Америка асып кеткен үндістердің түбі алтайлықтар – түркиялық тарихшы

580

0

Америка асып кеткен үндістердің түбі алтайлықтар – түркиялық тарихшы Қай өлкеге барсам да, жаңа бір таңқаларлық дүниелерге куә болып, тың деректерді тауып отырамын. Бұл жайында түркиялық тарихшы Мұстафа Аксой Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісімен сұхбаттасу барысында айтты.

Жақында «Есік» қорық-музейінде болып, оның қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, атқарылып жатқан істер жайлы біліп қайтқан едік. Музейді аралау барысында шетелдік туристердің көп келетіндігіне көз жеткіздік. Экспозицияларды аралап жүрген сондай шетелдік қонақпен сөйлесе келе оның Түркиядан келгенін және өнертанушы екенін білдік. Мұстафа Аксой есімді турист Стамбұлдағы Мармара университетінің Ататүрік білім беру факультетінде әлеуметтанушы әрі тарих пәнінен сабақ беретіндігін айтты. Сөз арасында ол біздің ортақ жәдігерлеріміздің көп екенін және өзі 1990 жылдан бастап Түркі халықтарының тамға, ою-өрнектерін зерттеп жүргенін жеткізді.

«Сіздерде сақтардан қалған балбал тастар бар, Түркияда осыған ұқсас қошқар тастар көп. Бірақ олар мазардың басына қойылған. Одан кейін түркі халықтарына ортақ ою-өрнектер өте көп. Мәселен, кілемдерде белгіленетін орнаменттер түріктерде де, қырғыздарда, Ханси Манты елінде, жалпы барлық түркі халықтарында кездеседі, тіптен Америка құрлығын мекен ететін үндістерде де осы белгі бар. Бұл олардың бізге жақын халық екенін білдіреді. Америкадағы үндістер Беринг бұғазы арқылы Аляскадан Америкаға өткен. Олардың түбі алтайлықтар. Мәселен, парсы, арап және орыстардың өрнектері бізге ұқсамайды. Түркі халықтарының өрнектері барлық жерде бірдей келеді. Америка Қазақстаннан 21 мың шақырым ұзақта жатыр. Ол жаққа көшкен үндістердің тұрмыс-салты, ою-өрнегі сақталған, біздікіне өте ұқсас», -дейді тарихшы.

Ол «Есік» қорық-музейін аралау барысында Шыңжаңнан табылған алғашқы шалбарда бейнеленген өрнекті осындағы қоржыннан кездестіргенін жеткізді.

«Қай өлкеге барсам да, жаңа бір таңқаларлық дүниелерге куә болып, тың деректерді тауып отырамын. Сондықтан бұл ою-өрнектер шексіз байлық. Мәселен осы оюды тоқыған әйел өз ауылынан ұзаққа шығып көрмеген, ол сонау мыңдаған шақырым жердегі дәл осындай өрнекті тоқыған адамнан көшіріп алуы мүмкін емес. Ол мәдениетті кезінде осы жерден аттанған түркілер өзімен бірге ала кеткен», -дейді ол.

«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Сақтардың тарихы мен мәдениеті», «Алтын адам», «Қазақстан археологиясы» және «Уақытша көрмелер залы» атты 4 экспозициялық зал мен «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі – археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың мемориалдық бөлмесі бар екен. Сонымен қатар ашық аспан астындағы жәдігерлер болып табылатын 80-нен астам сақ қорғандары мен «Рахат» және «Өрікті» ежелгі сақ қала-жұрттарына да экскурсия жүргізіледі.

Сонымен қатар, музейде 3 мыңнан аса жәдігер сақталған. Оның көбі осы мекеме қызметкерлерінің археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған артефакттер екен. Қазіргі таңда «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде 32 адам еңбек етуде.

Әділет МҰСАХАЕВ

Фото: Автордікі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<