Қала орталығынан шықтық. Мінгеніміз еңгезердей қос шетелдік автомашина. «Tоyota» деп аталады. Жол талғамайтын көлік жаңа, жапондардыкі.
Кейінгі жылдары табиғат сақшыларының жағдайы едәуір жақсарған деп еститінбіз. Әсіресе, аймаққа қарасты жануарлар мен орман қорын күзететін инспекторлардың мінер көлігі, киер киімі, ішер асы да тәп-тәуір дұрысталған деп айтылатын. Мына біз мініп келе жатқан «Tоyota Hilux» «Охотозопром» ӨБ» РМҚК мекемесінікі. Көпшілік «пикап» деп атайтын қарулы машинаның іші де кең. Бес адам еркін сияды. Артқы жүк салғышына бір айға жетер азығыңды артсаң да мыңқ етер емес.
Айтпақшы, бұл жолғы тілшілік қарекет инспекторлармен түйісті. Дұрысы, табиғат қорғау мекемесі жігіттерімен сапарға шықтық. Мақсатымыз сол – Қызылорданың бір бөлігіне кіретін Бетпақдала популяциясын көзбен көру. Онда дала аңы – ақбөкеннің төлдеу маусымы басталған. Жылда өтетін «Киік» акциясының нағыз іс-қимылын тілшілермен бөлісуді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жөн деп санаған сыңайлы.
Сонымен орталықтан шығып, «Қызылорда-Жезқазған» автожолына түскен біз 200 шақырымды артқа тастаппыз. Осынша алысты игергенде алдымыздан көрінгені «Құмкөл» мұнай кенішінің қалашығы. Бұдан бөлек, әр жерді «қара алтынды» сорып жатқан насосты ұңғымалар. Аралары 300-400 метрден астам, шашырай орналасыпты бұлар. Бірақ біздің меже әлі бұл емес.
Осы кезде мемлекет салған асфальттан кәдімгі қара жолға ауысқанбыз. Қазақ айта беретін, «қарға ұшпайтын» маң дала басталды енді. Мұнда әзірге сән беріп тұрған жусанның көгі. Одан қалса сидаңдап өскен жыңғыл да ұшырасады. «Нағыз Бетпақдалаға кіріп келеміз» дейді инспектордың бірі Қайырбек аға. Шетелдік көліктің артқы терезесін сырғыта түсіріп, төңірекке көз салдық.
– Әне, «Жиһантөбе» көрінді, – деді «Охотозопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының бас маманы Расул Маханов.
Әп-сәтте төбеге ырғып шыққан қос «Пикаптың» өкпесі әзір алқына қоймаған. Сонда да кабинадан түсіп, жан-жаққа бажайлап қарай бастадық. Бізбен бірге жүрген облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Олжабек Холов пен бас маман Кенжеғазы Нұрылдаев дүрбімен алыстағыны көздемелейді. Ал командир Расул Маханов қасында инспекторлар Қайырбек Маханбетәлиев, Нұржан Балжановқа қысқа да нұсқа тапсырма бере бастады.
Киіктің мекеніне келіп қалдық…
Қазақ даласында 334 мыңнан астам киік жүр
Біздің «Жиһантөбеден» басталған бағыт өндімеуге айналды. Өйткені, жолсыз жермен келеміз. Жиі тоқтаймыз. Киік төлдейді-ау деген сай-жыраларды инспекторлармен бірге жаяу шолып шығамыз.
«Арқаның Бетпақ деген даласы бар,
Бетпақ – шөл, ойлы-қырлы панасы бар.
Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсіп-өнген
Жәндіктің киік деген баласы бар…»
Сәкен ақын жырлайтын Сарыарқаның Бетпақтай шөлді даласын осылай аралап келеміз.
Құс атаулыдан әзірге кезіккені бір-екі түрі ғана. Біріншісі – қарақұс. Онда да аласа болғанымен, діңі мықты сексеуілді бұтаға балапан басқан ұябасарына кезіктік. Кей-кейде алдымыздан шыдамсыз безгелдек ұшады. Жұмыртқа басар уақыты болса керек бұның да.
