Бағланованы баулыған ұстаз

1174

1

Ырзахан Жәлімбетов 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өте­тін онкүндігіне Нартай Беке­жановтың бригадасы құра­мында сол кездегі одақ­тың астанасына сапарға шықты.  Кремль Сарайында И.Сталин бастаған Саяси Бюро мүшелері алдында Нартай мен Ырзахан сырнаймен ән салды. Осы концертте Қанабек пен Күләш Байсейітовтер, биші Шара мен Құрманбек Жандарбековтер де өнер көрсетті. Күләш 24 жасында КСРО Халық артисі атанып қайтты. Сапар барысында ­Ырзахан Нарком Темірбек Жүргеновпен, жыр алыбы Жамбылмен, классик жазушылар С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсіреповпен дәм-тұздас болды.

Ырзахан Жәлімбетов 1908 жылы Қазалы ауданындағы №16 ауылда, қазіргі Ақтан батыр ауылында дүниеге келді. 1921 жылғы аштықта әкесі мен анасынан айырылды. Өзінен екі жас үлкен ағасы Жұмахмет екеуі Қазалы қаласындағы жетімдер үйіне қабылданды. Бала кезінен ән-күй мен биге бейім болып өсті. 1922 жылы Қазалыға Ғани Мұратбаев келгенде, жетім балалар үйіне соғып, өзіне ұқсас Ырзаханның бұйра шашынан сипап «өнерлі бала екенсің, сені өзіме бала қылып алатын шығармын» деген болатын. Бұл Ғанидың Бақытжан Құрманбаеваға үйленгенімен, ба­­лалы болмай жүрген кезі еді. Ке­йін білді Ғанидың өзінен 6-ақ жас үлкен екенін.

Қазалыдағы мектепті бі­ті­рі­сімен, Шымкент қала­сын­дағы ауыл­шаруашылық тех­ни­кумында оқыды, одан соң білімін жалғастыру үшін 1934 жылы жаңадан ашыл­ған қазақтың тұңғыш универ­ситетіне оқуға түсті. Алайда науқастанып, Қаза­лыға қайтуға тура келді. 1935 жылдан бастап қазіргі ­№70 мектеп, ол кездегі Орынбор темір­жолына қарасты № 67 мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып қызметке тұрды. Мектепте бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі бола жүріп, жастардың басын құрап оркестр құрып, өзі жетекшісі әрі дирежері болып ауылдарды аралап концерт беретін. Өнерлі Ырзаханның есімі елге белгілі бола бастайды.

Мәскеу сапарынан шабытпен оралған Ырзаханның алдына қойған мақсаты да үлкен еді. Алайда жазықсыз жабылған жала арманының быт-шытын шығарды. 1937 жылы Қиыр Шығыс өлкесінен корейлер Қазақстанға күштеп қоныс аударылғаны белгілі. Солардың алғашқы легі Қазалыға да келген болатын. Жергілікті жұрт арасында бұрын-соңды көрмеген корейлер туралы түрлі қауесет тарап кетті. Бастауыш сынып мұғалімі Ырзахан оқушыларына сөзге сенбеуді айтқан. Бойын қорқыныш билеген балаларды сабақтан соң үйлеріне жеткізу үшін мектеп директорының орынбасары Әли Рысдәулетовтен рұқсат сұрайды. Ол келісім береді, бар жазығы осы. Көп ұзамай «мектеп завучі Ә.Рысдәулетов пен мұғалім Ы.Жәлімбетов жұрт арасына іріт­кі таратып, ел тыныштығын бұ­зып нағыз тап жауларының әрекетін жасап жүр» деген арыз бойынша, екеуі де дереу тұтқынға алынып, мектептің іргесіне жа­қын орналасқан Счастнов №13 ғимаратында орналасқан НКВД тергеу изоляторына қамалды. Әли мен Ырзаханға «қауесет таратқан айыптарыңды мойындаңдар» де­ген қысым көрсетіледі. Одан нә­тиже болмағасын, азаптаудың түр-түрін бастан өткізеді. Тергеу жылдан асқасын Әлидің келіншегі әділдік іздеп, жан-жаққа арыз жаза бастайды. Жауап бол­мағасын Орын­бор қала­сындағы НКВД бас­қар­масына барып шағым­данады. Көп ұзамай арнаулы өкілдер келіп ақ-қарасын анықтайды. Сол кезде арыз жазған адам да анықталды, ол мектеп директоры болып шықты. Бұған Ырзаханның қазақ өнер қайраткерлерімен  1936 жылы Мәскеудегі декадаға қа­ты­сып келуінен туған қызғаныш себеп болған. Оны өзі де байқап жүргенімен, директор үстінен НКВД-ға арыз жазады деп ойламапты. Арыз жазған адамның өзін қамап, тергеп болған соң ісін сотқа беріп, Магаданға жазасын өтеуге жіберілді. Сол кезде НКВД-да адал қызметкерлер де болған-ау.

