Қазақтың ұшқыш қыздары

4083

0

Қазақтың ұшқыш қыздары Екінші дүниежүзілік соғыста кеңес­тер одағының батыры Марина Раскова, Валентина Гризодубова, Полина Осипенко, Евдокия Бершанская, Ирина Себрова, Валерия Хомякова, Лидия Литвяк секілді ұшқыш қыздар қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Олардың есімдері ке­ңестер одағы халқының есінде қалды. Режиссер Михайл Кабанов соғыста ерлік көрсеткен атақты 46-шы гвардиялық түн­гі бомбылаушы әуе полкының ержү­рек ұшқыш қыздарына арнап «Түнгі қар­лығаштар» көп сериалды кино түсір­ді. Ал біз не істедік? Ең болмаса, ұшқыш қазақ қыздарының аттарын атап, түсін түстеп олардың соғыстағы жан­қиярлық ерліктерін халқына толық таныстырып, бағалай алдық па?
Қазақ қыздары Ұлы Отан соғысы жыл­дарында майдандас орыстың батыр қыздарынан кем түспеді. Солардың ер­ліктерін бағалауда қазақтың жайбара­қат­тығына салынудамыз. Атам қазақ айтқандай «өзіңді-өзің сыйла, жат бойың­нан түңілсін» дегендей қазақтың ұшқыш қыздары кімдер еді?  Қазақтың қаһарман қыздары дегенде Әлия мен Мәншүкті білетінбіз. Кейінгі жылдары үшінші болып, Хиуаз Доспанова қо­сылды. Өмірінің соңғы жылдары ер­лігін ел бағалап, мой­ындап, «Халық қа­һарманы» атағы берілді. Хиуаз Дос­панова 1922 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1940 жылы Оралдағы орта мектепті үздік бітіріп, запастағы ұшқыш куәлігін алған. Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери әуе академиясына аттанады. Алайда жолы болмай, Мәскеудің медициналық институтына түседі. Осы кезде соғыс бас­талып, Хиуаз майданға медбике болып баруға сұранады. Атақ­ты ұшқыш Марина Роскованың авиа­ция тарихындағы тұңғыш рет қыз-келін­шектерден авиа­­полк құрып жатқан­дығын естіп, со­ған асығады. Хиуаз осы полктің жау­ын­герлік құрамына қа­был­данып, Са­­ра­товтағы әскери әуе учи­лищесіне жі­бе­­ріледі. Сөйтіп, 1942 жылдың 27 ма­мы­­рынан бастап, Оңтүстік майданда шай­қасты. Хиуаз апаның соғыста алған ең алғашқы марапаты «Қызыл Жұлдыз» ордені. Бұл орден Кавказ майданындағы 218-ші бомбалаушы әуе дивизиясына қарасты 288-ші түнгі жеңіл бомбалаушы әуе полкі құрамында жүріп алған «У-2» ұша­ғының штурманы, сержант  Хиуаз Доспанова 1942 жылдың 9 шілдесі мен 27 қыркүйегі аралығында 102 түнгі әуе шайқасына қатысып, техникамен жаудың түгін қалдырмайтындай 15902 келідей түрлі бомбаларды тастаған. Атап айтқанда: Кизляр, Нижный Круп, Пав­лодольский, Терский, Малгабек, Хамидия, Моздак, Белореченск, Дигора пункттерін бомбалаған. Бірнеше жау нысандарын жойып, өртке ораған. Осы ерліктері үшін сержант Доспановаға 1942 жылдың 26 желтоқсанында «Қызыл Жұлдыз» ордені берілді. Бұдан кейін Х.Доспанова 132-ші бомбалаушы әуе дивизиясы құрамындағы 46-шы Томанган түнгі бомбалаушы әуе полкіне ауысады. 1942 жылдың 20 мамырынан бастап 272 рет түнгі әскери әуе шайқасына қатысып, 32100 келідей түрлі калибрлі бомба тас­тады. Атап айтқанда: Мелеховская, Гостогальская, Ахтинизавская, Пересыпь, Аджим-Ушкай мекендеріндегі жау ны­­­сан­дарын жойған. Осы ерлігі үшін штур­­­ман, кіші лейтенант  Х.Доспанова 1944 жылдың 22 ақпанында «Қызыл ту» орденіне ұсынылған. Алайда, Хиуаз «Қызыл ту» емес II дәрежелі Отан соғысы орде­німен марапатталады. Осы жылдың 23 қыркүйегінде гвардия лейтенанты Дос­панова «Кавказды  азат еткені үшін», артынша «Варшаваны азат еткені үшін» меда­ль­дарымен марапатталған. Елге орал­ғаннан соң Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіріп, ел басқару ісіне ара­ласады.  БЛКЖО ОК-ның бірінші хатшысы Қазақ КССР  Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Отыз жеті жасында зейнетке шыққан. 2004 жылы Хиуаз апамызға «Халық қаһарманы» атағы берілді. 2008 жылдың 20 мамырында дүниеден өтті. Қазақтың ұшқыш қыздары 
Дәмелі Жакеева да қазақтың ұшқыш қызы болатын. Ол 1922 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Майданға өз өтініші бойынша 1942 жылдың жазында аттанады. Алдымен Саратовтағы Вольск авиациялық училищесінде төрт ай оқиды. Мұнда Дәмелі бомбалаушы ұшақтарды қару-жарақтармен жаб­дық­тайтын механик мамандығын мең­геріп және атуды үйренген. 1942 жылдың тамызында Сталинград майда­нындағы 944-ші авиациялық полкке қабылданады. Дәмелі осындағы бірін­ші эскадрилияның 2-ші тобының әс­кери жарақтандыру шебері қызметін атқарды. Д.Жакеева 1942 жылдың тамызы мен 1944 жылдың қаңтар аралығында Солтүстік Кавказ майданында соғысты. 