«ҚАЗАҚ» АТАУЫНЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ

1002

0

«ҚАЗАҚ» АТАУЫНЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ІХ-ХІІ ғасырларда тәуелсіз оғыз мемлекетінде ерте түрік кезінде басталған өркениетті даму жолын жалғастырған хандардың ханы Байындыр (Оғыз хан) болды. Оғыз елін ру-тайпа кезінен көсем болып басқарып, даналығы мен ерлігін басқа елдерге мойындатқан Байындырдың (Оғыз хан) оғыз елі ең жоғарғы лауазымға лайықты екендігін ескеріп, хан тағына сайлап отырғызған болатын. Көне заманнан оғыздарда елге ханды жариялаудың күрделі рәсімі жалғасын тауып, дәстүрге айнаған. Ақсүйек өкілдері ханды ақ киізге отырғызып, шеңберді тоғыз рет айналып шығатын болған. Бұл дәстүр тайпа көсемі хан болып сайланатын кезден бастап сақталып келген. Алғашқы болып хан сайланғаннан бастап Байындыр оғыз елін сол заманда өркениетті елдер қатарына қосуды басты мақсат санайды.

Ежелден оғыз елі кең-байтақ кеңістіктерде мал өсіріп, ірі қалалар мен шағын тұрақтар тұрғындарын азық-түлікпен, шикізаттармен, жүк тасы­малдайтын ірі қара малмен және халық жасақтарына қажетті жыл­қылармен үнемі камтамасыз етіп отырған. Әсіресе ру-тайпалар кө­семі Байындырдың (Оғыз хан) басты мақсаты көп­салалы мал шаруа­шылығын дамы­ту болды. Оған дәлел, орта ғасыр зерттеушілері Байындыр хан­ның (Оғыз хан) көшпелі тайпаларына айтқан тілегін хабарлайды. «Передвигайтесь, не будьте оседлыми, кочуйте по весен­ним, летним и зимним паст­бищам и побережьям (рек), не зная недостатка. Пусть у Вас не уба­вится молоко, кымыран» деп ай­туы бекер болмаған. Бұл кезеңде қа­лалар қар­қынды дамығандықтан, көш­пен­ділер оларды азық-түлік, мал өнім­дерімен қамтамасыз етуді бас­ты мақ­саттарының бірі санаған. Сон­дықтан оғыз еліндегі мал шаруа­шы­лығы аз уақытта бірнеше маңызды салаларының дамуы не­гізін­де өндірілген өнім елдің толық қажеттілігін қамтамасыз етеді.

Ежелден оғыздар мал шаруашы­лығының ақ өнімін қасиетті са­наған. Сондықтан оғыздарда жаңа­­дан салынып жатқан қала­лардың атаулары да ақ өнімге ұқ­сас етіп аталатын. Мысалы, ақ өнім мол болсын деген ниетпен ірі қалалардың бірін «Ақмола» деп атаған. Олар туған жер, тау-суларын ардақ тұтып, қастерлеп, ақ өнімімен, байланыстырып, Ақтөбе, Ақтау, Ақсу сияқты атауларды береді. Оғыздардың өзі әртүрлі ру-тайпалардан құралғандықтан, өз дәуіріне жататын наным-сенімдері дамып жетілді. Ежелгі діни көзқарастағы басты діни наным-сенімдері бақилық болған қаһарман ата-бабалар аруағына табыну болды. Олардың сенімі бойынша адам жанының өлмейтіні, о дүниедегі тіршілік туралы діни сенім бар екенін ашықтан ашық айтуға болады. Қорқыт атаның берген баталарында үнемі «өлім уақыты келгенде ар-иманнан айырмасын, ақ сақалды бабаның орны ұжымақ болсын, ақ самайлы ананың орны пейіш болсын» деп берген бата о дүниедегі тірлікті бұл пәнидегі өмірдің жалғасы деп есептегендігі байқалады. Мұндай наным-сенім аса көп таралған.

Ата-бабалар аруағын құрмет тұту­мен қатар бұрынғы аңға тотемдік тұрғыдан табыну іздерін көреміз. Қорқыт ата кітабында Байындыр ханның күйеу баласын сипаттағанда «Төле құстың түлегі, Түркістанның тірегі, ру тайпасы арыстаннан, қара қалың тобырға жолбарыс» деп көрсеткен. Батырды осындай етіп бейнелеу сол батыр­дың арғы атасы әлгі аңыз ақ болып табылатын руға жататынын ғана көр­сетеді. Демек, сонау көне за­манда осынау аңдарға тотемдік тұрғыдан табынудың болғандығын аңғартады. Дегенмен, оғыздар елін­де нағыз тотемшілер болған деп кесіп айтуға негіз жоқ. Себебі, оларда ата-бабалардың тотемдік табынуының іздері өте сирек кездеседі.

