Атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа шарттары қандай?

504

0

Атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа шарттары қандай? Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмек төлеудің негізгі тетіктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және одан өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс. Осыған байланысты келесі негізгі тетіктер ұсынылады. Біріншіден, АӘК-тің тоқсан сайын тағайындалуын қайтару және тиісінше, шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау», – деді ол.

Министрдің айтуынша, бұл бір жағынан АӘК алушылардың өз табысын жасыру жағдайларын барынша төмендетеді. Екінші жағынан – көмекті тағайындау тәртібі әділ болады.

«Себебі отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқсанда көбіне азаю жағына өзгеріп жатады. Яғни, АӘК-ті тоқсан сайын есептегенде тағайындалған мөлшері ұлғаюы мүмкін. Екіншіден, барлық отбасы мүшелеріне АӘК орта табысы мен кедейшілік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленетін болады. Үшіншіден, егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылады. Сонымен қатар бала күтімімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығын беру ұсынылады», – деді министр.

Б.Нұрымбетов төртіншіден, учаскелік комиссиялар жұмысы күшейтілетіндігін айтты.

«Өкінішке қарай, атаулы әлеуметтік көмек алушылар бірнеше қабатты жеке үйлерде тұрып жатқан, бірнеше автокөлігі болған, жер учаскелері мен қосалқы шаруашылықтарының үлкен көлемде болған мысалдар аз емес. Бұл жағдайлар учаскелік комиссияның жауапкершілігінде. Сондықтан заң жобасында учаскелік комиссиялар үшін атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау өлшем шарттарын бекіту үшін орталық атқарушы органның құзыретін қарау ұсынылады», – деді ол.

Осы орайда министр атаулы әлеуметтік көмекке үміткер отбасылардың санының артуы қоғамдық негізде жұмыс істейтін учаскелік комиссиялардың жұмысына әсер еткенін мойындады.

«Сондықтан біз заңда учаскелік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына қорытынды жасау үшін мерзімді үш күннен жеті күнге дейін арттыруды ұсынамыз», – деді Б.Нұрымбетов.

Еске салайық, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бүгін Үкімет отырысында атаулы әлеуметтік көмекті берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын таныстырды. Басты бағыт – еңбекке ынталандыру, азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету.

Жаңа заң жобасында көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамастан төлеу ұсынылып отыр. Ол балалардың санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған мөлшерде беріледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<