– Мұнда келіңдер, – деп айқайлады 100 метрден әрірек жүрген инспектор Кенжеғазы. – Қызық көрсетейін сендерге.
Жусан мен баялышқа сүріне-қабына жетіп бардық. Сондағы көргеніміз – қара топырақ үстіндегі үш жұмыртқа.
– Бұлдырықтікі ғой. Әне ұшып жүр. Бұл да безгелдек секілді «Қызыл кітапқа» енген құс. Қарашы, ұясын топыраққа шұқырлап салғанын. Өзі жылдам ұшқанмен, жерде жорғалап жүргенде байқамай да қаласың. Осы дала топырағымен түстес, – деді инспектор Кенжеғазы.
Әріптесім, фототілші Нұрболат фотоаппаратын жердегі жұмыртқаға қаратып, шақылдата «сөйлетуге» кіріскен.
Бетпақдаланың барлық жері сондай деуге келмес, бірақ кейде бізге түйетабан өскен аумақ ұшырасады. Мұндайда көліктен түсіп, әрі түйетабанның астын түрткілеп көреміз. Оның да себебі бар.
– Аналық киік туа салысымен лағының қасында үнемі бола бермейді. Жайылымға шығады не әлденеден үркіп басқа шетке ығысуы мүмкін. Өз түйсігімен қауіптің алдын алып, төлін түйетабан жапырағының астына жасырып кетеді. Өздерің көргендей, жапырағы түйенің табаны секілді, астына лақ еркін сыйып кететіні белгілі. Ұрпағын қорғауда олар да осындай айлаға барады, – деп дала аңының өзгешелігін тілге тиек етті инспектордың бірі Нұржан Балжанов.
Осы кезде «Киік» акциясының маңыздылығын сөз еткен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Олжабек Холов біздегі киіктің санын да айтып қалды.
– Қазақ даласында 334 мыңнан астам киік жүр. Әзірге санақ қорытындысы осындай. Үстіртте 5900, Бетпақдалада 111500, Орал популяциясында 217000 бас киік бары ғылыми ұйымдар жүргізген санақ жұмыстарында белгілі болды. Ал биылғы киік санының қорытындысы енді белгілі болады, – деді бөлім басшысы.
Енді қараңыз. Соңғы 7-8 жылда киік өспесе азаймаған дейді мамандар. Анықтама ретінде айтсақ, 2012 жылы бізде 135 мыңнан аса киік өрсе, араға бес жыл салып, қайта санасақ, 2018 жылы 215 мыңнан асқан.
Біз көрші Ақтөбе, Қарағанды жері, одан әрірек Қостанай мен Ақмола облыстарының аумағында жосып жүрген киіктің Сырға қарай көбіне қыс түсе ауатынын ғана білетінбіз. Киік санының артуы – 2012 жылғы ҚР Үкіметінің 25 шілдедегі №969 қаулысына сәйкес жүзеге асырылған шаралардың арқасы. Өйткені, қаулыда көрсеткендей, киікті 2020 жылға дейін аулауға тыйым салынды. Ал былтыр бұл тыйым 2023 жылға дейін ұзартылды.
Иә, дала қорықшылары қорғайтын түз жануары өсіп келеді. Оған да шүкір делік.
Бір лақтың мың «анасы» бар
«Жиһантөбеден» шыққалы 60-70 шақырым жол жүріппіз. Арнайы база саналатын «Иткеткен» бұлағының басына жетуіміз керек. Мұнда «Охотозопромнан» жасақталған жедел әрекет ету тобы бізді күтіп тұр.
Осы топ жетекшісі Ербол Есенбековпен бірге Талғат Баймұқан, Базарғали Елешов, Бақытжан Исмайлов, Ғалым Асанов сияқты инспекторлармен 15 күн бойы елсізде жүреді. Вахталық әдіспен жапан түзде киік тыныштығын күзетіп жүр. Әсіресе осы мамыр айындағы төлдеу науқанында олардың жұмысы тіпті қарбалас.
Кешкілік «Иткеткен» бұлағының басында табиғат сақшыларымен емен-жарқын әңгіме басталды.