Оғыздар арасында мистикаға негіз­делген діни наным-сенімдер кеңінен таралған. Бұл құбылыс қан­дай болса да бәрібір, әйтеуір күллі мәселе жақсылықты шақыруға барып тіреледі. Оғыз бегі Дәрсе ханның ұлы аң аулап жүргенде атынан құлап жаралы болып жатқанда боз атты Әулие Хызыр (Қыдыр) келіп, үш рет баланың жарасын қолымен сипап, «саған бұл жарадан өлім жоқ, қорықпа, таудың гүлі мен ананың сүті сенің жараңа дауа болады» деп ғайып болған. Демек, баланы өлімнен алып қалған әулие рухы оғыздар арасында мейірімді әулие рухына табыну кең етек алған. Сондай-ақ, оғыздарда синкреттік бірлескен наным сенімнің пайда болғандығы байқалады. Оған, Байындыр ханға берілген есімнен аңғаруға болады. Оғыз ханның өз аты Байындыр – әкесінің Алладан үнемі жалбарынып бай адам болсын деп тілегеннің негізінде қойылған. Уызхан (Оғыз хан) деп ақ өнімді қасиетті тұтқандықтан қойылған есім. Себебі, оғыздар көсемі Қамғанның баласы алғашқы кезде анасын ембегендіктен, ана сүтінің уызына жарымаған. Сондықтан да көсем баласы өскен кезде аққа – уызға жарысын, елінің малы көбейсін деген ниетпен ұлының атын Уызхан деп атайтынын ел-жұртына жариялаған. Дана, парасатты болып өскен Байындыр хан әке үмітін ақтап, ел-жұртын ақ өнім – уызбен қамтамасыз еткен. Уызхан еліне және өзге елдерге даңқы шығып, Оғыз хан атымен белгілі болды. Бұны бәрінен бұрын лақап ат деген дұрыс.

Ру-тайпалық құрылыстың соңында биліктік ұйымдастырудың жаңа формасы пайда болып, ол алғашқы кезде потестарлық, одан кейін саяси немесе мемлекеттік басқарумен аяқталған еді. Мемлекеттік формасына ауысқан Байындыр хан бұрынғы ру-тайпа көсемдіктің кезіндегі патриархалдық басқару әдісін аяқтап, мемлекет билігін басқаруды тек мұсылман діні негізінде жүргізе бастаған. Оған басты себеп, Байындыр ханның оғыз елінде дінбасы және мұсылман дінін қалаушы рөлін атқарғандығы байқалады.

Мемлекеттік басқару әдісіне көшумен қатар оғыз еліндегі шаруашылықтың бар саласында темірден жасалған құрал-саймандар кеңінен қолданыста болғандығымен ерекшеленді. Сондықтан оғыз елінде темірге және темірден жасалған «темір қазыққа» отбасынан бастап ел билеушіге дейін табынатын болған. Темірдің ерекше қасиетті саналғанын Байындыр ханның оғыз елін қорғауда «темір сүңгілеріңіз  орман  болсын» деп айтқан сөзінен аңғаруға болады. Сондықтан Байын­дыр хан болашақта оғыз мемлекетін мәңгілік ел жасау мақсатында тәж-тақтық мұрагерлерін тек ішкі оғыздарды (бұзық) мұсылман діні негізінде тәрбиелеуді басты мақсаты деп санаған. Мұсылман діні негізіндегі басты ұстанымы – отансүйгіштік, жауға қарсы тұр­ғанда жерге қаққан темір қазықтай мықты болуды талап еткен. Сондықтан «Қаз» әрбір мұсылманның басты парызы, темір қазықтай мықты болу, жасалатын істің нәтижесі бұл дүниеде, о дүниеде де «ақ» екендігіне шүбәсіз сену еді. Осы ұғымға байланысты «темір қазық» атауынан «қаз» деген сөзді бөліп алып, оған ішкі оғыздардың соғыс кезінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухы «Ақ» деп сендіріп келгендіктен, «қаз» және «ақ» деген екі сөзді қосып, «қазақ» деп аталатын лауазым пайда болған. Бұл лауазым тек ішкі оғыздарға (бұзық) берілетін болған. Мұндай құрметті атақ алу үшін ішкі оғыздардың жеке адамдары өзге ру, тайпа және мемлекеттен бөлек өмір сүру тәсілін тек соғыс ісімен байланыстырып мол табыс табу кәсібіне айналдырған. Энгельстің сөзімен айтқанда, «тұрақты кәсіп­шілікпен» айналысатын «қазақтар» деп аталатын әлеуметтік топ пайда болған.