Інісін шығарып алуға ағасы Жұмахмет келеді. 18 ай бойы жалғыз адамдық, терезесі жоқ  қараңғы карцерде жатқан Ырзахан күн көзіне шыққанда, құлап қалған екен. Өз-өзіне келгесін мектептегі қызметіне қосылды. Сотталып кеткен директордың орнына Әли Рысдәулетов басшы болып 1943 жылға дейін істейді. Кейін Қызылордаға шақырылып, облыстық білім басқармасының басшысы  болды.

Бағланованы баулыған ұстаз
Сурет 1937 жылы түсірілген. 15 жастағы Роза Бағланова ақ көйлек, пионер галстугін таққан, сол жақта бірінші болып түрегеліп тұр. Ұстазы Ырзахан Жәлімбетов үстіне китель киім киген, ортада отыр

Ырзахан кейін КСРО халық артисі болған Роза Бағлановаға ән сабағынан дәріс берген. Сырнаймен сүйемелдеп, ән айтуға машықтырғаны бос­қа кеткен жоқ. Мектепті бітірген 1939 жылы «Роза, сенен келешекте жақсы әнші шығады, бұл өнеріңді тас­тап кетуші болма» депті. Бұл сөз болашақ әншіге бағдаршам болғанын 1961 жылы мектепке ұстазын арнайы іздеп келген Роза Тәжібайқызы айтқан. Сол жылы ұстазын Алматыға қонаққа шақырды. Жазғы еңбек демалысына шыққасын әйелін, жиен қарындасы Зерхан мен қызы Қаламқасты ертіп, бір аптадай қонақ болып қайтады. Әнші Қазалыға концерттік сапармен келген сайын алдыңғы қатарға ұстазын отбасымен отырғызып қоятын. Ырзахан ағай ол кезде қазіргі Желтоқсан көшесіндегі екі қабатты қазына үйінде тұрғандықтан, пәтер тар­лығына байланысты үйіне шақыра алмағанына қатты қапаланатын. Розаға «бір өзің қонаққа кел» деп айта алмайды. Қасында үнемі концерттік труппасы болатын.

1941 жылы Қанбибі екеуі отау құрды, 1942 жылы тұңғыш ұлы Мырзахан дүниеге келгенде соғысқа шақыру қағазын алды. Фашистік Германия мен милитаристік Жапонияға қарсы соғысқа қатысады, 1947 жылға дейін Манчжурияда әскери қызметте болып, Қазалыға оралды. Дүниеге екінші ұлы Нұржан мен қызы Қаламқас келеді. 1947-1968 жылдары өзінің мектебінде ұстаздық етіп, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алды. Ұжымдастары үлкен құрмет көрсетіп, зейнеткерлікке шы­ғарып салды. Қызы, теміржол саласының еңбек ардагері Қаламқастың айтуына қа­рағанда, Ырзаханды халық жақсы көріп өз отбасындағы той-томалаққа арнайы ша­қырып отырған. Сол кезде өзімен бірге қызмет істеген әріптесі, Сыр бойына танымал күйші Қобылаш Жаймұратов екеуі егіз қозыдай шақырған жерден қалмайтын еді дейді. Қобылаш мандолинде, Ырзахан сырнайда ойнап, ән салып, кез келген тойдың сәнін келтіретін болған.

Түрмедегі азапты күндері абзал азаматтың денсаулығына орны толмас жан жарасын қалдырғандықтан болар, жүрегі сыр беріп жүрді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін 3 жылдан соң, 1971 жылдың желтоқсанында 63 жасында дүниеден өтті.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

тарих пәні мұғалімі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<