Қаржыгер Қалекең

457

0

Қаржыгер Қалекең Балалық шағымыз ауылда өтті. Әсіресе, оқу жылы аяқталып, жазғы демалысқа шыққан кезіңнің қызықтарын айтып тауысу қиын. Өз еркің өзіңде, аядай ауылдың бірде ол басында, бірде бұл шетіне ойын қуып, қатарластарымызбен алаңсыз шуылдасып жүретін едік. Сондай күндердің бірінде біздің көшеде бос тұрған бір үйге жүк машинасы келіп тоқтап, үстіне тиеген заттарын түсіре бастады. Ауылға жаңадан бір үйдің көшіп келгенін сонда білдік. Қызықтап қарап тұрмыз.
Бұл – күнде бола бермейтін жағдай. Байқағанымыз, көш иесі ұзын бойлы жас жігіт те, қасындағы басына орамал тартқан келіншегі екен. Сөйтсек, бұлар ауылға келген жас мамандар болып шықты.  Жігіттің аты – Қалдыбек, келіншегінің аты Нағима екен. Екеуі де Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп, есепші мамандығын алыпты. Қалекең бас экономист, жеңгеміз есепші болып жұмысқа кірісіп кетті. Ертемен екеуі үйінен жұмысқа бірге шығып, кешкілік бірге қайтып келе жатады. Оларға біздің де көзіміз үйреніп кетті, өздері де елмен сіңісіп, ауылдың беделді азаматтарына айналды. Ел іші сыншы ғой. Бала болсақ та, әңгімеге құлақ түре жүреміз. «Келген жас жігіт өте білімді, өз ісінің білгір маманы екен», – дегенді ауыл адамдары бас қосқанда айтып отыратын. Содан-ақ, Қалекеңнің жұмысқа деген талапты, ізденуді сол жылдары-ақ жанына серік еткенін білуге болады.
Көктемде тасталған дән күзде пісіп жетіледі. Уақыттың ағынымен адамдар да табиғат жемісі сынды тамырынан нәр алып, өзегіне дән байлап, азамат болып жетіліп, ел ісіне араласа бастайды.  
Біз де өстік. Балалығымыз қай сайда қалғанын қайдам, әйтеуір, бұрынғыдай еркіндік жоқ. Бойға салмақ, ойға қанат байладық. Сол кездері өмір жолында Қалекеңмен араласуға, бірге жүруге тура келді. Көп сөйлемейтін, айтатын пікірін санасында саралап, көңілінде пісіріп бір-ақ кесіп айтатын. Сондықтан болар, оның айтқан сөздері айдалаға кетпей, нысанаға дөп тиіп жататын. Бұл қасиет, әрине, оның азаматтық келбетін айқындап, дара тұлғасын айшықтай түсетін.
Спортқа жаны жақын екен. Талай рет волейболдан өткен аудандық жарыстарға бірге қатыстық. Ұзын бойлы Қалекең көтерілген допты қарсыластар алаңына ұрғанда, ол жақтан кейін қайтуы қиындау еді.
Ауылда жүріп тәжірибе жинап, көп­теген жақсы істің ұйытқысы болды. Жас шаңырақ та үлкен қуаныштарға бө­леніп, ұл мен қыз дүниеге келді. Сөйтіп отбасының тұрмысы түзеліп, келешегіне ұрпақ күлкісінен шуақ төгілді.
Бір күні Қалекең ауылдан Қызылорда қаласына жұмыс ауыстырып кетті. «Жақ­сы маман еді, кеткені бекер болды», – деп ренжігендер де, «Білімді жігіт қой, жоғары жақта жұмыс жасағаны дұрыс» дегендер де болды. Бұрынғы колхоздың төрағасы алмасып, Болатбек Сүлейменов елге басшы болып келді. Ауданда көп жыл жоғары қызмет атқарған ағамыз жұмыста өте тәжірибелі азамат еді. Келген бойдан көптеген істі қолға алды. Ауылдың экономикасы да, мәдениеті де айтарлықтай дәрежеде өзгерді. Сонымен қатар кадр мәселесіне қатты мән берілді. Іскер азаматтарды жанына топтастырды. Сөйтіп, қалада жүрген Қалекеңді қайтадан елге шақырып алды. Ауылдың келбеті кереметтей өзгерді, елдің тұрмыс жағдайы айтарлықтай жақсарды. Соның бәрінде Қалекеңнің де еңбегі бар екенін ел біледі, халық түсінеді.
Ел егемендік алып, көптеген құры­лымның мәні мен мағынасы өзгеріп, қарбалас тірлік, сын сағаты туды. Мол тәжірибесі бар Қалекеңе Қармақшы ауданы бойынша салық инспекциясының бастығы қызметі сеніп тапсырылды. Жаңа жұмыста ауданның түсім салығын арттыру, жаңа жүйені қалыпқа келтіру ісі оңайға түскен жоқ. Міне, осы кезде бұрынғы жиналған тәжірибе мен біліктілігі көп істің оңтайлы шешілуіне оң ықпалын тигізді. Ауданның бюджетін толтыру үшін тынымсыз еңбек етіп, тиыннан теңге құрауға тура келді. Осындай сындарлы сәтте Қалекең қай кезде де абырой биігінен көріне білді.
Қалдыбек Сүлейменов ағамыздың өмірбаянына қысқаша тоқтала кеткім келіп тұр. Ол 1955 жылы 23 қазанда Жосалы кентінде туылған. Тереңөзек ауданындағы Шаған қыстағында орта мектепті бітіріп, Қармақшы ауданындағы Ленин совхозында жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. 1979 жылы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтынан ауыл шаруашылығының экономикасын ұйымдастырушы мамандығын алып шығады. Алдымен Ленин сов­хозында техник-нормалаушы болып жұ­­мысқа орналасады. Одан соң көрші­лес Энгельс атындағы колхозда бас эко­номист қызметіне ауысады. Көп жыл Қармақшы, Жалағаш аудандарында са­лық ко­митетінің төрағасы қызме­тін ат­қарды. 2014 жылдан осы кезге дейін Қармақшы ауданы бойынша Мемле­кет­тік кірістер басқармасының басшысы қызметін атқарып келеді. Қалекең 40 жылға жуық еңбек жолында қосшы да болды, басшы да болды. Қай жерде жүрсе де адами қасиетін сақтап, елге адал қызмет жасаған екен. «Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Панаң да – ел, данаң да – ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім», – деген екен бір данышпан атамыз. Қалекең де елмен бірге болды, абырой жинады. Қармақшыда «Қаржыгер Қалекең» атанды. Көп жыл жасаған еңбегі еленіп, өз бағасын алды. Қызылорда облысы мен облыстық салық комитетінің «Құрмет грамотасымен» бірнеше рет марапатталды. «Салық қызметінің үздігі» атағы мен «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісін иемденді. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалін тақты.
Осы күзде Қалекең де пайғамбар жасына жетіп, зейнеткерлік демалысқа шыққалы отыр. Бұл да Алланың адамға берген үлкен сыйы. Бұған жеткен де, жетпеген де бар. Ендігі уақытта балаларына бас-көз болып, немерелерін тәрбиелеп, Нағима жеңгемізбен жарқын ғұмыр кешуіне шын жүректен біз де тілектеспіз.
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<