Үстем етуші топтағылар арасында байлық пен баюға құмар адамдар соғыс арқылы тез арада мол табыстарға қол жеткізіп отырды. Сондықтан да ішкі оғыздар (бұзық) адамдары тонаушылық соғыстарға қатысуды қор жинаудың, баюдың негізгі көзі деп санаған. Әсіресе мұсылман дінін қорғайтын соғыстарға қатысып, құрметті «қазақ» атауына лайықты екендігін және ерліктерімен сырт оғыздарға үлгі болуды мақсат етіп, оларды соңына ерте білген. Мысалы, Қорқыт ата кітабында кәпірлерге қарсы соғысқа іш және сырт оғыздарды басқарған Қазан батырға соғыс алаңына алғашқы болып келген оғыздардың жиырма төрт руды басқарған ержүрек батыры Дундаз келгендігі, одан кейін мыңдаған халықтарды басқарушы Дюкердің келуі, одан кейін мың ру адамдар басшысы Бағдюр келген, одан кейін Аруз Тоғыз – Қожа ру басшысы келгендігі баяндалған. Демек, ішкі оғыздар ел көлемінде мұсылман дінін қабылдағандығы және оны қорғауда оғыз елін түгел діни негізде жұмылдырып қатыстырғандығы ерекше айқын көрінеді.

Қарақшылық-тонаушылық соғыстарға қатысушылар тек қатардағы «қазақ» аталатын адамдар ғана емес, мемлекетте жоғары дәрежеде қызмет атқарушылардың арасынан кездесіп отырған. Мысалы, Байындыр ханның үйінде қонақта болған Қазылық Қожа дейтін уәзір ішкен шарабына мас болып, ханнан қарақшылық жасауға рұқсат сұраған. Байындыр хан рұқсат беріп: «Қайда барсаң, онда бар, не істесең де өзің біл, кете бер» – деп жауап берген. Қазылық Қожа іске жарар адамдарын, жас жігіттерін қасына ертіп тонаушылық жолына түскен. Сондай-ақ, өзге елдерге шабуыл жасау жолымен байлыққа қол жеткізіп отырған. Мысалы, Қаратеңіз жағалауында орналасқан Дазмурт қаласын жаулап алып, шіркеулерін жағып, орнына мешіт орнатқан. Бұл жеңістегі табысты бөліскен кезде құстың ала шұбар қанаты, матаның жақсысы,  қыздың сұлуы, тоғыз  әшекейлі шапан  Байындыр ханның үлесіне  берілген. Демек, ішкі оғыздар тек ел ішінде ғана емес, өзге елдерге қарсы қарақшылық соғыстарды да жүргізіп отырған.

Тақтық қоғамның қалыптасу барысында «қазақ» атауының шығу тегі тек соғыста ерлігі үшін берілетін болған. Бірақ, соғыстан оралған «қазақтар» деп аталған жас адамдар шаруашылықтың бірде- бір саласында еңбек етпегендіктен ел ішінде айрықша шеттен тыс еркіндікте болған қаңғыбастарға айналған. Соғыста тонаушылықты әдетке айналдырған олар бейбіт­шілік кезінде ел ішінде қарақ­шы­лықпен айналысқан. Жасалған зор­лық-зомбылық, әділет­сіздік іс-әрекеттері үшін наразы болған оғыз халқы «қазақтарды» «бұзықтар» деп атап отырған. «Қазақ» деп аталған әлеуметтік топтардың шығу тегіне байланысты белгілі тарихшы Б.Е.Кө­мековтің мақаласындағы тұ­­жы­рым­дамасына ерекше на­зар аударған жөн. Мысалы, «…сло­ву «қазақ» придается значение «сво­бодный скиталец». Данная се­мантика позволила считать что в термине «қазақ» вкладывался со­циаль­ный смысл и означал инди­вида людей, отделивщихся от свое­го рода, племени, госу­дар­ства, добывавших средств к сущест­во­ванию участием в военных пред­­приятиях, и он связывался с инс­титутом казакования, кото­рый но­сил всеобъемлеющий ста­д­ный характер» – деп жасалған тұ­жырым­ның мазмұны өте зор.

