АҚША ШАҚЫРАТЫН ЫРЫМДАРҒА СЕНЕСІЗ БЕ?

2262

0

АҚША ШАҚЫРАТЫН ЫРЫМДАРҒА СЕНЕСІЗ БЕ? Қазіргі күні ақшаны жақсы көрмейтін адам жоқ шығар, сірә? Ақшаны әркім әрқалай жолмен тауып жатады. Оның ішінде адал еңбекпен тапқан ақшаға ештеңе жетпейді. Бүгінгі күні осы ақшаны үйге шақыруға арналған көптеген ырымдар бар. Бірі ертеден келе жатса, енді бірі бертінде адамның сенімі мен заман талабына орай шыққан. Оны қолданып, ырымдарды қалтқысыз орындайтындар арамызда жетерлік. Сондай ырымдардың кейбіреулеріне тоқталып өтсек.

Мәселен, күн батқаннан кейін ақша санауға болмайды. Өйткені, кірер табысыңыз азаяды екен. Сондай-ақ, сейсенбі күні қарыз сұраудан аулақ болыңыз, кем дегенде бір ай бойы қарызда жүресіз деген ұғым бар. Ал ақшаны үнемі әмиянда ұстаған жөн. Егер қалтада қалай болса, солай шашылып жатса кіріс кірмейді. Яғни, бұл ақшаның да өзін баптамайтын жерге барғысы келмейтіндігімен түсіндіріледі. Оған қоса әмиянда ақша таусылса кем дегенде тиын тастай салатынымыз бар. Ол келесі ақшаны шақыратын болады деген түсінік. Жаңа ай туғанда біреуден қарыз ақша алып, ай толған уақытта ұсақ ақшамен қайтарылса, қалтамыз үнемі ақшасыз қалмайтын көрінеді. Кейде тіпті үйде тұрған бос құмыра, бөтелке секілді дүниелердің ішін бос қалдырмай дән секілді заттар салып қоятындарда кездесуде. Егер бос тұрса ақша келмейтінге ұқсайды. Айлық немесе қомақты қаржы түскен күні қарызды өтемей, үйге түнету керек. Несібең өзгеге кетіп қалады. Сол сияқты ақшаны айнаның алдына қойса, ақшаң еселенеді деген де ырым бар. Ал біреуге ақша берерде ақшаны ағаштан жасалған үстелдің үстіне қойған дұрыс. Өйткені, адам өз қолымен ақшаны басқаның қолына бергенінде өз қуатын бірге беруі мүмкін. Мұны мамандар былай түсіндіреді: егер ағаштың үстінен алсаң ағашта қуат күшін тұншықтыратын қасиет бар. Сол уақытта үстелге қою мүмкіндігіңіз болмаса, үйге келісімен әлгі ақша салынған әмияныңызды ағаш үстелдің не сөренің үстіне жарты сағат қою қажет. Ақша алғанда да байқас болған абзал, себебі, ауру немесе ниеті бұзық адамның қолынан алынған ақша сәтсіздікке ұшыратуы мүмкін. Оған қоса, ақшаны түнде беруге, түнде алуға да болмайды. Басты себеп, ақша да барлық табиғаттың құрылым бөлшектері тәрізді таңертең оянып, күн батқанда ұйықтайды. Сондықтан да ұйқыдағы ақшаны алып та, беріп те қажеті жоқ.

     Саудагерлер болса, саудадан түскен ақшаны өнімнің үстін айналдыру арқылы ақша шақырады. Бұл – тұтынушым, ақшам көп болсын деген ойы. Қазіргі кезде шығыстың фен-шуй ғылымынан енген осы секілді түсініктер біздіңде санамызға жәймендеп сіңуде. Мұндай ырымдар орыс халқында да кездеседі. Олар айналасындағыларға, тіпті, жақынына береке кетеді деп  күн батқанда қарызға ақша бермейді. Олар қарыз бергенде сенде үнемі болсын, менде еселене берсін деп отырады. Ақшаны бір жерде сақтау қажет, тиындар әр жерде шашылмау керек деседі. Тамақ ішетін үстелге түнде ақша қалдыруға болмайды. Сәтсіздік пен кедейлікке әкелуі мүмкін. Бразилиялықтардың түсінігінде сөмкені не әмиянды жерге қоюға болмайды, кедейлікке әкелуі мүмкін. Бұл ырым Филиппин халқында да кездеседі. Қалай десек те, мұның барлығы дерлік ақша үнемі болсын деген тілектен туған.

       Соңғы уақыттарда көптеген психологтар «ақшам жоқ», «менде үнемі ақша болмайды», «маған ақша қайдан келсін?» деген сияқты сөздерді ешқашан айтпауға кеңес береді. Неге дейсіз ғой? Себебі, осы сөздерді санаға сіңдірсең, миға орнығып алған мұндай ойлар міндетті түрде өміріңізде орындалады. Оның орнын «уақытша болмай тұр», «менде көп ақшаға қол жеткіземін» дегендей жақсы сөздермен ауыстыру керектігін айтады. Сондай-ақ, ақшаны алғанда шын көңілмен алып, өтегенде өз ризашылығыңмен қайтаруды да ескертеді.

     Жалпы ақша қасиетті нәрсе. Себебі, қоғамды адамның организмі деп алатын болсақ, ақша сол организмге қан жүгіртіп, тіршілік етуге мүмкіндік туғызып отырған қан тамыры секілді. Сондықтан оны дұрыс қолдана, бағалай білуіміз қажет. Ал, ырымға келер болсақ, ол адамның сеніміне байланысты. Десе де, ырымға сеніп еңбектенбей жүрген әсте дұрыс емес. Сіз осындай ырымдарға сенесіз ба? Оны сіздің еншіңізге қалдырамыз.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<