Қазақ арасында «астана» атауына қатысты ескі ел аңыздары жақсы сақталған. Солардың бірі Ақтөбе өңіріндегі Қобда өзенінің жағалауына жақын орын тепкен ортағасырлық Абат-Байтақ кесенесіне байланысты айтылады. Аңыз әңгімеде Абат Асанқайғының баласы делінеді. Ертеректе ел ішінен жазылған бір аңызда Абатты «жайын жұтқаны» баяндалса, енді бір әңгімеде Байтақ – Дешті-Қыпшақ батыры ретінде көрінеді де Астананы қалмақтардан қорғау кезінде қаза табады (Н.Кастанье, 1910г., 90, 92 беттер). Мысалы, Я.Я.Полферовтың «Қазақ бейіттерінің арасында» (Среди киргизских могил. Тургайская газета. 1896, №6) атты мақаласында Байтақ кесенесі жайындағы бір аңыз келтірген. Мұндағы Байтақ батыр – Алтын Орда ханы Батудың інісі ретінде сипатталған. Аңыздағы Байтақ батыр Қобда қалмақтарымен соғыс кезінде опат болып, осы араға жерленген.
Әрине, халық қиялы ХV ғасырдың тұлғасын әріректегі Шыңғыс ұрпақтарымен байланыстырғанымен, археологиялық деректер Байтақ тамының ноғайлы-қазақ кезеңінің туындысы екендігін дәлелдеген. Байтақ батырдың ғажайып кесенесін қазақтар салғандығы орыс зерттеушілерінің жазбаларында айтылады. «Қобыланды батыр моласы» жөнінде Кастанье келтірген В.В.Карлсон мәліметінде мынадай сипаттама берілген: «Елек бекінісінен Ойылға қарай күре жолдың бойында кірпіш қирандыларымен көмкерілген аласа төбе бар. Бұл тұрғындар қиратқан ескі моланың қалдығы. Карлсон мырза мұражайға сыйлық ретінде кірпіштердің екі сынығын әкелген. Олар Аниховский, Кастанье, т.б. қазған Байтақ кесенесінің кірпішімен бір пішіндес» (В.В.Кастанье, 93-бет).
Бұдан біз Байтақ пен Қобыланды батыр кесенелерінің бір дәуірде, шамамен ХІV ғасырдың соңы, ХV ғасырдың екінші жартысы арасында салынғандығын аңғарамыз. Әлбетте, бұл арада Қобыланды батырдың Дешті-Қыпшақ ханы Әбілхайыр тұсында Арғын Ақжол биді өлтіретін оқиғасын және соның салдарынан Жәнібек, Керей хандардың «қазақ шығып» кететіндігі туралы ел аңыздарын меңзеп отырмыз. Сонымен қатар Асанқайғының ұлы Абаттың да сол дәуірде өмір сүргендігін, ноғай-қазақ эпостары, әсіресе, «Қырымның қырық батыры» жырындағы көне сарындардан көре аламыз. Эпоста Қобыланды, Абат есімдері қатар келуі – кездейсоқ емес. Астана, Байтақ топонимдерінің ел, жұрт, орталық, қала, орда мәнінде дәл осы «Қобыланды батыр» жырында көбірек кездесуі де қазақтың бас батырының өз Отаны – Дешті-Қыпшақтың қасиетті жері мен оның киелі Астана – Байтағын қорғауда ерен еңбек сіңіргендігін аңғартады. Түптеп келгенде, Қобыланды есімінің алты Алашқа жайылып, қазақ халқының ең таңдаулы, ең көп нұсқалы әрі ең көркем де көлемді эпостық мұрасына бас кейіпкер ретінде енуі де осы сөзіміздің жарқын дәлелі сияқты. Көшпелі тұрмыс кешкен жұртымыздың мыңжылдық тарихы Құрбанғали Халидұғлы сынды білімпаздар айтқандай, халықтың өз аузымен аңыз, жыр, эпостарға айналғаны қандай күмәнсіз болса, Қобыланды, Астана, Байтақ тәрізді есім-атаулар жай эпикалық кейіпкер немесе топоним ғана емес, этникалық сана мен тарихи жадымызда өшпестей жазылған ұлы тарихтың ұмытылмас бір кезеңі – ұлттық һәм рухани құндылықтарымыздың өрелі өзегі.
