Ақыны еді Алаштың

1398

0

Уақытқа таңғалмай отыра алмайсың. Кеше ғана ортамызда жүрген өзгеше талант иесі Әскербек Рахымбекұлының мәңгілік мекенге аттанғанына да бір жыл болып қалыпты. Сүйеніш етеріміз, артында ұрпағы қалды. Шығармашылық мұрасы қалды. Бұған да шүкіршілік. Осылай өмір өте береді екен ғой…


Ақын да – Алланың пендесі, алайда қандай пендесі, ерекше жаратылған, тумысы бөлек, табиғатында өзгеге ұқсай бермейтін талант иесі. Сондықтан кейде шынайы талантты тани бермейтін кезіміз де аз болмайды. Ал талант – халықтың теңдесі жоқ рухани байлығы. Осы сәтті пайдаланып, ертеде естіген тағылымды бір әңгіме айтайын.
Адамзат өркениеті да­муы­нан кенже қалып келе жатқан, «мың өліп, мың тірілген қазақ» не көр­меді? Сонау ерте заманда көрші отырған екі ел бір мәсе­леде ортақ тіл табыса алмай, сан жағынан басымы жауласуға бекінсе керек. Мұны байқаған ел ақсақалдары басшыларын ақылға шақырады. Сондағы көнекөз қариялар: «Біз көпті­гімізге сенеміз. Ал мынау отыр­ған көршіміздің бізден бір артықшылығы бар. Ол – са­нынан берекесі артып, ұйып отырған ел. Сөзге шешен, суырып салма ақындары мол, рухани жағынан бізден басым. Рухы күшті елмен шайқасып абырой ала қоймаспыз. Реті келсе, ортақ тіл табудың жо­лын іздейік» деген екен. Аталы сөзге барлығы тұрса керек.


Осы тұста әлемге танылған тұлға Мұстафа Шоқайдың ұлттық рух туралы мәңгі өшпес өсиетін еске түсіре кетсек артық болмас. Ол мынадай мазмұнда еді: «Ұлт­тық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нә­тижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi ая­сында өсiп дамиды, жемiс бе­редi».


Қоғамда ұлттық рухты арт­тыруда ақын-жазушылардың рө­лі орасан еке­ніне ешкім күмән­дана қоймас. Шынайы қалам­герлер осы­­нысы­мен мық­ты, осы­нысы­мен қас­терлі. Бұл ай­тылған әң­гіме ел бірлігін жырлаған Сыр бойының ақы­ны, ақыны болғанда қандай, Әскербек Рахымбекұлына да жат емес. Мысалы, «Әуезов – аруақ, жебей гөр!» өлеңіндегі мына жол­дар ешкімді бейжай қалдыра қой­мас:


– Жетер ме даусым?


Шырқау бір биік шыңдасың


Алатау емес,


Аспанның аржағындасың.


Жеті қат жерді жетектеп
кеткен тұлғасың,


Асыл тастардан айырып
құйған тұнбасың.


Табаның – теңіз,


Көкірегің – дала,


Шың – басың!


Қазақтың қайдан
топырағында туғасың?!


Қиянды кезіп қилы
замандар қыңғасын


Аруағың қалай ат басын
бері бұрмасын?!


Әскербек қазақтың біртуар жазушысын, ұлы перзентін жыр­лау­мен бірге одан ақын­дық медет те тілеп отыр. Асылды ардақтай білу арқылы рухын арттырып, рухыңды да шыңдап отыр.


Кейінгі жарты ғасырдан ас­там уақыттан бері танитын, бір­сыпыра жақсы білемін дейтін адам туралы жазудың өзіндік қиындықтары бар. Адам баласы қызық қой, күнделікті өмірде көп нәрсеге тереңдеп бара бермей, бетін ғана қалқып жүреміз. Осы білгеніміз кейін бір кәдеге жарар деп ойлай бермейміз. Әйтпесе, есте қал­дыруға болатын сәттер бол­май­ды емес, болады ғой, бо­лып жатады да.


Әскербекті сонау өткен ал­пы­сыншы, студенттік жыл­дар­­дан білемін. Ол кездері жиі ара­­ласа қоймасам да, бір­сы­­пыра бай­қадым. Адамды тану – қиын­ның қиыны. Ке­йін көбірек білдім, көбірек ара­ластым. Бірақ сол бастағы өзінен қарапа­йымды­лы­ғының озықтығы, сөзінен жы­миып күлгені алда жүретіні бір сәт өзгерген жоқ. Осы қалпынан кейін ширек ғасырдай облыс­тық «Ленин жолы» газеті бас ре­дакторының орынбасары, бас редакторы болғанда да бір ай­ныған емес. Бұл оның табиғи жа­ратылысы, табиғи болмысы еді.

