Ақын мұрасы – адамзат құндылығы

2380

0

Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай мұрасы – жалпы адамзаттық құндылық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ақынның шығармашылық бағыты мен көзқарасын саралау, рухани мұрасының адамзат игілігіне айналуына жол ашу, жаңа деректерді ғылыми айналымға ендіру іс-шараның мақсаты болып белгіленген.

Университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова Абай жылы аясында атқарылған іс-шаралармен таныстырып, жиынның маңызына тоқталды. Абай тек қазақ халқының емес, түбі бір түркі жұртының тұғырлы тұлғасы екендігін айтып, конференцияға қатысқан шетелдік және отандық ғалымдарға алғысын білдірді.
Ғалымдар хакім Абай даналығы, оның қазақ әдебие­тіндегі орны, шығармаларындағы Құран қағи­дат­тары, түркі-парсы ақындары, модернизм, қарасөз­де­рінің танымдық сипаты, жастар тәрбиесі және рухани реформаторлық тұлғасы жайында ғылыми тұжы­рымдарымен таныстырды. Зерттеулерден Абай мұрасы, гуманизм мен адамсүйгіштік идеялары ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі екендігіне тағы да бір көз жеткіздік. Ақын тұлғасын тану үрдісін жаңаша пайымдармен, тың тұжырымдармен, мағыналы деректермен толықтыру өскелең ұрпақ бойында азаматтық рухты нығайтуға, рухани жаңғыру ісіне игі ықпалын тигізетіні анық. 400-ден аса тыңдаушы қатысқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында бірнеше ұсыныс түсті.
Олар облыстық және аудандық музейлер экспозицияларындағы Абай мұрасының мазмұнын кеңейту және насихаттаумен, аймақтағы жоғары оқу орындарының үздік оқитын студенттеріне «Абай» атындағы арнаулы стипендия тағайындаумен, Абай шығармаларын араб, түрік, корей, қытай және т.б. тілдерге аудару жолын іздестіру, зерттеумен сабақтас. Сонымен бірге Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеу нәтижелерін ғылыми айналымға ендіру мақсатында «Абай» оқуларын өткізу ұсынылды.

Аягөз ӘБДІРАЗАҚОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<