«Астана-Байтақ» кешенінің қазақ халқының өткен ХV-ХХ ғасырлардағы тарихында аса маңызды орын алғандығын В.В.Кастаньенің мына деректері айғақтай түседі: «Бұл кесене жөнінде төмендегідей мәліметтер ұшырасады:
Өзінің «Орынбор губерниясының топографиясы. 1762 ж. І бөлім. 515-бетінде» П.И.Рычков жазады: «Өткен 1750 жылы Қырғыз-Қайсақ ордасына жіберілген инженер-подпоручик Ригельмань, Үлкен Қобдаға құятын Қарасу бойындағы сол ордада болып (ол кезде онда Хан жайлауы болатын), әлгі өзеннің сағасына жақын арадан Орынбордан 150 версттей жерде пирамидаға ұқсас біраз тас құрылыстарды кезіктіріп, суретін салып алған. Оларды қырғыздар «астана» деп атайды және осы арада олардың атақты адамдары жерленген. Солардың біреуінің атын қырғыздар Байтақ деп атайды. Олар Ригельманға: «Ертеде бұл жерде қала болған. Осы Астанада атақты қырғыздардың өз қорымдары бар және сол жерде өлі рухтарға дұға оқиды» (В.В.Кастанье, 92-бет). Кітаптың осы бетіндегі «Қалалардың қирандылары» атты археологиялық сипаттамада Үлкен Қобда өзеніне жақын Байтақ өлкесінде, қазақтардың айтуынша, бұрын қала болғаны және ол арада ғимараттардың қирандылары, жартылай тегістелген каналдар мен егістік нышандары барлығы баяндалады. 1750 жылы Ригельман көргенде, олардың бірқатары әлі бұзыла қоймаған және орыс инженері кейбір жәдігерлердің суретін де салған. «Қырғыздар аталған орынды ерекше құрметтейді және сол арада жерленуді бақыт деп біледі.» (сонда) деген археолог мәліметі де бүгінгі ұрпақ үшін Астана-Байтақтың қаншалықты мәнді тарихи-мәдени киелі нысан екендігін есімізге салады.
П.И.Рычковтың (1762 ж.) Үлкен Қобда, Қарасу өзендерінің түйіскен тұсындағы «Байтақ» атанған культтік-тарихи кешеннің төңірегін «Хан жайлау» (Ханское кочевье) деп жазуы тегін емес. Ескі мұрағат жазбаларына қарағанда Байтақта ХVІІІ ғасырдың соңғы жылдарында халық көсемі Сырым Датұлы бірнеше жыл хандық дәурен сүріп, Ресей патшайымымен ресми қатынас құрған. Әбілхайыр, Нұралы хандар да көне Астана аймағына жиі ат шалдырды. Әйтсе де, бұл кездері қазақ хандарының қысқы рабаты немесе хан ордасы Сырдағы Жанкент, Сығанақ, Түркістан қалалары болып қала берді.
Біздің білуімізше, бір заманда «Астана-Байтақ» атауы исі қазақтың ұранына айналған. Соның жарқын дәлеліндей, халық ауыз әдебиеті мен фольклорлық туындылардан «астана» сөзін жиі ұшыратамыз. Бұл қастерлі ұғым, әсіресе, жыраулар поэзиясы мен батырлық эпостардың басты мотиві болды. Арғы дәуір жырауларын айтпағанда, Махамбет ақынның Исатай батырға арналған «Тарланым» атты жоқтау жырында:
Айғайласа белдік байланған, Астана жұртын айналған,
Атына тұрман болсам деп, жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен… (Б.Ғ.Ж., 1-том, 185-бет) – деп келетін жолдар – сол бір ескіліктен есті жұрттың санасына сіңген, қанына біткен қанатты сөз. Бұдан біз қазақ хандығы тұсынан бергі қилы заманда «астана» сөзі, ел-жұрт, ордалы халық, Отан, Хан Ордасы, киелі қоныс, атамекен сынды аса қасиетті ұғымдарды бейнелейтінін көреміз. «Астана жұртын айналған» қанатты сөз тіркесінің мәні – елін сүйген ер азаматтың Отан үшін жан беруі, Алаш жұрты үшін құрбан болуы деген ұғымды меңзейді. Қазақтың «айналайын» деуі, «айналып-толғануы» да сол ежелгі салт бойынша жақыны мен жары үшін, қара қазан сары баланың қамы үшін, қалса, Отаны мен туған жері үшін шыбын жанды пида ету деген мағынада қолданылғаны белгілі. Батырлар үшін «Астананы қорғау» – арысы өз мемлекетін, өз Отанын, берісі өз елі мен туған жерін көздің қарашығындай қорғап, жау тырнағынан сақтап қалудың басты ұраны әрі бұлжымас борышы болған. Сайын даланың сайыпқыран сарбазы мен батыр жігіттің ерлігін халық осы маңызды міндеттің мүддесі мен үддесінен шықса ғана танитын. Осынау отаншыл ұғым-тілектер Мұрат ақынның жырында былайша төгілді:
Садағын сала байланса, Астана жұртын айналса,
Бес қаруын белге ілсе, ат үстінде күн көрсе,
Тебінгісін теріс тағып, темір қазық жастанып,
Қарындас үшін қан жұтса, ол ер жігітке жарасар (Б.Ғ.Ж., 2-том, 129-бет).
