Облыстық тарихи-өлкетану музейінің коллекциясы ерекше домбырамен толықты. Аша (қосбет) домбыра – қазақтың ән-күй өнерінде ежелден қолданыста болған аспап. Домбыра қос бетімен ерекшеленеді. Әр бетіне екі-екіден ішек тағылатындықтан «төрт ішекті домбыра» деп те аталады.
Аша домбыраның ойнау техникасында екі нұсқа қарастырылады. Бірі – домбыраның бір беті әнге, екінші беті күйге ыңғайландырылса, екінші нұсқа – домбыраның бір жақ беті оң бұрауда, екінші жақ беті теріс бұрауда орнатылған. Аша домбыра әнге де, күйге де келе беретіндіктен халық «әмбебап домбыра» деп те атаған. Солақай ойнайтын күйшілер де көп жағдайда осы аша домбыраны пайдаланған. Сол себепті де аша домбыраның құлағында ойнау үлкен шеберлікті қажет етеді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің этнографиялық зерттеулері нәтижесінде қазақтың көнеден келе жатқан, қазіргі таңда ұмыт қалған музыкалық аспабы – аша домбыра қайта жаңғырып, халық назарына ұсынылып отыр. Музей қызметкерлерінің зерттеулері нәтижесіндегі деректер негізінде домбыраның реконструкциясын жасау Сыр елінің тумасы, елге белгілі ұста-шебер Бекзат Жақыповқа тапсырылды.
Негізінен домбыралар дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады. Аша домбыра құрама әдіспен жасалған. Аша домбыраға ерекше тембр беру үшін ұста қарағай мен қайың ағашын пайдаланған. Домбыраның бұл түрін жасау ұстаға оңайға соқпаған. Сирек жасалатын ерекше құрылымды бұл домбыраны жасау кезінде ұқыптылық пен ыждағаттылық талап етіледі. Ұста домбыраны жасау барысында кесу, жону, ою, жапсыру, бекіту әдісін пайдаланған. Музей қорындағы аша домбыраның шанағы текше, формасы сопақша, қалыңдығы – 5 см, ұзындығы – 100 см. Ұста өз қолынан шыққан бұл домбыраның ән-күйге арналғанын айтады.
Домбыра қазақ жеріне қазақтан бұрын келді десек, еш қателеспейміз. Сонау Хорезм маңынан табылған балбал тастағы суретте бала қолына бір аспапты ұстап отыр. Оған әлемде ең ұқсасы – қазақтың домбырасы. Осы балбал тастың тарихы б.з.д. 5 мың жылдан басталады. Бұл – қазақ деген атаудың да жоқ кезі. Демек, осы нақты дәлел, қазақтан бұрын домбыраның болғанын растайды. Көне түрік дәуірінен бері ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып жеткен домбыра – қазақ халқының баға жетпес ұлттық рухани құндылықтарының бірі болып саналады. Байырғы заманда көне аспаптар ән, жыр, ертегі-аңыздарды сүйемелдеу үшін ғана қолданылса, енді домбыра күрделеніп, жеке шығарма орындауға арналған аспаптар қатарына қосылды.
«Қазақ пен домбыра – егіз ұғым» десек, осынау ата-бабадан қалған домбыра түрлерінің қайта жаңғырып, өз қасиетін жоғалтпағаны дұрыс.
– Домбыра, мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе, – деп Қасым Аманжоловтың өлеңіндегі екі ішекті осы бір музыкалық аспап ұлтымыздың қасиетін айғақтап жатқандай көрінеді.
Қазір аша домбыра облыстық музейдің «Этнография» залына қойылған.
Л.ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<