Биыл жер-жаһанды әбігерге салып, адамзатқа орны толмас алапат апат алып келген екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толды. Ел тарихына байланысты жазылғандарды оқып, зерделей жүретін әдетіммен 1974 жылы «Қайнар» баспасынан шыққан Социалистік Еңбек Ері, Қызылорда облысы мен Жалағаш ауданының құрметті азаматы Ұзақ Еспанов ағамыздың «Сыр күріші – ел ырысы» деген кітабын қайталап оқып шықтым. Туған ауылым «Мәдениет» совхозын 14 жыл басқарған ауыл шаруашылығының майталманы Ұзақ ағамыздың осы кітабында «Мәдениет» совхозының құрылуы мен өсіп-өркендеуіне, кезінде қол жеткізген жетістіктеріне байланысты көптеген құнды мәлімет айтылыпты.
Кітаптың «Айналайын, адамдар» деген тарауында «Мәдениет» ауылында 1973 жылы бой көтерген Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтар есімдері жазылған ескерткішке байланысты айтылған жайлар маған ой салды. Себебі сол 1972-1973 оқу жылында 5-6 сыныпта оқитын біздің де осы ескерткіштің ашылуына қатысымыз болған еді.
Біз оқитын №32 «1-Май» орта мектебінде Гүлжайна Төлегенова деген апайымыз аға пионер жетекшісі еді. 1973 жылдың басында Гүлжайна апайымыздан 1941-1945 жылдардағы Отан соғысынан оралмаған ауылдастарымызға арнап ескерткіш ашылатынын естідік. Апай ескерткішке аттары жазылатын қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен жауынгерлердің тізімін жасауға атсалысуымыз керек екенін айтып, жеке-жеке тапсырма берді. Содан біріміз бес-алтаудан, біріміз он шақтыдан соғыстан елге оралмаған әке-ағаларымыздың дерегін тауып, Гүлжайна апайымызға тапсырдық. Міне, ауылда қанды қасап қырғын соғыстан оралмаған боздақтардың ескерткішінің ашылуына қатысымыз болды деуімнің басты себебі осы. Ал ауылдағы ескерткіш 1973 жылы 7 қыркүйек күні ашылды. Сол күнгі оқиғалар дәл бүгін болғандай жадымда сақтаулы.
Тұғырымен қоса есептегенде биіктігі бес метрлік автомат асынған, пилоткалы жас қазақ солдатының тас мүсіні сол күні ақ жібекпен жабулы тұрды. Поштаның жанындағы бағана басына орнатылған репродуктордан соғыс уақытындағы және одан кейінгі кезеңдерде шыққан патриоттық әндер шырқалды. Ауылға жан-жақтан ағылып келіп жатқан жеңіл көліктерде есеп жоқ. Әскери УАЗ-452 жеңіл көлігімен келген парадтық үлгідегі форма киген бір майор мен лейтенантты және алты жауынгерді көргенде көзіміз жайнап кетті. Себебі ол кездерде әскери форма кигендерге елдің, әсіресе біздей мектеп оқушыларының құрметі ерекше еді.
Облыс жұртшылығының өкілдері қатысқан ескерткіштің ашылу салтанаты басталғанда ауыл үстіне тыныштық орнай қалды. Ескерткіштің ашылу салтанатын жүргізген сол кездегі совхоз партком хатшысы Өтеп Сәрсенбаев ағамыз бір минуттық үнсіздік жариялады. Бір минуттық үнсіздік аяқталған соң, әскерилер қызыл туды көтеріп, құрметті қарауылға тұрды.
Содан облыс, ауданнан келген басшылар, облыстық әскери комиссар сөз сөйледі. Олар сұм соғыстан оралмағандарға ескерткіш қойғандары үшін ауыл еңбеккерлеріне, кеңшар басшысы Ұ.Еспановқа алғыс айтты. Ауылдағы Ұлы Отан соғысының ардагері, ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерінің иегері Хамза Әбиев пен Қызылорда қаласынан келген Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов ағамыздың соғыс туралы естеліктері өте әсерлі болды. Олардың айтқан әңгімелерін сұм соғыстың ауыртпалықтарын мойнымен көтерген қарт жауынгерлер мен тыл ардагерлері көздеріне жас алып тұрып тыңдады.