– Мына басы Ұлытаудан келер қар суы Бетпақдаладағы Ақшалы, Қалмаққырған өзендеріне түседі. Одан бөлек, әр жерде кеңес үкіметі қазған жерасты суы – бұлақтар да бар. «Наурызбай», «Командир» сияқты жерлердің барлығында жүрген киік осы су маңына жақын жайылады.
Бұрын «Промхоз» деп аталатын мекеме Ақшалыда тұрды. Ақшалы Жезқазған аумағына жататын Киікші дейтін жердің қасында. Онда осы дала аңы – киікті атып, етін дүкендерге өткізді. Мүйізін дәрілік мақсатқа, терісін жеңіл өнеркәсіпке пайдаланды. Есепсіз киіктің пайдасын осылай көрді. Бір қызығы, киіктің күйекке түсер кезінде де, туар алдында аталған мекеменің аңшылары мылтық ұстамайтын болған. Ал 1990 жылдардан бастап киік саны тым құлдырай бастады. Түрлі себеппен саны азайды, – дейді көп жылдан бері инспектор болған Базарғали аға.
Деректерге сүйенсек, 2003 жылы Қазақстанда 21 мыңнан сәл асатын ақбөкен жүріпті. Бұл кезінде 1 миллион 200 мың бас киіктен қалғаны еді. Елсізде өрген түз жануарының 80 проценті Қазақстанда мекендейтінін айтсақ, бұл ең төменгі көрсеткіш болатын.
Саны бірде көбейіп, бірде күрт түсетін ақбөкенге қатысты тағы бір деректі айтсақ. 2015 жылы жаппай індет тию себебімен біздегі 200 мыңдай киік қырылды. Бұл жалғыз Қазақстан емес, басқа да елдің аумағында мекендейтін киіктің жартысынан көбі жоқ болды деген сөз. Жақында ғана белгісіз себеппен Батыс Қазақстан облысында 400-ге жуық киіктің өлігі табылды.
– 2003 жылы «Охотозопром» ӨБ» мекемесі құрылды. Тұяқты жануарлар, оның ішінде киікті қорғауды мемлекет жедел қолға алды. Атуға тыйым салынды. Табиғат тыныштығын бұзатындарға жаза бұрынғыдан да күшейтілді. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының пәрменімен аң-құсты қорғау бағытында оң жұмыстар іске асқанын білесіздер, – дейді Расул Маханов.
Халық «ақбөкен» деп сүйсіне ат таңған, сайын даланың сұлуы мамыр айының ортасынан бастап жаппай лақтайды. Өсімге тікелей әсері бар мұндай уақытта инспектордың ұйқысы бұзылары анық. Аналық ешкінің төлдейтін уақыты келгенде текелер де бөлектеп шығады. Осы сәтті броконерьлер де күтіп жүретіні белгілі. Өйткені, мүйізден пайда көріп жүрген қаскөйлер мұндайда аталық киікті мейірімсіз қырудан тайынған емес.
– Текелердің бөлек кетуінің себебі бар. Әрі олар тым ашыққа жайылады. Өз түйсіктерінше сыртқы жаудан ешкілерді қорғаған түрі ғой. Өйткені, көзге бірінші түседі. Қуған аңшыны ізінен ерткен күйі төлдеп жатқан аналықтан алысқа алып кетуге ұмтылады. Жалпы желтоқсан айында олар жұптасады. Халық арасында бұны «киіктің матауы» деп те атайды.
Екінші бір айта кететін нәрсе, ешкілер ертемен лақтайды. Көбіне егіз туады. Түске дейін лағы бауырын көтеріп, енесіне еріп жүруге жарайды. Ерекшелігі сол, жылдам аяқтанады. Екі күннен кейін киіктің құралайын машинамен қуып жете алмайсыз. Сондай-ақ әр жылда киіктің еркегі мен ұрғашысын өздері реттеп отырады. Мысалы, бір жылда өз ішінде теке азайып кетсе, сол жылы ешкілер кіл еркек лақ туады. Аналық азайса да солай. Расында, табиғатта киіктің жаратылысы бөлек қой. Өзге аңдардай емес, өз жатырындағы ұрпағының жынысын ауыстыра алатын тек солар ғана шығар, – деді инспектор Нұржан Балжанов.
