Ескіден қалған есті сөз бойынша әуелгі сөз, төрдегі орын әуелі ұстазға тиісті. Екі аяқты жұмырбасты пенде біткеннің бәрі ұстаз алдын көрген болып есептеледі. Егеменді еліміздің жас ұрпағына жаңаша білім, ұлттық тәрбие беруге атсалысып келе жатқан ұстаздар қауымы қандай құрметке де лайықты. Содан да болар, оларға мемлекет ұдайы қамқорлық жасауды ұмытқан емес. Мұндай құрметке аға буын ұстаздар да ортақ.
Кезінде жас ұстаздардың тағылымы мол тәлімгері атанған қармақшылық Сарқытбай Ділмағамбетұлының есімі аудан мұғалімдерінің әлі есінде.
Арал ауданының Ақирек, Ақбай алқабында Ұлы Жеңістен бір апта бұрын Ділмағамбет қарттың қара шаңырағында дүниеге келген Сарқытбай алдындағы ағасы Қарасай сияқты қаршадайынан білімге құмар болып өсті. Ағалы-інілі екеуіне әкелері кішкентайынан ел мен жер тарихы туралы құлақтарына құюдан еш жалыққан емес. Ділмағамбет қарт ертелі-кеш балаларына арғы аталары ақ сауытты Айдарбек батыр, бергі аталары көнсадақты Андағұл батыр (кейін есімін соған орай Көнсадақ атап кеткен деседі) және өздерінің кіндік қаны тамған Ақирек алқабының жер жұмағы екенін айтып отырады екен. Қазақ әдебиетіне прозалық, поэзиялық қырыққа жуық кітап жазып, мол олжа салған, «Құрыш қазақ» атанған жерлесіміз Зейнолла Шүкіровтің Ақирек туралы төмендегі жырын Сарқытбай ұстаз тірісінде еш ұмытқан емес көрінеді.
«Ақирек … шіркін, Ақирек!
Төсіңнен ұшып қиқулап жататын еді-ау қаз-үйрек…
Жапырылған көк шалғын.
Жарқырап жатқан ақ айдын…
Елеңдеп алға қараймын.
Етене таныс өзіме,
Ескі бір көзді іздеймін.
Кешкілік көлдің үстінде қиқулап қызып жәрмеңке,
Сағынтты-ау сол бір сәнді өлке!»
Сарқытбай алпыс-жетпіс жастан асқанда баяғы өзі туып-өскен атамекені Ақиректі аңсап жүрді. Адам қартайғанда кіндік қаны тамған туған жерін шынымен-ақ сағынып іздейді екен ғой.
Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған Сәкең 1964 жылы Н.Гоголь атындағы пединституттың математика факультетіне оқуға қабылданып, осы білім ордасын 1968 жылы тәмамдап шықты. Сол жылы Арал қаласындағы байырғы №13 орта мектепте еңбек жолын бастады. Жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келген жас ұстазды мектептің тәжірибелі мұғалімдері жатырқамай қарсы алды. Қатарларына қосты. Кезінде бұл білім ұясын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Премьер-Министрі Ұзақбай Қараманов және есімі әлем оқырмандарына кеңінен танымал классик қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов бітіргені белгілі.
Осы мектепте үш жыл тәжірибеден өткен С.Ділмағамбетұлы 1971 жылы Жосалы кентіне қоныс аударып, №105 мектепте ұстаздық жолын жалғастырды.
Ұстаз ізденісі бір сәт іркілген емес. Жоғары оқу орнынан басталған білім негізі одан әрі жалғасын тапты. Әуелгіде 5-6 сынып оқушыларына математика ілімін іркіліссіз үйреткен жас ұстазға мектеп басшылығы зор сенім көрсетті. Сөйтіп, Сарқытбай ұстаз енді жоғары сынып шәкірттерін математика әлемінің қыры-сырына баулыды, өз білгенін осы саладағы мектептен тыс оқулықтармен сабақтастырды.
«Ізденген жетер мұратқа» демекші, көп кешікпей Сарқытбай баулыған шәкірттердің алды аудандық, облыстық олимпиадаларда топ жарып, көпшілік көзайымына айналды. Ұстаз еңбегі ұлықталып, Қармақшы аудандық білім бөлімінің инспекторлығына ұсынылды. Бұл қызметті екі-үш жыл мінсіз атқарған С.Ділмағамбетұлы аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қуаңдария ауылындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін жемісті атқарды. Соның нәтижесінде шалғайдағы шопан ауылдарының балалары арасынан бұл мектептен математика мамандығын таңдаған болашақ ұстаздар аз шыққан жоқ.
Мұнан соң он жылға жуық сол аудандағы қазіргі Төребай би ауылындағы №199 орта мектепке басшылық жасады. Білім ұясының материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқушыларын сабақтан тыс уақыттарда еңбекпен шұғылдануға үйретті. 6-7 мәрте үздіксіз «Қызыл Жұлдыз» ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды. Сайлаушылар аманатына сәйкес ауыл адамдарының үй аумағынан бау-бақша өсіруі үшін аяқсу, жер телімін иеленуіне қол жеткізді. 1983-1985 жылдары «Қызыл Жұлдыз» ауылдық кеңесінің төрағасы қызметінде жүріп ауыл тұрғындарының игілігі үшін атқарған жұмыстары өз алдына бір төбе. Ауыл келбетін көркейтуде, тұрғындардың қалыпты өмір сүруі үшін ауылдық кеңес төрағасына қолдау білдірген сол кездегі кеңшар директорлары О.Қазиев, Ж.Жалғасбаевтар, ауыл белсенділері П.Байшораев, А.Қошантаев, Т.Дәлиева, Қ.Дәуменов, Қ.Ибраев, А.Итбаев, ағайынды А.Есқалиевтардың ақыл-кеңестерін Сарқытбай ағамыз ұзақ уақыт есінде сақтады.
1998 жылы Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіне қоныс аударған Сарқытбай ағамыз бұрынғы №6 кәсіптік-техникалық училищеде студенттерге құрметті демалысқа шыққанша дәріс берді.
Үстіміздегі жылы жетпіс алты жасында дүниеден өткен ұлағатты ұстаздың артында қалған қосағы, ардагер ұстаз Раушан жеңгеміз және сегіз перзенті ағамыздың орнын жоқтатпай отыр. Балаларының бәрі жоғары білімді. Қызылорда қаласында және егеменді еліміздің түкпір-түкпірінде тәуелсіз Отанымыздың игілігі жолында тер төгіп жүр.
Т.Бөгенов
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<