«Байтақ», «астана» ұғымдары қазақтың батырлық эпостарында көбірек қолданысқа түскен. Бұған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 100-томдық «Бабалар сөзі» сериясы бойынша жарық көрген 20-томдық батырлар жырын (33-53-томдар) оқығанда айқын көз жеткіземіз. Аталған көптомдыққа Алпамыс, Қобыланды, Едіге, Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Ер Көкше, Ер Қосай, Ер Сайын, Қамбар, Тарғын, Қарабек, Көрұғлы, Бозұғлан, Қырымның қырық батыры туралы қаһармандық жырлар және олардың түрліше нұсқалары енгені мәлім.
Зер салып қарағанда, жиырматомдық эпос мәтіндерінде «байтақ» сөзі түрлі мәнде 125 рет қолданылған болса, «астана» ұғымы 30 мәрте кездесті. Мұндай айырмашылықтың себебі, «байтақ» сөзінің қалың ел, ұлы, үлкен, көп, ұлан-ғайыр, т.б. мағыналарда жиі қолданылуында болса керек. Ал «Астана» сөзі негізінен ел, халық, орда, орталық шаһар ұғымында ғана қолданылып, өзінің басты, киелі мәнінен ажырамаған. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырының Нұрпейіс Байғанин нұсқасында мынадай жолдар ұшырайды:
Қайтамын деп ер Қобылан, сағынған Қыпшақ елдерін.
Мереке-тойым қылалық, Астана елді жиялық,
Халықтың басын құралық. (36-том, 139-бет).
Бұл арада «астана» – туған ел, халық, ордалы жұрт мәнінде қолданылған. Осындай ұғымды меңзейтін «астана» лексемасы ақтөбелік тағы бір эпик ақын Айса Байтабынұлы нұсқасында былайша өрнек тапқан:
Астана халқы еретін, ханыңның аты кім еді?
Арлы жерде мал шашқан, байыңның аты кім еді?
Арғымақ мініп ақырған, дұшпанды көрсе жапырған
Ініңнің аты кім еді?! (37-том, 39-бет).
Бұл – Құртқаның шешесі қалмақ Көктен кемпірдің Қобыланды батырды сынап айтқан сөзі. Ноғайлы-қазақ эпостарының қай-қайсысында да жыршылар батырдың тегін Қазтуған, Орақ, Телағыс, Ахмет, Қарасай, Қази, Әуез, т.б. Едіге әулеті мен оның туыстарынан бөлектеп, «қазақ немесе қарақыпшақ Қобыланды» деп ерекшелеп атаған. «Астана» атауының негізінен, «Қобыланды батыр» жырының нұсқаларында, оның ішінде батыс варианттарында көбірек ұшырасуы да зерттеушілер назарын аударарлық жайт. Мүмкін, орыс археологтары жазғандай, Байтақ, Астана шаһарлары мен қазақтың бас батыры Қобыландының өмір тарихында біздің ғалымдарымыз әлі зерделей қоймаған әлдебір жұмбақ сыр жатқан шығар? Қайткен күнде де, Астана – жаңа байтағымызға жайдан-жай берілген атау емес, Елорда есімі ел тарихымен ежелден етене байланысқан байырғы өз аты, қазақтың түп асылы – төл Астанамыз!
«Қобыланды батырдың» оралдық Нұрпейіс Битілеуұлы нұсқасында Құдай Тағаладан бала сұраған Қыдырбай шалдың былайша зарланатыны бар:
Бір баланың жоғынан, қазақпенен қалмақтың
Мені қубас дегені, бұл қайғыны көргенше,
Күнде бүйтіп өлгенше, Құдая, мені алсайшы,
Астанамның алдында, қара оба қылып салсайшы! («Бабалар сөзі» 37-том, 204-бет).