Соғыстар аяқталғаннан кейін елге оралған «қазақтар» немесе «еркіндіктегі қаңғыбастар» деп ата­латын әлеуметтік топтар арасында атақты ақсүйектер өкілдері де қарақшылықпен айналысқандығы Б.Е.Көмековтің мақаласында айқын­далған «…рассердился царевич на своего отца, который был в то время царем и отделился от него. Он избрал себя в спутники своих клиентов, дружиников и других из тех, кто любил разбойничество. Он от­правился, идя по востоку страны нападая на людей и ловя то, что показывались ему и его спутникам… В этом пожалуй, классическом описаний казакования, относя­щемуся, вероятнее всего к ІХ в  связан  с  историей  огузских  правителей  джабу  на Сырдарье». Демек,  бұл  дәуірдегі  соғыстар мен тонау­шы­лықтың басты мақсаты ру және тайпа ақсүйектердің бай­лығын көбейтуді көздеген.

Сайып келгенде, ішкі оғыздарды елін, жерін ерлікпен қорғайтын жауынгерлерді «қазақ» деп ата­ған. Бірақ, «қазақ» атауының ел көлемінде таралмаған себептері болды. Біріншіден, бұл елде түркі тілдес этникалық бірлестіктер мен өзге этнос өкілдері сандық тұрғыдан ішкі оғыздардан көп болған.  Демек,  тұтас  ел  көлемінде «қазақ» атауының таралуына қажетті саяси-әлеуметтік және экономикалық даму жоғары деңгейде болмады. Екіншіден, ерте орта ғасыр дәуірінде пайда болып, «қазақ» деп аталған әлеуметтік топтар мен оғыз халқы арасындағы қайшылық оғыз дәуірінде халық арасында жүргізілген қарақшылық пен тонаушылықтың салдарынан оғыз халқы қазақтарды «бұзықтар» деп атап, ел көлемінде бұл  атаудың таралуына кедергі жасаған. Үшін­шіден, ел билеуші топтар арасында іш оғыз бектері мен сырт оғыз бектері арасында билік үшін болған күресте сырт оғыз бектерінің басқарушысы  Аруздың өлімі оғыз мемлекетіндегі дағдарысты кү­шейткен. Сырт оғыздар сандық тұрғыдан көп болғандықтан олар­дың арасында қазақ атауының таралуы да күрт тыйылып қалған еді. Төртіншіден,  ХІІ  ғасырдың екінші жартысында оғыз еліндегі саяси билік сырт оғыздарға ауысуына байланысты Орта Азияда бірнеше ғасыр өркениетті мемлекет құр­ған «оғыз» этнос атауының жойы­луына әкеліп соқтырған. Себебі, ортағасырлық қағанаттарда және халқы ел билеушісінің атымен аталатындары болған. Мысалы, Сел­жүк атымен селжүк елі деп аталған. Оғыз хан басқарған мемлекет және халқы оғыз елі болып аталған. Өйткені, бұл мемлекеттер өте қарқынды дамығандықтан, ел билеушісі өзінің аты және елі мәңгілік болатынына сенген. ІХ-ХІ ғасырда оғыз мемлекетінің ұлан- байтақ территориясы құрамында алғашқы селжүк тайпалары бір­лестігінің қалыптасуының бас ке­зінде болған. Кейін Бұхара және Самарқанд аймақтарына кө­шіп қоныстанған. Сондай-ақ, қи­мақ мемлекеті күйрегеннен кейін олар қыпшақтар құрамына сіңі­сіп кеткен. Ал қыпшақтар оғыз мемлекетінің үстемдік кезінде оғыздармен бірігіп, өздерін оғыз деп санаған. Оғыз державасы Селжүк, Қарахан, Хорезм, Мауренахр, Хорасан мемлекеттеріне де өзінің ықпалын тигізіп отырған. Демек, сыртқы арам пиғылдағы мемлекеттермен қатар оғыз елінің алып территориясында мықты тайпалар мекендеген. Әсіресе, қып­шақтар, қарлұқтар, қимақтар оғыз билеушілерінің тек саяси үстемдігін ғана емес, әлеуметтік экономикалық қыспағында да болған. Сондықтан олар оғыз мемлекетінен тәуелсіз­дікпен қатар оғыз деп аталатын атауының да жойылуына мүдделі еді. Аз уақыт ішінде оғыз этнос атауымен қатар ішкі оғыздар арасында Отан қорғауда ерлігі үшін берілетін «қазақ» атауы да тез ұмытылған. Әрине, бұл атақтардың тез өшуіне сыртқы күштермен қатар ішкі қас­тандықты ұстаған тайпалардың ара салмағы іш оғыздарға қарағанда әлдеқайда басым болғандығын аңғартады.