Сонда Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов: «Биыл соғыстың біткеніне 28 жыл толды, соғыс болған жерлерді айтпағанда, ауылдық жерлерде ашылған, соғыстан оралмаған Отан қорғаушылардың құрметіне қойылған облысымыздағы алғашқы ескерткіш осы» деді. Сол жиында сөйлегендердің барлығы да ауыл еңбеккерлеріне, әсіресе совхоз директоры Ұзақ Еспанов ағамызға шексіз алғыс айтып жатты.
Сөйтіп асыға күткен сәт келіп, ескерткіштің ақ жібек жамылғысы түсірілді. Сол сәттегі бірін-бірі құшақтап, көздеріне жас алған көнекөздерді көргенде біз де ерекше бір толғаныста болдық. «Енді не болар екен?» деп көзіміз жыпылықтап, кішкентай жүрегіміз дүрс-дүрс соғып тұрғанда бір топ ақ жаулықты әжелер (соғыс жесірлері) жоқтау айтып қоя берді. Бұл – бірі ұлынан, бірі жарынан айырылған ақжаулықты кейуаналардың зарлы жоқтауы еді. Соғыс атаулының қасіретін алғаш рет сезіндік.
Көп жыл өткен соң, 2013 жылы (ескерткіштің ашылғанына қырық жыл толар тұста) Ұлы Отан соғысынан ауылымызға оралмаған боздақтарға ескерткіш қойылуына мұрындық болған Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспанов ағамызға арнайы барып жолықтым. Ұзекең сексен бес жаста болса да көп жағдайды әлі ұмытпапты. Ол кісі әдейілеп келген шаруамды айтқанымда қуанып қалды.
– Шырағым, қазір ортақ игілікті істен әркім қара басын күйттегенді артық санайтын уақыт қой, – деп, бір сәт ойланып отырды да, әңгіме бастады. – Ол біздің «Мәдениеттің» тасы өрге домалап тұрған уақыт болатын. Табысымыз жыл өткен сайын молайып, аудан, облыс тіптен республикада алдыңғы қатарлы шаруашылық атанып, Одаққа белгілі бола бастаған кезіміз. Содан бір күні совхоздың атқамінер мамандарын жинап ақылдастым.
– Жігіттер, қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз бар, жаңғырығы әлі басылмаған кешегі сұрапыл соғыстан оралмаған ауылдастарымызға ескерткіш орнатсақ, – дедім.
– Ұзеке, бұл – өте игілікті бастама, біз сізді қолдаймыз, – деді өзі кешегі майдангер, сол кездегі совхоздың бас есепшісі Мұхамедияр Салиев ағамыз.
Сөйтіп сауапты істі бастап кеттік. Әуелі сол сұрапыл соғыстан оралмаған жерлестеріміздің тізімін жасап, олардың туған-қайтыс болған жылдарын анықтадық. Бұл жұмыстарды атқаруда совхоз парткомының хатшысы Өтеп Сәрсенбаев, жұмысшылар комитетінің төрағасы Тоқтасын Әбдіреев, бас экономист Файызхан Кенжетаев пен бас бухгалтер Мұхамедияр Салиев тынымсыз ізденіс үстінде болды. Айта кететін бір жағдай, ол кезде майдангерлер әлі де арамызда болатын, солар көмек көрсетті. Олармен сөйлесіп, тізімді нақтылауда есепші Тұрсынбек Асқаровтың еңбегі зор болды. Ал енді мектеп ұжымы мен оқушылардың көмегін айтпай кетуге болмайды, одан өзіңнің де хабарың бар екен ғой, – деді Ұзекең ақсақал сөзін жалғап. – Осыдан кейін сол жетпіс үштің қыркүйегінде елімізді жаудан қорғап, ауылға оралмай алыста қаза тапқан 277 боздаққа арнап қойылған ескерткішті аштық, – деп бір сәт үндемей қалды.
Қазір қойылғанына 52 жыл болған ескерткіш ескіріп, бастапқы қалпынан өзгере бастады. 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында ауылдасымыз, жеке кәсіпкер Мұхаммед Бақайбаев ініміз ескерткішке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржылай көмектесіп, ағалар ісінің жалғастырушысы екенін көрсетті. Сөз соңында ерліктің ескерткішін мемлекет қорғауына өткізуді ауылдағы билік басындағы азаматтар қолға алса дейміз.
Пилоткалы, автомат асынған қазақ солдатының мәңгі жас тас мүсіні Отан сақшысындай ауылдастарына мейірімін төге қарап әлі де тұра береді.
Болатбек НҰРЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы.
Жалағаш ауданы