Эпоста Дешті-Қыпшақтың биі, Қобыландының әкесі Қыдырбайдың аузынан айтылған асыл сөздер де Астана-Байтақтың қазақ қоғамындағы мәдени-тарихи құндылығын дәлелдей түседі. Ал батыстың тағы бір көпшілікке бейтаныс жыршысы Сәдуақас Ділманов нұсқасында Қобыланды – Астана жұртының басты үміті ретінде сомдалған. Айтулы эпостың 30 шамалы вариантына көп ұқсай бермейтін бұл жырдың басты сюжеті Қобыландының Барсакелмес ханы – Алып батырмен соғысына арналған. Шытырман оқиғаларға толы эпоста Қобыланды тұтқынға түсіп, одан аман-есен босанып, барлық жауларын жеңіп келгенде оған досы Алмамбет мынадай базына айтқан екен:
Өкініпсің тұрмапсың, Сайымның тілін алмапсың.
Қателік, балам, ол жерің, оныменен амандық
Табыла бермес жігітке. Сынаған адам сезбей ме,
Жарамайды, шырағым, Астана сенен дәме етет.
Қобылан деген үмітке. «Көп тілеуі – көл» деген
Көрінді, балам, көзіңе, аз күн болсын дәм татып,
Жатып шықтың кілітке… (37-том, 480-бет).
Көріп отырғанымыздай, қазақ эпостарындағы «Астана» образы ұлт, отан, ел-жұрт, халық, атамекен ұғымдарымен ажырамас үндестікте және осынау Ұлы даланың елі мен жерін қорғаушы хас батырлардың тағдырымен, ерлік шежіресімен сабақтаса сомдалған. Асығыс сілтеген алдаспанымен Әбілхайыр тағын шайқалтып, Керей, Жәнібек сұлтандардың дербес Қазақ хандығын құруына себепкер болған Қара қыпшақ Қобыланды туралы тарихи аңыздардың бір парасы ежелгі Абат – Байтағымыз Астанамен байланысты екендігін жоғарыда айттық. Қазақтың бас батырына лайық еңселі ескерткіш бүгінгі Астанамызда бой көтерсе, ел рухы бір көтеріліп қалатындай.
Қазақ эпосындағы «астана» ұғымының қолданыс аясы бір ғана «Қобыланды батыр» жырымен шектелмейді. Мысалы, «Қарасай – Қазидың» Мұрат Мөңкеұлы нұсқасында:
Садағын сала байланған, Астана жұртын айналған,
Қылжуырдай қисайған, қалмақты қырса тыншайған… (41-том, 44-бет).
Немесе:
Байтақ малды сойдырған, Астана жұртын тойдырған… (Сонда, 46-бет).
Нұрпейіс нұсқасында:
Астана халқын басқарған, талай жауды жылатқан.
Жігері мен қайратын, есіткен жан ұнатқан… (Сонда, 112-бет).
Айса нұсқасында:
Мамайым бойға біткенде, ұшарына жеткенде,
Мен түсімде Ай мен Күн көрдім.
Ай мен Күндей қылып, Астанаға бірдей қылып,
Құдай-ау, екі ұл бердің… (42-том, 44-бет).
Яки болмаса:
Тәрбие мен байлықты
Астанадан оздырған, Мамай! (Бұл да сонда)
Қобылаш нұсқасында:
Ноғайлының елінде, талай ерлер өтулі.
Астана, елдің қамы үшін, дұшпанға қарсы бекінді (46-том, 9-бет).
Осы нұсқада:
Астана, халық аман ба, ел қамқоры достарым?! (Сонда, 117-бет).
«Қырымның қырық батыры» жырында:
Астана жұртты меңгерген, азын көпке теңгерген
Артық туған хан еді, асылы артық жан еді… (51-том, 341-бет) деген жыр жолдары «астана» сөзінің халықтық, елдік мәнін тереңірек аша түскен. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Поэтикалық қырынан қарағанда «астана» сөзін жыраулар ел-жұрт, халық ұғымдарымен ажырамас бірлікте алып, көбіне эпитет-айқындауыш түрінде қолданған. Бұл жағдайда астана жұрт, астана ел, астана халық тәрізді тұрақты сөз тіркестерінің синонимдік қатары түзіліп, олардың басты мағынасы – хан ордасы, ата жұрт, қара орман халық, Отан, туған ел, ежелгі, құтты қоныс мәндерін білдіреді. Кейде «астана-байтақ» формасында қосарлы немесе жеке «астана» метафораланған эпитет күйінде де ұшырай береді. Мұның өзі «астана» сөзінің сан ғасырлар бойы халқымыздың рухани кеңістігінде – эпикалық санада берік орын тепкен, ұлттық идеямыздың негізгі нышанына айналған қастерлі ұғым, қасиетті ұран екендігінің айқын айғағы.
Серікбай ҚОСАН,
шығыстанушы,
аймақтық «Рухани жаңғыру»
орталығының бөлім меңгерушісі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<