Киік өте жылдам өсетін жануар. Биылғы төлі ұрғашы, яғни шыбыш болса, алты айдан кейін ұрпақ әкелуге жарамды дейді инспекторлар. Ал еркек лақтар текелік жасау үшін кемінде бір жарым жыл жетілуі тиіс екен.
– Тамыз айына дейін лағын ертіп жүрген ешкі, сортаңға апарып, төлінің тұяғын тұзды жерге әбден пісіреді. Жүгіруге, дұшпанынан қашуға бейімдейді. Ал тамыздан кейін төлі бөлініп, бөлек табын болып жайылып кетеді. Дәруменді өсімдіктерді талғап жейді. Бізге белгілісі бар, білмейтін де шөптің түрімен қоректенетін олардың мүйізінің дәріге пайдалану себебі де осында, – дейді инспекторлар басшысы Расул Маханов.
Бір ғажабы, жаңа туған төлдің бір емес, бірнеше енесі болады. Өйткені, туған ешкі әлдебір қаскөйдің қолынан мерт болса, лақ жетім қалмайды. Далада қалған кез келген құралайды өзге аналық киік бауырына басып, емізіп, ізінен ертіп кете береді. Мұнда «менің не сенің лағың» деген түсінік не үй жануарларындай өзгенің төлін жатырқау жоқ. Тіпті, бір киік лағының жүздеген анасы болуы әбден мүмкін. Емшек сүтін осылайша бөліп жармайды жарықтық.
Киік төлдейтін уақытта қасқырдың да «іші өтетінге» ұқсайды. Дұрысы, олар ет жеуден қалады. Тағы бір нұсқасы азу тісі өскендіктен, қасқыр байғұстың да жағы қарысып, ауруға айналады. «Құдайдың бұл да бір киікке деген жәрдемі» дейді табиғат сақшылары.
Айтпақшы, киік әлдеқашан жойылып кеткен мамонт пен жолбарыстан бұрын пайда болыпты. Сол дәуірден осы күнге дейін жеткен олардың ғасырлар бойы өзін қорғау, көбею тәсілі өзгелерге мүлдем ұқсамайтыны ғажап қой.
«Отбасыммен қоштастым…»
Осыдан 10-15 жыл бұрын инспекторлардың жұмыс жағдайына былайғы жұрттың төзе қоюы неғайбыл еді. Ескі көлік, қорғаныс құралы аз сақшы үлкен «Джип» мінген браконерьлерге қайдан қарсылық көрсетсін?! Тек айбат қылғаны болмаса.
Сол кезеңдегі қиындық инспектор Кенжеғазының әлі есінде.
– 18 жылдық инспекторлық қызметімде талай қызық та, шыжық та өтті бастан, – деді ол күле сөйлеп. – Ұмытпасам, 2010 жылы қақаған қыста осындай кезекті рейдте көлігіміз сорға батып қалды. Қар қалың, ал сордың оның астында қалғанын біз қайдан білеміз?! Мінгеніміз «Нива» машинасы еді.
Төрт адам болып далада қалдық. Енді не істейміз? Қалған жеріміз Ақшалы маңы болатын. Содан бері қарай 80 шақырым жерде осы «Иткеткен» бұлағы бар. Сенесің бе, қалың қармен екі күн, бір түн жүрдік. Жаяу қалың қарды кешіп келеміз. Көтерген, қолға алған азығымыз біткен. Әлсін-әлсін тоқтап, суық қар асаймыз. Екінші күні түстен кейін төртеуміздің де үніміз шықпай қалды. Ілдәлап келеміз. Тамақ қарлыққан еді.