Оғыз елінде аумалы төкпелі заманда «қазақ» атауынан айыры­лып қалған ішкі оғыздар болашақта «қазақ» атауын қайта қалпына кел­тіру басты мақсаты болды. Сон­дық­­тан оғыздар ежелден түркі ха­­лық­тарында үш саны киелі де сәтті саналатындықтан, үш саннан тұра­тын «Аллаға жол аш» деген ұғым­ды басшылыққа алған. Үш саннан тұратын ұғымнан алғашқы «Ақ» деген екі әріпті бөліп алып, ортадағы «жол» деген ұғымды алып тастап, соңғы «аш» деген сөзді «ақ» деген екі әріпке қосып «Алаш» деп аталатын жауынгерлік ұран ұмы­тылған «қазақ» атауының орнын басты.

Сонымен, ендігі жерде «қазақ» атауы Алашпен ауыстырылып бұрынғы оғыз елінің аумағындағы мұсылман халықтарға ортақ «Алаш» атауының даңқы күн сайын артып отырған.

Ерекше ескертіп кететін жайт, Байындыр хан заманынан оғыздар арасында ерекше ат қоюға, атақ беруге үлкен мән берілген. Әсіресе, Байындыр хан жорық үстінде өз қарамағындағы бектерге, олардың ерлік істері мен алғырлық, тапқырлығына, он саусағынан өнері тамған шеберлігіне, тіпті сыртқы кескін-келбетіне қарай ат қою дәстүрі ғасырлар бойы жалғасып отырады. Мысалы, «Оғыз наме» шығармасында Байындыр ханның Мұзтауға қашып кеткен сүйікті шұбар атын ерлік көрсетіп алып келген бір бекке үсті-басы ақ қырау сүңгі басқан сұсты түріне қарап «Қаһарлық» деп ат берген. Жорық барысында әйдік бір үй көріп, ол үйдің төбесі алтын, түндіктері күміс, есіктері темір үйді ашқан шеберге «Қалаш» (қалып аш деген сөзден шыққан) деп ат берген. Ал соғыстан түскен есепсіз көп олжа, жиһаз мүліктерді артатын арба ойлап тапқан шеберді «Қаңғалақ» деп атайды (арба жүргенде қаңға-қаңға деп дыбыс шығарса керек). Демек, мұндай ат қою мен атақ беру дәстүрі бойынша ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып «Қазақ» пен «Алаш» атаулары өз дәуірінің өмір талабына сай келген ұғымдарды ойлап тапқан оғыз еліндегі ата-бабаларымыз болатын.

Сыр өңіріндегі «Алаш» атал­ған оғыздар өздерінің анасы Сыр өзені деп әрқашанда қастер тұт­қан. Себебі, Байындыр хан заманынан Сыр өңірі ежелден ішкі оғыздарға қорған, пана, сырттан келген оғыздарға қамқоршы бол­ған. Демек, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Сыр – Алаштың анасы»  деген тұжырымдамасы ішкі оғыздардың (қазақ) ертедегі тари­хы қазақ халқының қазіргі тарихымен сабақтас, тамырлас екен­дігін аңғартады. «Алаш» атал­ған оғыздар анасы –  Сыр  деп  білсе,  әкесі – хандардың  ханы  Байын­­дыр  хан алғашқы  болып   рулық   қатынастардың   соңында   бауыр­лас мұсылмандарды   «әлемді   жоқ­тан   бар   еткен   Аллаға   сыйын­дыр­ған». Ру-тайпалық құрылыс­тың соңында ішкі оғыздарда қалып­тас­қан «қазақ» атауы Керей мен Жәнібек дәуірінде елдің Батыс, Жетісу жерінде көшіп қоныстануы не­гізінде тарих сахнасына қайта оралуының шешуші факторы болып қалыптасқан еді. Қорқыт атаның туған мекені – қасиетті Сыр өңірінде қазақ халқының атауы мен қазақ хандығының қалыптасуының негізі қаланғандығын тарих дәлелдеп отыр.

Икрам Жұбаниязов,

тарих ғылымдарының

кандидаты

«Болашақ» университеті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<