Қауіпсіз ойыншықтар қандай болуы керек?

1012

0

Қауіпсіз ойыншықтар қандай болуы керек? Қызылорда қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы балалар ойыншықтарының 33 үлгісіне санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жасады. Бұл сараптама ойыншықтардың Кеден одағының №008/2011 «Ойыншық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті талаптарына сәйкес не сәйкес еместігін анықтайды. Бақылау нәтижесінде 2 үлгіде сәйкессіздік анықталды. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде ұйғарым талаптарының толық орындалмауына байланысты әкімшілік іс қозғалып, Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына 2 іс жолданды. Әкімшілік соттың қаулыларымен 2 жеке кәсіпкерге 100 АЕК  мөлшерінде айыппұл салынды.
Мониторинг шеңберінде жүргізілген сараптама  нәтижелері көрсеткендей, ойыншықтарда кездесетін сәйессіздіктер көбінесе органолептикалық көрсеткіштері мен таңбалануына қатысты, сонымен қатар физикалық факторлар бойынша да талапқа сай келмейтіндігі анықталды, яғни үлгінің беті кедір-бүдірлі, үшкірлі болып келеді. Бұл өз кезегінде баланың жарақаттануына алып келуі әдбен мүмкін.
 Ойыншықтар Кеден одағының №008/2011 «Ойыншық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана нарық қатынасына шыға алады, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай белгісімен таңбаланылуы тиіс.
Жоғарыда аталған техникалық регламенттің 4-бабында ойыншықтар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар көрсетілген. Ойыншықтарды пайдалану балалардың жас айырмашылықтарына байланысты болуы керек. 3 жасқа дейінгі балаларға табиғи ішік, табиғи тері, шыны, фарфор, түкті резеңке, өлшемі ылғалды ортада 5% аса ұлғаятын сылдырмаққа ұқсас ойыншық толтырмаларын қолдануға болмайды. Сонымен қатар, ойыншықтарды бұрын қолданыста болған материалдарды қайта өңдей отырып, қайталама шикізатты пайдалануға жол берілмейді. Ойыншықтар дайындалатын материалдар таза (ластанбаған), инфекцияланбаған болуы және техникалық регламент талаптарында көрсетілген стандарттарға сәйкес болуы тиіс.
Ойыншықтардың қорғаныш-сәндік жабыны ылғалды өңдеуге, тер мен сілекейге төзімді болуы тиіс. Ойыншық және оның құрамдас бөліктері, бекіту бөлшектері механикалық жүктемелерді көтеруі тиіс, оларды мақсаты бойынша пайдалану кезінде үгітілмеуі және өзінің тұтыну қасиеттерін сақтауы тиіс. Олардың қолжетімді жиектері, ұштары, қатты бөлшектері, серіппелері, бекітуші бөлшектері, саңылаулары, бұрыштары, шығыңқы жерлері, баулары, арқандары, қозғалатын құрамдас бөліктері балалардың жарақат алу қатерін болдырмауы тиіс. 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтардың алмалы-салмалы бөлшектерінің, сондай-ақ ойыншықтарға тікелей бекітілген бөлшектерінің өлшемдері балалардың жоғарғы тыныс алу жолдары түсуін және олардың  тұншығуын болдырмайтындай етіп жасалуы керек. Жұмсақ ойыншықтарда қатты немесе өткір бөгде заттардың болуына жол берілмейді, жұмсақ ойыншықтардың жіктер мен тігістері берік болуы тиіс. Электр энергиясы көзімен жанасатын немесе жанасуы мүмкін ойыншықтардың бөлшектері, сондай-ақ кабельдер, сымдар электр тоғымен зақымдануды болдырмау мақсатында механикалық қорғалған және оқшауланған болуы керек.
Тұтынушыға арналған ақпарат, таңбалануды оқығанда анық,жеңіл оқылатын, тексерілетін, қарағанда және сәйкестендіргенде қолжетімді болуы шарт. Таңбалануды өндіруші немесе импорттаушы жүзеге асырады. Таңбалану келесідей ақпараттармен қамтылады: ойыншықтар атауы, ойыншықтар өндірілген ел атауы, өндіруші, импорттаушының атауы мен орналасқан жері, олармен байланысатын ақпарат, өндірушінің тауар белгісі (бар болған жағдайда), балалардың жасын анықтайтын, ең төменгі бала жасы, негізгі конструкцялық материалдар (3 жасқа дейінгі балалар үшін), ойыншық күтімі (қажет болған жағдайда), дайындалған мерзімі (айы, жылы), қызмет мерзімі немесе жарамдылық мерзімі (олардың орнатылуына байланысты), сақтау шарттары (қажет болған жағдайда). Ойыншық таңбалануында көрсетілген ақпараттарміндетті түрде орыс тілінде және мемлекеттік тілде болуы тиіс.
Нарыққа шығар алдында алдымен жоғарыда аталған Кеден одағы техникалық регламентінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті растау рәсімінен өтуі шарт. Ойыншықтардың сәйкестігін растау сертификаттау түрінде жүзеге асырылады. Ал сертификаттау Кеден одағының Бірыңғай сертификаттау жөніндегі органы мен сынау зертханаларының тізіліміне енген  сертификаттау органымен жүргізіледі.
Қазіргі нарықта кездесетін ойыншықтардың кейбірі жағымсыз иісті, шеттері тым үшкір немесе өңделмеген, ұсақ бөлшектерден тұратын болып келеді. Өкінішке орай, мұндай ойыншықтар баланың қолына түссе өте қауіпті, өйткені, қолына ұстай отыра зақымданып алады немесе ұсақ бөлшектерді жұтып қоюы әбден мүмкін. Әрбір тұтынушы мен ата-ана балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатындаойыншықтарды сатып алған кезде олардың сәйкестігін растау сертификаттарын талап етуі керек, сондай-ақ, ойыншықтардың тағайындалуы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар қоятын Кеден одағының техникалық регламенті бар екені көкейлерінде болғаны абзал. Егер тұтынушы сатушыдан бұл талаптардың орындалуын талап етсе, ал сатушы өз кезегінде талаптарға сай өнімді әкелсе, нарықта сапасыз тауарлардың саны азаяр еді.
Құрметті ата-ана! Балалар ойыншықтарын дұрыс, сапалысын таңдап, жоғарыда аталған талаптарды ұстанған жағдайда ғана өз сәбиіңіздің денсаулығы мен өміріне сенімді бола аласыз.

Қызылорда қалалық тауарлар мен
көрсетілетін қызметтердің сапасы мен
қауіпсіздігін бақылау басқармасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<