Өлдік деп ойладық бәріміз. Қалтамдағы телефонның диктафонын қостым. Сөйтіп әйеліме даусымды жазып, қоштасып жатырмын. «Ләйла, ана балаларға қара, мені кешіріңдер…» Не айтқаным анық есімде жоқ, осындай сөздерді қайталай беріппін…
Кенжеғазы ағадан есіткеніміздей, адасқан төрт инспекторға сәлден соң үлкен жүк көлігінің ізі кезігеді. Әлгі ізді көріп қуанған бұлар қайта күш алып, алға ұмтылады. Өйткені, жақын жерде «Иткеткен» бұлағы бар, одан әрі 20 шақырым «Бөгдек» атты жерде малшының қыстауы тұр.
Бұлақ басына жеткен соң Кенжеғазы қасындағы үш серігін тастап, алға жылжиды. Бар ойы – малшы отырған үйге жетіп, соның көлігімен қасындағы серіктерін де аман алып қалу.
– Жеттім де малшыға жағдайды айтып үлгердім. Әрі қарай есімде жоқ. Кейін сол жағдайды ойлаймын ғой. Таңғалатыным, қар басқан жолдың үстімен жүріп қыстауға жеткенім. Екінші бір айтатын керемет, әдепкі бұлақ басына жеткенде бес минутқа көзім ілініп кеткен еді. Сол кезде түс пе, елес пе, әйтеуір, үйдегі кішкентай қызым «папа, папа, тұр» деп жұлқылап жатыр екен. Ал сол кез ұйықтап кетсем, онда үсік шалып, бұл өмірде жоқ болатынымыз анық, – дейді Кенжеғазы Нұрылдаев.
Сол адасу кезінде екі қасқыр да көпке дейін бұлардың ізінен қалмапты. Сондағы жыртқыштардың бар тілеуі – адасқан төртеудің шаршап құлауы. Әбден әлсіреуін аңдыған қос бөрінің бұларға бата алмауының бір себебі бар. Ол инспекторлар қолындағы мылтық еді.
– Қазір жағдай біршама өзгерді. Мысалы, сіздер көріп, қолмен ұстаған «Сайга», СКС-1253 карабинді мылтығы, «Байкал» тапаншасы, АКМ-74 автоматы әр топта бар. Ол топ 15 күн сайын вахталық әдіс арқылы ауысып қызмет етеді. Мына біздегі арнайы пункт ретінде жабдықталған КАМАЗ, eкі Ланд Крузер LX-76, екі Тойота Хайлюкс те бізге қысы-жазы үлкен көмек болып тұр. Хабарласу рациялары, тікелей орталыққа шығар телефон да осында кезекші топта болады. Техника мен байланысу құралдары жаңарған соң аңшылар да аяқ тарта бастады, – дейді жедел әрекет ету тобының жетекшісі Ербол Есенбеков.
Қазір аймақтық инспекторлар қорғайтын аумақ 24 мың гектарды құрайды. Оның 6 мыңы орман қорына жатады екен.
– Бәрі бекітілген жоспарға сәйкес жүреді. Киікті, жалпы жануарларды қорғауда инспекторлар жаңа техника, арнайы киім және қарумен қамтылған. Жанармай мен азық-түлік мол. Қызметкерлерге іссапар шығыны төленіп, жылжымалы жатақхана берілген. Біздің инспекция, аудандық, қалалық полиция бөлімдері, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер және «Охотзоопром» ӨБ филиалы қызметкерлерінен құралған мобильдік топ бар. Киікті қорғауға Арал мен Жаңақорған арасындағы облыс шекарасы белгіленген аймақ кіреді. Мойындау керек, заң күшейтілуіне қарамастан, киік аулайтын қаскөйлер тыйылар емес. Біздің мақсат – жануарлар тыныштығын сақтау. Күшейтілген рейдтің арқасында өткен жылдарға қарағанда киік саны 55 процентке өсті, – деп әңгімесін бір қайырды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Кенжеғазы Нұрылдаев.
Жануар атқанның жазасы қалай?
Мемлекет басшысы тікелей назар аударып отырған дала жануарын қорғау бұрынғыдан да күшейтілгенін айттық. Ал жазасы тіпті ауыр. Мысал келтірсек.
