлік бөлуге шешім етіледі.

Соғыстан кейінгі елдің жағдайы түзелгенше Германияда қалған аға лейтенант Әментай Нұралиев осы үйде тұратын болып келісіледі. Жеңістен кейінгі жан жадыратар жаймашуақ көктем жеңімпаз әскердің офицері Әментайдың да көңіл-күйін көтеріп, табиғат заңымен әлгі қарттың қызы Хертаға ғашық болып қалады.

Ұзын бойлы, тартылған сымдай шыңдалған, сымбатты офицер неміс қызының да жүрегіне шоқ тастап жібергендей еді. Екі жастың сезімін жасырып тұра алмайтын жағдай комендатура басшылығына да жетеді. Комендант орыс майоры «Әментай, соғыста жараландың, өзіңнің офицерлік арыңа дақ түсірмей, жеңістің жақындауына үлес қосқан адал азаматсың. Сенің неміс қызымен арақатынасың жайлы жоғарғы жаққа жайсыз хабар түсті. Ал неміс халқымен бұндай арақатынас жасаудың соңы немен аяқталатынын түсінетін боларсың. Заң қатал. Менің ақылымды тыңда, демалыс алып еліңе қайт. Ол жақтан өз еліңнің қызын әкеліп, осында үйленесің. Содан кейін сені әскерден босатып, еліңе қайтарамын» деп бірақ кесті.

Мына қиындықтан құтылар басқа жол да жоқ. Майордың ағалық ақылын Херта мен оның ата-анасына жеткізді. Төрт жылғы соғыстан жеңіс күніне жеткен сүйген жанның өміріне балта шаба алмаған Херта мен оның ата-анасы амалсыз осы шешімге келісім берді.

Әментай мен Әнипаның үйлену тойы өткен соң, аға лейтенант Әментайды басқа бір қалаға әскери гарнизонға әскери борышын жалғас­тыруға жіберді. Өмір өз ағынымен баяу жылжып өтіп жатты.

Таң атпайын десе де, күн шығуын қоймайды. Хертаның айы, күні жетіп, шекесі торсықтай ұл дүние есігін ашты. Отыз шақырым жердегі Херта мен баланың хал-жағдайын білу үшін күн аралатпай Әментай келіп тұрды. Жас нәрестені еміреніп бауырына бас­ты. «Аманбол» деп атын қоюға оқталып тұрды да, неміс елінде қазақ атын кім біліп жатыр, жат елде есімін де, өзін де көзге шыққан сүйелдей етпейін деп ол ойынан айнып шыға келді. Соғыс біткен соң жылға толмай Совет әскерлері еліне қайтты. Әментай жүрегінің жапырақтай бөлшегін жат елде қалдырып, елге оралды.

Аман бол, Анатолий!

Херта 1953 жылы Берлинге қоныс аударып, тұрмыс құрды. Баласының жақсы тәрбие алғанын жан-тәнімен қалаған ана оның кадет корпусының курсанты болғанын армандады. 1958 жылы мың талапкерден үздік шыққан 52 өрен курсант атанды. Ата-әжесінің тәрбиесіндегі бала он алты жасқа толғанда өзінің тегі туралы отбасындағы күбір-сыбыр әңгімеден құлағдар бола бастады. Нұралиев деген текті жадына мықтап сақтау­ға тырысты. Қанша жыл өтсе де, өзінің әкесі оның елі туралы білуге деген құштарлық бір мысқал да кеміген емес. 1970 жылы Германиядағы Совет елінің елшілігіне барып, әкесі туралы сұрау салуға әрекет етіп көрді. Қатаң тәртіп бұл ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. 1986 жылы Кеңес Одағындағы қайта құру, жариялылық қатаң тәртіптің көбесін сөге бастағанда, іздестіру шараларын қайта бастады.

Москвадағы неміс елшілігіне сұрау салған хатқа жауап 1997 жылы ғана жетті. Қалың конвертті ашқанда әскери архивтен жіберілген әкесі жайлы құжаттармен қоса әкесінің шашы тықыр, жалаңбас түскен суреті жіберіліпті. Суретті көрген анасы көзі оттай жанып, «Қолаң қара шашы қайда кеткен?» деп таңғалысын жасыра алмады. Сурет арқылы әкесімен табысқан бала Қызылорда қаласы Алтынсарин көшесіндегі мекенжайға хат жаза бастады.

Қызылордадан алғашқы хатты Мира бауыры жазыпты. Ол әкесі Әментай мен Әнипадан тоғыз қыз бар екенін айтыпты. 1992 жылы әкесі, ал анасы Әнипа одан бұрын о дүниелік болыпты. Арада екі апта өтер-өтпес бауыры Рима телефон шалып, Германияға қонаққа келе жатқанынан хабардар етеді.

Елуден асып, жігіт ағасы болған шақта бауырларымен қауышқан жат елдегі жігіттің әңгімесін осы жерден үзе тұрайын. Қазақстанға, одан Қызылордаға келген, Қоғалыкөлдегі ағайынмен қауышқан қуанышты сәттер, қазақ қызымен отау тіккен бақытты шақтар жайлы бір киноға жүк боларлық әңгіменің жалғасын Анатолий Әментайұлының өзінен оқып білерсіздер.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<