Осынысымен сый­лы, осыны­сымен үлкенге де, қатарластарына да қадірлі болды. Осылай бұл өмірден де өтті. Жайғасқан то­пырағы жай­лы, жаны жаннатта болсын!
Өзімде ондай қабілет бол­ма­ған соң ақынға деген көзқа­расым ерекше, оларға, әрине, бар­лығына емес, шын талант­тарға бас иемін. Олардың өмір­дің өрнегін көрсететін өз ай­налары, маңайын сезетін өз көкірек көздері бар. Танымы бөлек, ой тұжырымдары ай­рықша. Сондықтан шын ша­быт иесін қарапайым адамға тү­сіну оңай емес. Хакім Абайдың баға жетпес мол мұрасын оқып, зерделеп келе жатқанымызға ға­сырдан асса да, әлі Шыңғыс тауы­ның етегінде ғана жүрміз. Ұға алмағанымыз, түсіне бер­ме­ге­ні­міз, байқамағанымыз қан­шама?! Бұл жер бетінде қазақ барда мәң­гілік рухани азық бола береді, бола береді.


Мұның барлығын ақын де­ген Алланың ерекше пен­десі үшін айтып, тәптіштеп отырмын. Ойда Әскербектің де барына күмән жоқ. Ол сөздері маржандай ерек­ше құбылып, төгіліп тұрған ақын болатын. Әсіресе, кейінгі кездері тіпті көсіле кететін:


– Қасиетті далам!


Жотасы жазық, төсі кең.


Жонында жортып,


жұпарыңды жұтып өсіп ем.


Мен де бір текті тұлпардан
қалған тұяқ ем,


Білмеймін қашан бәйгеге
түсіп көсілем?!


Ақын інімнің бұл дүниемен қоштасқанын естігенде бара алма­ғаныма, арнайы топырақ сала ал­мағаныма өкіндім. «Ал­ланың мүм­­кіндігі мол, адам­ның мүмкін­дігі шектеулі» де­генге бұл да мы­сал екен. Іштей оған деген көңілім бөлек еді, оның да көңілі кем емес-тұғын.


Кейде адам баласын, әсі­ресе ақындарды, ақынжанды адамды түрлі-түсті гүлдерге қо­нып, нәр жинап жүрген ара­ға ұқсатамын. Әскербектің та­биғи тірлігі де сол сияқты. Қоғамның, қатар жүрген жора-жолдастың, қызметтес, тіп­ті азын-аулақ дастарқандас бол­ған адамдардың да берері мол болып жатады. Ал сана тара­зы­сына са­лып, саралап, пайдаңа жара­та­мын десең, бұл жетіп-артылады. Өкініштісі, соны тиім­ді түрде ала алмаймыз, тү­сіне бермейміз. Әсілі шы­найы ақын өткеннен де, ке­зін­дегіден де қуат жинай бі­леді, қуаттана түседі. Оның бір ерекше жаратылысы да осында. Сондықтан да өткен ғасыр ал­дындағы кеңес­тік қыс­пақтан азып-тозған, рухани жү­деушілікке түс­кен қазақ халқының басындағы қиын­шылықты өз басындағыдай се­зінген ақын жүрегін 1990 жыл­дары жазылған «Махамбеттің рухына шағыну» деген өле­ңінен жаңылмай тануға бо­лады.


– Жалынымды ап тастаған
жанымнан,


Қызуымды ап тастаған
қанымнан.


Сау дейсің бе,


Санам менің жарымжан,


Жарымжаннан батыр
шығып не қылған?!


Таба алмассың тектілікті
қанымнан,


Сезе алмассың қазақ иісін
жанымнан.


Апырау, бұл азғындық деп
не қылған,


Батыр баба, тартармысың
жағымнан.


Осы естелікті жазар алдын­да үйдегі кітап қорымды қа­рап, Әскербектің үш-төрт ең­бегін тап­тым. Оларды па­рақ­­тап отырып, мынандай ойға келе­сің. Әскербек кешегі қызметтес болған ағала­рына да, қатар-құр­быларына қа­рыз болып кетпепті. Өлеңмен не арнайы мақаламен үн қатқан. Бұл да – Әскербектің адами бол­мысын, жанының та­залығын, кө­ңілінің пәктігін та­нытатын дү­ниелер. Шынына кел­генде, мұн­дай дархандық қа­лам ұста­ғанның бәрінің қолы­нан келе бермейді. Пәлен жыл бірге жү­ріп, замандастары тура­лы тас­қа басқан бір ауыз жылы сөз жаз­баған қаламгерлер аз емес.


