Аңызға айналған Айдаркөл

919

0

1690-1760 жылдар аралығында өмір сүріп ұранға айналған ұлы батыр, ел бірлігін сақтаған би, қазақ халқына қорған болған күрескер Баймұрат Байбөріұлының дәуірі мен батырлық жорықтары жайында ел аузында қызықты аңыз-әпсаналар өте көп.

Бұл әңгіме солардың бірі ғана.

*** 

Баймұрат батыр Сырдың бойынан түре қуған жауын өзбек жерінен әрі асырады. Сол жорықтардың бірінде қазіргі Науаи облысындағы Айдаркөл деген жерге барып тұрақтайды. Өйткені, жаудың қайта шабатыны белгілі болады.

Жанына ерген әйел-баласы жоқ демесең батырдың қолы бір ауылдың адамындай, мүмкін екі жүз, мүмкін үш жүз болар. Сондықтан оларға күтім, ат көлігіне жем-шөп керек. Айдаркөлдің өзбектері батырдың сарбаздарына осындай қызметтерін көрсетіп, екі-үш апта уақыт өтеді. Батыр кейбір түнде жорықта жан серігі болған күрең қасқа атының қасына барып, ер-тоқымға бас қойып ұйықтайды екен. Мұны сол елдің жұрты жақсы біледі. Олардың ішінде «Осы қазақтарға «ләппайлап» жүре береміз бе, батырын өлтірсек, қалғандары елдеріне кетер» деген бір арамзалық та бар еді. Сөйтіп, олар аспен атқанды таспен атқысы келеді. Бұл пиғылды сезген батырдың атқосшысы Баймұратты түнде тұрғызып жіберіп, орнына шөп үйіп, тоқым жастанған адамның сұлбасын жасап қояды. Түн ауған шақта төрт өзбек мысықтабандап келіп, жасанды адамға найза сұққылап, осы әрекеттері үстінде әшкере болады. «Мұндай сатқындар ертең өз еліне де опасыздық жасайды. Сатқындар жаудан да қауіпті» деп батыр ел көзінше төрт мұндарды құдыққа тастатады. Күткендей қарақалпақ жеріне қарай қиялай қашқан жау қол жиып қайта шабады. Екі жақтың да бес қаруы сай сарбаздары бетпе-бет келіп сап түзегенде олардың осы тұрысының өзін көруге көз қорқатын. Ал, жүздеген сүңгі бір-бірін сұққылап, жарқылдаған қылыштар бір-бірін кескілегенде мына өзбек ауылы әп-сәтте тозаққа айналар еді.

Баймұрат батыр қалмақтарға бұл шайқас тағдырын жекпе-жек шешсін деп шарт қояды. Батырлар заманында жауласушы екі жақтың осындай берік дәстүрі болған. Қолы басым жақ кейде бұл дәстүрді бұзып, батыры жеңілсе де бастырмалатып, соғыс әрекетін бастаған.

Дәл осы жағдайды «Қыз Жібек» фильмінен бәріміз де көрген шығармыз. «Жекпе-жек» деп суырылып шыққан Бекежанға шақ келмейтінін сезген қалмақтардың батырлар дәстүрін бұзатыны осы фильм арқылы берілген. Соғыстың аты соғыс, «неге дәстүрді бұзасың» дейтін ешкім жоқ, ел үшін, жер үшін жан пида!

Сөйтіп, батыр қос аяғымен жер тарпыған күрең қасқасын ойнақтатып ортаға шығады. Қалмақ батыры да ақырған арыстандай біреу болса керек. «Қуғанға да, қашқанға да бір Алла» дегендей, екі батырдың артында да қалың сарбаз, қоштаған жұрт бар. Сондағы қос батырдың бір-біріне қарсы шапқан сәтін көріп тұрғандай болсаңыз, көзіне қан қаптаған қыран мен аузына у толған арланның бейнесін елестетер едіңіз!

Осы жекпе-жекте Баймұрат батырдың екпінінен қалмақ батыры езілген кесектей үгіліп жер құшады. Жеңілген жау қолбасы уәжінде тұрып, әскерін кері бұрады.

Баймұраттың қас батырлығына қол қусырып, бас шұлғыған өзбек ауылы той жасап, батырға өздерінің жас қызын некелеп қосады.

Осы некеден Болат, Малбасар деген екі ұл өмірге келген. Бұл екі аталық қазір жүздеген отбасы болды. Қызылорда қаласындағы үлкен бір баспа үйінің директоры Ермек Аяпов осы Болат бабамыздың тікелей ұрпағы.

Баяғы өзбек аулының төрт сатқыны тасталған құдықты сол ел «Баймұрат құдығы» деп атапты. Бірақ ол құдық бүгінде Айдаркөл су қоймасының астында қалған. Құдық құрып кетсе де бұл жердің жұрты осы елді мекенді Баймұрат аулы деп атап кеткен. Тарихи оқиға ауыздан-ауызға көшіп аңыз сипатты әңгімеге айналған. Әйтсе де, Айдаркөлдегі жас ұрпақ Баймұрат батырды тек сөз жүзінен біліп, ол туралы тарихи деректерді жоқ деп есептейді екен. Осыған орай бұл елді мекеннен Баймұрат атын алып тастауға да әрекет етіп жатқандары естіліп қалады. Бірақ, халықтың ауызша тарихын өшіру қиын һәм қиянат. Сондықтан жергілікті жұрт ол ауылды «Баймұрат батыр мекені» деп атауды тоқтатқан емес.

Осы деректер бізге Ұзынағашта тұратын Абай деген азаматтың айтуымен жетіп отыр. Көкірегі ескі сөздердің сандығындай болған Абай Қияқы жаппас аталығынан шыққан. Бала кезінен үлкендердің айтқанын ойға түйіп өскен екен. Бабалар тарихын ұрпақтан ұрпаққа аманаттап келе жатқан елдігіміз осындай ұлтжанды бауырлардың арқасы екені анық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<