Анаға құрмет – асыл парыз

1985

0

Көктем мезгілі жақындағаннан адамзат баласы жаңаруға ұмтылып, табиғат түлеуге бет бұрады. Күн мен түннің теңелуі он сегіз мың ғаламға өзгеше серпін сыйлайды. Барлық жанды-жансыз атаулы түбірінен жасанып, тұмса табиғат тағы да бір уыз қалпына келеді. Жер-Ана бусанып, тіршілік атаулы жандана бастайды. Осы кезде адамзат та жаңаша екпін, тың күшпен көктемнен басталатын жаңа күнге үлкен үмітпен қарайды.

Көктемнің алғашқы ме­­рекесі – Халықаралық әйел­­­дер күнінен басталып, тіршіліктің тұма басы – аналарды құрметтеудің қан­­ша­лықты маңызды екені ұрпақтарымызға ұла­ғат еті­леді. Алайда, көп жағ­дайда абыр-сабыр думан­ның қы­зығымен анаға жасалуы керек құрметті бір бума гүлдің тасасында қалдырып жатамыз. Қара жерді тең басып жүрген әрбір перзент анаға ерекше құрмет жасауға міндетті және ар алдындағы парызым деп түсінуі шарт.

Қармақшы ауданының тумасы, белгілі меценат Рзақұл Нұртаевтың бас­тамасымен «Аналарды ар­дақтайық» жобасы аудан көлемінде іске асыры­лып келеді. Жобаның жас ұр­паққа берері мол. Ұлт­тық тәрбие сіңген ұрпа­ғы­мыздан күтеріміз де кем болмасы анық. Жуырда Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйі­нің ұйымдастыруымен ел Тәуел­сіздігінің 30 жыл­дығы және «Аналарды ардақтайық» жо­басы аясында ұлағатты ұс­таз, тыл ардагері Ақбалыш Жал­ғасқызын еске алуға арналған «Ұстаз-ана» атты онлайн облыстық жазба ақындар мүшәйрасы және «Анаға сәлем» атты аудан­дық бейнероликтер бай­қауын өткізді.

Ақбалыш Жалғасқызы еңбек жолын 1949 жылы Воро­шилов мектебінде мұ­­­ға­лімдіктен бастаған. 1948 жылы Н.Гоголь атын­да­ғы педагогикалық инс­ти­туттың қазақ тілі мен әде­биеті факультетіне оқу­ға түсіп, оны 1955 жылы бітіріп шығады. 1949 жылдан бастап Тұрмағанбет, Ақжар, Жаңақала ауылдық округтеріндегі орта мектептерде ұстаздық қызмет атқарған.

Екінші жаһан соғысы жылдарынан кейін елдегі азаматтарды жаппай сауаттандыру, хат таныту жұ­мыстарына белсене ара­­­­­ласқан. Ол жылдары сы­­­нып­тағы оқушылардың жас ерек­шеліктері әр­түрлі бо­­латын. Осындай қиын­шы­лық­тарға қара­мас­­тан, өзі­нің маман­дығын сү­йіп, еліне адал қыз­мет еткен ұстаз оқумен бір­ге оқушыларды өнерге, шы­ғармашылыққа бау­лы­ған. Түрлі үйірме­лер ашып, әдеби шығар­ма­­­­лар­дан сах­­налық қо­­­­йы­­­лымдар да­­йындауға, ба­лаларды бе­­йіміне қарай өнер­ге бау­­лы­ған. Бұл шы­ғар­­ма­шы­­лық жұ­мыс­тарға мек­теп­тің жас мұ­ға­лім­дерін де қа­тыс­ты­рып, таланттарын шың­дауға ат­салысқан.

Ол Жосалы кентіндегі Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің озат мұғалімі болып қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Тәжірибелі ұстаз А.Жалғасқызының жұбайы, өмірдегі серігі, белгілі ұс­таз, тарихшы, зерттеуші – Сәден Нұртайұлы. С.Нұр­тайұлы – «Ислам және Марал баба», «Дін кере­меті», «Имандылық иі­рімдері» және «Кең да­ла­ның ұлылығы» атты кітап­­тардың авторы, «Оқу ісі­нің үздігі», облыстық дә­режедегі зейнеткер, Қар­мақшы ауданының құр­­метті ақсақалы болды. Сәден Нұртайұлы мен Ақ­ба­лыш Жалғасқызы отбасында 5 бала тәрбиелеп өсірді.

Асыл ана 2017 жылы өмірден озды. Дүниедегі ең ардақты, абзал жан – ана қандай құрметке де лайықты. Тыл ардагері, 45 жыл өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Ақбалыш Жалғас­қы­зының өнегелі өмірін өлеңмен өрнектей отырып, келелі істерін ұрпаққа дәріптеу байқаудың негізгі мақ­саты болатын. Жыл са­йын дәстүрлі түрде өтетін мүшәйраға биыл 24 талапкер қатысты. Оған бел­гілі жыршы, ҚР Мә­де­ниет қайраткері Берік Сай­мағанбетов, Зари­па Тасы­мова, ақындар Ғазиза Әбілда,  Қуат Адис қа­зылық етті.

Арнау жырын ұсын­ған ақындар арасында қармақшылық Сырым Әділ­бектің өнері озық шы­ғып, бас жүлдені иеленді. Бірінші орын шиелілік Гүл­мира Жусан­баеваға, екін­ші орын қызыл­орда­лық ­Айдар Сайлауовқа бұ­йырды. Келесі жүлделі орын­ды арал­дық Данияр ­Тә­ңір­берген мен шиелілік Бекжан  Ержігіт бөлісті.

Алдағы уақытта ұлттық дәстүрді дәріптейтін мұн­дай шаралар жалғаса бе­реді. Анаға құрмет елге, жерге, отансүйгіштікке жасалатын асыл парыздың бастамасы болып қала бермек.

Арнұр КӨШЕНЕЙ,

Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінің

директоры,

ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<