Ақсұңқар – құстың төресі

8897

0

Сурет ашық дереккөзден

Олар неге құрып кету алдында тұр?

Орнитолог мамандар «сонғы жылдары елімізде сұңқар тектес құстар саны азайып кетті, тіпті жойылып кету қаупінде тұр» деп дабыл қағуда. Бірақ оған құлақ асып жатқан қаскөй жоқ. Жыртқыш құстарды заңсыз аулаумен айналысатындар шекара бекеттері арқылы шетелдерге асырып жібереді.

«Сұңқар» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы 1 тамызды басталған. Еліміздің 12 облысының аумағында өткізілетін шара 31 қазанға дейін жалғасады. Бұл туралы «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Расул Маханов айтып берді. Мұндай ауқымды шара жыл сайын құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп өткізіледі.  Мақсат белгілі, сұңқар тектес – ақсұңқар, ителгі, лашын құстарын аулап, оларды сыртқа сатушылардың жолын кесіп, сұғанақтарды құрықтау.

– Акция Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Жамбыл, Алматы облыстарының және көршілес облыстардың іргелес аудандарының аумақтарында жүргізілуде. Өйткені біздің облыс та осы құстардың миграциялық жолында жатыр. Жаңақорғаннан бастап Арал ауданының Сексеуіл стансасына дейінгі тік жарлы аумақтарды мекендейді. Әлемде сирек кездесетін осы құстарды Қызылорда өңірлік филиалындағы 30 инспектордан жасақталған 5 мобильдік топ қорғайды. Қазір 3 бағытта тосқауыл бекеттерін қойып, жұмыс істеп жатырмыз, – дейді филиал басшысы Р.Маханов.

Айта кетейік, елімізде жойылу қаупінде тұрған құстарды заңсыз аулап, шетелдерге шығаруға тыйым салынған. Сұңқар тектес құстар сиреп бара жатқан соң Қазақстанның «Қызыл кітабы» мен халықаралық табиғат қорғау одағының «Кызыл кітабына» енгізілген. Табиғат байлығын қорғау бағытындағы жұмыс толассыз жүргізіліп жатса да ұлт нышаны, ел байлығы саналатын құстарды аулау тыйылмай тұр. Қылмыстық кодекстің 339-бабында браконьерлерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Алайда «көк қағазға» құныққандарға тоқтам болмай тұр. Бұрын мерзімді басылымдарда сирек кездесетін құстар мен жануарларды заңсыз жолмен әкетуге тырысқандарды шекара бақылау-өткізу бекеттерінің шекарашылары ұстағаны туралы жазылып жататын. Бүгінгі таңда бақылау күшейгендіктен бе, мұндай сорақы көріністі байқай бермейміз.

Биылғы акция басталғалы екі аптадан астам уақыт өтті. Мобильдік топтардың қолына қаскөйлер түсе қоймапты. Көк төсін еркін шарлайтын жыртқыш құстардың тыныштығын қорғайтын мамандар талай броконьерді құрықтаған. Мысалы, өткен жылдың 19 қазаны күні «Шымкент-Самара» тасжолында Шымкентті бетке алған азамат 2 сұңқар және 8 бұлдырықпен ұсталып, Ордабасы бекетіне жеткізілген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, оған қоса айыппұл өндіріліпті.

Сұңқарлар Еуропа мен Азияның далалық және орманды-дала, шөлді-шөлейтті аймақтарында таралған. Сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік және шығыстағы таулы аудандарда, Мойынқұмда, Үстіртте, Батыс Қазақстанда, Қызылқұмда, Наурызымның қарағайлы ормандарында, Ертіс бойындағы ормандарда, Торғай өзені бойында, Іле өзені мен Балқаш көлі маңында кездеседі.

Қызылорда өңірлік филиал басшысының орынбасары Нұридин Қасымовтың айтуынша, сұңқар тәрізділердің осы аймақта қыстап қалатын және қайтып кететін түрлері бар екен.  Олар ерте көктемде жартас кемеріне, биік ағаштар мен электр бағаналарының басына ұя салады. Бір қызығы, көбіне басқа жыртқыш құстардың немесе қарғалардың ескі ұясын пайдаланады. Олар негізінен моногамды (басыбайлы жұп құрады) құстар, ұясын қатарынан бірнеше жыл пайдаланады. Ұядағы 3-5 жұмыртқаны аналығы бір айдан аса шайқайды. Ал балапандары 40-45 күннен соң ұядан ұшады. Негізгі азықтары – әртүрлі кеміргіштер мен ұсақ құстар. Жемін бір орында ұзақ отырып, тасадан күтеді, оны көре салысымен өте шапшаң ұшып, қуып жетіп ұстайды. Кейде құсты жоғарыдан шүйлігіп, қағып түсіреді.

Қайтып кететін түрлері тамыз-қыркүйек айларында жылы жаққа қарай ұшып шығады. Қырандардың ішінде баптауға ең көндіккіші ақсұңқар, ителгі және лашын құстары. Араб елдерінде құсбегілер оны көбіне жорға дуадаққа салады. Ал энергетиктер өрт қаупі жоғары болғандықтан электр бағаналары басындағы қыран ұяларын бұзады екен. «Бұл олардың жұмысы, өкінішке қарай, жыл сайын қаншама балапан опат болып жатыр. Осылайша олардың саны жылдан-жылға азайып барады», – дейді филиал басшысының орынбасары.

Нақты кезеңде елімізде осы топқа жататын 100-150 жұп қана бар деген мәлімет бар. Алматыдағы «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағында жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған жыртқыш құс балапандарын өсіріп, жабайы табиғатқа біртіндеп баулып, жыл сайын 50-60 бас балапанды еркіндікке жіберіп отыру ісі қолға алынған, орнитолог мамандар осындай жолмен де оның санын көбейтуге болады деп есептейді.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<