Аристотель және әділетсіздікке қарсылық

2347

0

Заманауи білім мен ғылым, өркениетіміздің барлығы негізін Аристотель ілімінен алады. Оның адамзат танымының көптеген саласын қамтитын еңбектерінің арасында «Политика» атты кітабының орны ерекше. Тіпті, ол кітапты оқып шықсаңыз, саяси теория бойынша басқа кітаптарды оқудың қажеті жоқ деуге болады. Себебі саясат туралы біз білуге тиістің барлығы дерлік сол кітаптан табылады. Айталық, азаматтық қоғам, жалпыға ортақ игілік, саяси режимдердің типологиясы мен олардың трансформациясы, конституцияның түрлері, жеке және қоғамдық қатынас – осының бәрі Аристотельдің «Политика» кітабында бар.

Аристотель Ежелгі Грецияда дүниеге келген. Өмір бойы сонда тұрған. Сондай-ақ, ол – Антик дәуірінің ең әйгілі тұлғаларының бірі Александр Македонскийдің ұстазы әрі саяси кеңес берген әріптесі. Македонский мұрасынан өз үлесін алып, жүздеген жыл Мысырға билік жүргізген Птолемей әулеті патшалығының да идеялық негізін салған ғұлама. Басқаша айтсақ, сол кездегі Македония империясы, тіпті империя ыдыраған соң оның аумағында құрылған мемлекеттер үшін де Аристотель барлық дүниенің бастауында тұрды деп айта аламыз.

Аристотель – әйгілі Платонның шәкірті. Жиырма жылдай Платон академиясында тәлім алып, кейін Ликей деп аталатын өзінің мектебін құрған адам. Бүгінгі біздің барлық лицейлер сол Ликейден шыққан. Бір сөзбен, еврей, мұсылман, христиандық, тіпті, кейінгі батыстық ғылыми ой-пікірлердің барлығы да Аристотельді пір тұтады.

Аристотель ұғымында саясат – полистің, яғни, қаланың ісі. Полис – шағын қала-мемлекет. Полисте сол қаланың азаматтары тұрады. Ал, әрбір азамат – сол қаланың ісіне, қоғамдық-саяси өміріне араласатын, халық жиналысына тұрақты қатысатын адам. Аристотель үшін адамның азаматтығы сонымен өлшенеді. Сондай-ақ, мұндай түсінік бүкіл Ежелгі Греция қоғамына ортақ ұстаным деуге болады. Ол заманда гректер қоғамдық өмірден алшақ, полис азаматтарының жалпы жиналысына, мемлекеттік және қоғамдық демократиялық басқарудың басқа да нысандарына қатыспайтын полис азаматын «идиот» деп атағанының өзі көп нәрсені аңғартса керек.

Жалпы, бүгінге дейін жеткен кез келген грек шығармаларын оқысаңыз, онда, ең алдымен, полис тұрғындарының қандай да бір лауазымдарға тағайындалатыны туралы деректерді кездестіресіз. Шағын қала-мемлекеттің әрбір азаматы өмірінде кем дегенде бірнеше рет сенатор немесе стратег, судья, болмаса әскери саладағы бір лауазымға тағайындалады. Полистегі жоғары лауазым иелері бірнеше жыл сайын кезек бойынша немесе жеребе арқылы қайта тағайындалып отырады. Осылайша, полис азаматтарының барлығы мемлекеттік істерге тікелей араласып, полис өміріндегі маңызды шешімдерге ықпал ете алады. Демократияның мұндай жарқын үлгісі кейінгі адамзат тарихында болған емес. Қазіргі саясаттану ғылымында бұл құбылыстың «ұлы грек демократиясы» аталатыны да содан.

Аристотельдің «Политика» кітабындағы бүгінгі саясаттанудың негізгі мәселелерімен тікелей байланысты тағы бір нәрсе – «Thumos» (тумос) ұғымы. Мысалы, Платон жанның үш құрамдас бөлігінің ең күштісін тумос деп атаған. Гректер тумосты жастық жалынмен, адамның жігерімен де байланыстырады. Тіпті, грек ойшылы Эмпедокл тумосты «өмір мекені» деп атап, тумостан айрылған адам есін жоғалтады деген тұжырым жасаған. Ал, Аристотель оны адамның зерделігімен, адамгершілігімен қатар жүретін өте күрделі ұғым ретінде қарастырып, тумос – адамның әділетсіздікті көргендегі сезімі деген анықтама береді.

Бұл ұғым несімен маңызды? Оның саяси мәні неде? Бір жағынан саясаттану – рационалды мінез-құлықты қарастыратын нақты ғылым саласы. Себебі, саясат – түрлі мүдделер аясында құрылған топтардың, ынтымақтастықтардың күресі. Дегенмен, саясаттың ғылыми қисынға келмейтін құрамдас бөлігі де бар – бұл азаматтардың әділетсіздікке наразылығы. Саяси процестерге, саяси қарсылықтарға, саяси режимдердің құлауына алып келетін, революциялардың қозғаушы күші саналатын мұндай наразылықтың табиғатын түсіну қиын.

Бұл тұжырымдама арқылы халықтың өмір сүру деңгейі өте төмен болуы мен саяси режимді өзгертудің арасында тікелей байланыстың жоқтығын түсіндіруге болады, яғни, халықтың азабы шегіне жеткен кезде төңкеріс жасайды деу қате. Әлемнің көптеген елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, азаматтардың тұрмыс деңгейі тым төмендеп, басқа да қиындықтар шектен асқанымен, диктаторлық, жемқорлық жайлаған және басқа да тиімсіз саяси режимдердің іргесі шайқалмауы мүмкін.

Себебі адамдар қандай қиын өмірге де бейімделе алады. Оған қоса, тұрмыс деңгейі өте төмен қоғамда азаматтардың наразылық білдіруге ресурсы мен мүмкіндігі бола бермейді. Анық әділетсіздікті көргенде, сезінгенде барып халықтың наразылығы оянады. Міне, дәл осы әділетсіздікке наразылық туындағанда ғана, саяси режим үшін қиын күндер туады. Тіпті, экономикалық көрсеткіштер, мемлекеттің барлық саладағы өз функцияларын дұрыс орындауы да саяси режимді мұндай наразылық салдарынан сақтап қала алмайды.

Дәл сол ұғым бізге саясаттанудағы ең жұмбақ терминдердің бірі – биліктің легитимділігінің мағынасын ашып көрсетеді. Өйткені легитимділік – биліктің билік ету құқығы, билігінің заңдылығының мойындалуы. Бұған не себеп? Неліктен адамдар аяқ астынан «биліктің әрекеті заңсыз» деп тұжырым жасамай-ақ, саяси режимнің әділетсіздігін, әйтеуір бір нәрсе дұрыс емес екенін бейсаналы түрде түсіне қояды? Осы бір жұмбақ құбылысты да Аристотель өзінің «Политика» кітабында кеңінен сипаттайды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<