1944 жылдың та­мызынан бастап, Балтық жағалауы Ле­нинград және Бірінші Беларуссия майданында болып, 360 әскери ұшақты, оның ішінде: «ИЛ-2» ұшағын – 275, «ПЕ-2» ұшағын 85 рет көкке көтерген. 1943 жылдың 16 тамызында сержант Жакеева «ИЛ-2» ұшағын жарақтандырып жатқан кезде, төбеден жаудың әскери бомбалаушы ұшақтары төніп келіп, аэродромды атқылаған. Сол кезде оң қолдан ауыр жарақат алып, бір саусағынан айырылады. Госпитальда жатып шыққаннан кейін, Солтүстік Кавказ майданында 188-ші бомбалаушы әуе дивизиясындағы 367-ші әуе полкіне ауыстырылады. 1944 жылдың соңына қарай Дәмелі осы полктің «ПО-2» бомбалаушы ұшағының атқышы болып, шайқасқа қатысқан. Ол кезде полк екінші Балтық майданында шайқасып жатқан болатын. Дәмелі Жакеева жаңа полк құрамында: Шауляй, Каунас қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. 1945 жылдың басында Польшаны азат еткен әскери бөлімдермен бірге Германия астанасы Берлинге жеткен. Сөйтіп жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. Дәмелі Жакеева «Сталинградты азат еткені үшін», «За боевые заслуги», «Бірінші дәрежелі ҰОС ордендерімен» марапатталған. Хиуаз, Дәмелі апалар бір-бірімен жиі араласып тұрған.
Өмірі ұшақпен байланысты болған тағы бір қазақ қызы Мәдина Ысқақова. Ол 1924 жылы  Көкшетау облысы, Сандықтау ауданында туған. 1942 жылы 17 жасында өз еркімен соғысқа аттанады. Кемерова қаласындағы әуе байланысы мектебін бітіреді. Арманы ұшқыш болу еді. Алайда арманы орындалмай ұшақ механигі мамандығын алады. 240-шы жойғыш авиация полкіне қабылданып, үш мәрте кеңестер одағының батыры, атақты ұш­қыш Иван Кожедубтың жеке механигі болды. 1944 жылдың жазында полк 178-ші гвардиялық жойқын авиация полкы болып қайта жасақталады. Мәдина соғыс біткенше осы полк құрамында шайқасады. Кожедубтың ұшағын ұрысқа дайындайды. Будапешт, София, Вена, Курск, Орел, Белгород қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Иван Кожедуб 330 рет әскери әуе шайқасына қатысып, жаудың 62 ұшағын жойғаны үшін үш мәрте кеңестер одағының батыры атағына ие болды. Осы ерлікке Мәдинаның да үлесі бар екені анық. Мәдина өзі де Кожедубпен бірге бірнеше рет әуеге көтеріліп, жау ұшақтарын жоюға қатысқан. Алайда, оның ерлігін бағалайтын ешкім бол­маған. Соғыстағы өжеттігі үшін «Ер­лігі үшін» медалімен, «Құрмет бел­гісі» орденімен марапатталған. Мәди­наның ерлігінің ескерусіз қалуы, оның тұтқында болуына байланысты секілді. Мәдина же­ңісті Прагада қарсы алған. Мәскеуде өткен жеңіс шеруіне қатысқан. Елге орал­ғаннан кейін Айыртау ауда­нының шаруа­шылығында сауыншы бо­лып ең­бек еткен. Мәдинаның ерлігі ту­ралы ел кейіннен білген. 1985 жылдың ма­мырында Жеңістің 40 жылдық мере­кесі қарсаңында үкімет «Екінші дәрежелі ҰОС орденімен» марапаттаған. Сол жылы Мәдина Ысқақова дүниеден өткен.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы ұш­қыш қыздарымыздың бірі Қамқа Үм­беталина болатын. Ол 1923 жылы Орал облысының Тайпақ ауданында дүниеге келген. 1942 жылы Атыраудағы орта мектепті бітіріп, бірінші Украина майданының шай­қастарына қатысқан. Әскердегі қыз­­метін Воронеждегі әуе қоймасын кү­зетуден бастаған. Қамқа шайқастарға қатысып жүріп Орынбор, Чкалов, Челябинск, Омбыдағы ұшқыштар даярлайтын курстарды тәмамдаған. Ар­тынша Германияның одақтасы Жа­по­нияға қар­сы соғысып жатқан бірін­ші шығыс майданына ауыстырылады. Сондағы 9-шы әуе армиясының 583-ші әскери әуе полкінің бомбалаушы ұшақтарын бомбалармен жарақ­тан­­дырушы болған. Бірнеше рет әскери әуе шайқасына қатысқан. Со­ғыстағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Екінші дәрежелі ҰОС ордендерімен», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен мара­патталған. Қамқа апай жеңіс күнін сол бірінші шығыс майданында қарсы алған. Соғыс аяқталғаннан кейін де әскер қатарында болып, 1945 жылдың қараша­сында елге оралған. Ол Қазақ Мұнай мекемесінде инженер болып еңбек етіп, кен орындарын ашуға өз үлесін қосады. Міне, елін жаудан қорғауда, ерлермен қатар қазақ қыз­дарының әуе авиация саласындағы ер­лік­тері осындай. Кезінде қазақ қыз­дарының ерлігінің бағаланбауы өкінішті. Рухани жаңғыру бағдарламасына байланысты Отан үшін от кешкен қазақтың ұшқыш батыр қыздарының есімдерін жаңғыртып, лайықты бағасын беру, жастарды – патриотизмге тәрбиелеуде үлкен қажеттілік деп білеміз.

Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Республикасы
Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<