Әскербектің өзім туралы жаз­­ған «Жомарт жүрек» ат­ты есте­лігін тағы да оқып шығып, өткен бір оқиғаны еске түсірдім. 1995 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мә­жілісіне депутат болып сай­ландым. Ал­дымен Алматыға, 1997 жылы қыс­қа қарай ас­та­наға келдік. Ор­наласып ал­ғаннан кейін өткен өмірімді, кешегі елде араласқан ағала­рымды, қатар құрбы, іні­ле­рімді жиі еске түсіретін бол­дым. Сондай күннің бірінде Әс­кербекті де еске алдым. Екі-үш кітабы жарық көргені жадымда.

Біраздан бері жаңа туындысын көре қоймадым. Бір жағы ол кезде ұл-қыз­да­рының анасы Сәбира да о дүниелік болып еді. Содан Әскербекке телефон шалып, хал-жайды біліп, не жазып, не шығарып жатқанын сұрадым. Күнделікті жұмыстан қалтарыс тауып, жазған дүние­лерінің бі­раз­дан бері жинақ болып шыға қоймағанын ай­тып қал­ды. Бұл маған ой салды. Ажал­ға амал жоқ. Тек соны сәл де болса, жеңілдетер жолын іздеу керек болды. Көп ұза­май, оны шешудің реті келді. Депутат ретінде Мәде­ниет ми­нистрлігінің бір, қазір есім­де жоқ, комиссиясының мү­шесі едім. Сондай отырыс­тар­дың бірінен кейін марқұм Алтынбек Сәрсенбаевқа Әс­кер­бектің жа­йын айттым. Ол бірден орын­басары Әлібек Ас­қаровқа тап­сырма бер­ді. Не керек, көп ұзамай «Ай­дыннан айырылған Аралым-ай» атты өлеңдер жи­нағы жарық көрді. Бұл жай жо­ғарыдағы ес­те­ліктен орын тауыпты.
Ақын бала мінезді ғой. Сәл нәрсе қуантады, ал қуаныш се­зімді оятады, ол алға ұмтылуға есік ашады. Әскербектің 2001-2016 жылдар аралығында тоғыз кітаптың авторы болуы­на бір мысқал көңіл-күй сый­лай алға­ныма өзім де қуандым. Адамға жақсылық жасау, қа­тарыңа қарай­ласу Алла таға­ланың пендесіне берген бір­ден-бір сыйы емес пе?

Қоғам да осынысымен құнды екені белгілі.
Барлығы он екі жинақтың авторы болу бір адамның ба­сына көп болмаса, әсте аз емес. Бұл – Әскербектің ұзақ жыл, 1965-2009 жылдар аралығында, оның ішінде облыстық «Сыр бойы» га­зеттің басшылығында жүріп, журналистік ұзақ са­парда уақыт ұрлап, қалтарыста жазған дү­ние­лері. Ақындықпен бірыңғай айналысуға нарық жібермеді. Ал жалпы қандай болмасын кә­сіп жүйелі жұ­мысты тілейді.

Ал жүйелі тір­ліктің берері әр уақыт­та мол болатынына өмір куә.


Әскербек әдемі әлеуметтік ор­тада болды, кімге болса да сыйлы, құрметті болды. Бұл әр­кімнің тағдырына жазылған сый емес.

Бұл – ақындық жол­дан тап­қаны емес, ыстық жүрек, абзал тілек табиғаты болған жан­дардың болмысы. Қай жылы, қа­зір жадымда жоқ, көптен бір­ге болудың реті келді. Мен елордадан, ол Қы­зылордадан ке­ліп, Жаңа­қорған санаторийінде бірнеше күн бірге демалдық, ем алдық. Өткен-кеткенді айтып кең ты­ныстап, кешегі қатар құр­бы­ларымызды еске түсіріп, бой жаздық. Көбіне қалам ұстаған, кеше алда болған аға­ларымызды, қатар жүрген құр­быларымызды айтып, жеңіл­деген болатынбыз.


Әскербектің кітаптарын ақта­рып отырып, осыдан жиырма жыл­дай бұрын өзіме арнаған өлеңі көзге түсті. Бұл менің 60 жылдығыма арналған екен. Ықылас ортақтығын тағы да бай­қадым. Риза болдым. Өлеңді қай­та оқып, көңілге жұбаныш еттім:


– Мереке күні жыр шоғын
сыйға берейін,


Телегей асып,


Тереңнен маржан терейін.


Айдының шалқып,


Асқақтай берсін мерейің,


Төмендей көрме,


Тек биіктерден көрейін!


… Етекте қалмай,


Ере алсам, мен де ерейін…

Міне, бұған да жиырма жылдан асыпты. Енді сөздері жадымызда, өзі жоқ. Осындай ақын інімнен айырылғаныма «әттеңе-ай» деген­нен басқа сөз де, амал да таба алмадым. Лайым ұрпақтары аман болып, жүректерін жарып шық­қан ру­хани туындылары ұзақ жа­сасын!

Әбдіжәлел БӘКІР,


саяси ғылымдар докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<