Былтырғы жылдың басында қолданыстағы заң талаптары қайта қаралып, өзгерістер енгізілді. Заңсыз аңшылықпен немесе тасымалдаумен, сақтау, сату, сатып алумен айналысқан тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 337 және 339 баптарындағы жазалау санкциялары қатаңдатылған. Бұдан бөлек, мемлекетке келтірілген шығынын да қосып есептейтін көрінеді. Нақты айтар болсақ, бір киіктің текесін жазым етсеңіз, 500 АЕК, яғни, 6 млн 250 мың 500 теңге айыппұл арқалауға мәжбүрсіз. Ал аналығы мен төлінің айыппұлы 350 АЕК немесе 4 млн 375 мың 350 теңге. Текелердің құны қаншалықты екенін жоғарыдағы айыппұлдан бағалай берерсіз. Мұнан басқа, киік атып, жазалы болғанның барлық пайдаланған көлігі мен қару құралдары қылмыс құралы болып дәлелденсе, міндетті түрде тәркіленеді.
– Қазір мүйізді қабылдайтын Қытай жақтың жолын тиісті органдар арқылы жапты. Бұл енді мүйіз қабылданбайды деген сөз емес. Жасырын жолмен өткізетіндер бар. Талай көзіміз көрді. Текелерді бірыңғай қырып, мүйізін қағып алып кеткен. Қазір заң күшейгелі киіктен аяғын тартып жүр, – деді Расул Маханов.
Даланың ерке сұлуы – ақбөкеннің төлдеу, көбею кезінен бөлек, көшіп-қонуы, өріс ауыстыру уақытында арнайы шаралар жүргізіледі. Құзырлы органдардан жұмысшы топ құрылып, киіктің төлдеу, шоғырланған орындарындағы топырақ, ауа және судан биологиялық сынамалары алынып тұрады екен.
– Инспекцияның, жергілікті атқарушы органдарының, табиғат және құқық қорғау мекемелері бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес, облыс көлемінде табиғат қорғау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жүргізілген рейд барысында, былтыр облыс бойынша киікке қатысты 8 қылмыстық іс тіркелген. Оның бесеуін сот органдары қарап, айыптыларға 2 жарым, 3 жыл бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалған. Бір қылмыстық іс бойынша тергеу мерзімі үзілген. Тағы екеуі басқа облыстардағы қылмыстық істермен біріктіріліп, Қарағанды облысына жолданса, бір қылмыстық істі сот органдары қарап жатыр, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Олжабек Холов.
2019 жылы киік аңына қатысты қылмыстық іс тіркелмеген. 2018 жылы осы мәселеге қатысты 9 дерек сотқа жолданған. 16 адам бас бостандығынан шектеліп, келтірілген 95 млн теңге шығынды мемлекет пайдасына өндіруге үкім еткен. Оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылық құралы болып табылған 2 Тайота Ланд Крузер, 1 Митсубиси Паджеро, 1 УАЗ, 2 мотокөлік және 7 аңшы қаруы тәркіленген.
Сапар түйіні. 365 күннің 200-ден астамын елсіз далада өткізетін инспекторлармен бірге ас ішіп, бірге түнеп, біраз жайға қанықтық. Бейбіт күннің нағыз батырлары осылар шығар. Сапар барысында жылт еткен кесірткеден бастап, дала балпағын, тіпті сирек кездесетін дуадақты та көрдік. Ара-тұра екі-үш бас киік ешкісі де кезігеді. Төлдеу маусымы басталғалы аналық біткен көзге көп түсе қоймайтыны белгілі ғой. Инспекторлар тілімен айтсақ, олардың «перзентханасы» Қостанай, Торғай даласында көбірек кездеседі екен. Ал қазақ киелі санаған түз жануарының текелері біз барған Бетпақдалада бөлек жүйткіп жүр. Әрі жиі кездеседі.
Айтпақшы, осы мамырдың үшінші онкүндігі желді һәм жаңбырлы өтуші еді. «Құралайдың салқыны» дейтін көнекөздердің дөп айтатынындай бар. Өзін де, лағын да осы жел бағытымен жауған жаңбыр суына «жуындыратын» қасиетіне және қалай тәнті болмайсыз, ә?!
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<