Балға соғып, болат балқытқан

1156

0

Бір адал істің басын ұстап, қастерлей білген әулетті айтпақпыз бүгін. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өмірінің соңына дейін сол кәсіпті кие тұтқан еңбек адамы халық арасында қашанда сыйлы емес пе еді?! Елді көркейтетін еңбек екенін білетін біздің жұрт соны дәріптейді.

Қош, әкеден балаға ауысатын текті өнерді түлеткен отбасында болдық.

Жаңақорғандағы Қожакент ауылында тұратын Бегман­овтар әулеті ұсталық өнерді сан жылдардан бері ұлықтап келеді. Аталары ағаш әрі темір ұстасы болған олар бүгінгі техника сұранысына да бейімделген.

– Әкеміз Сейтма­ған­бет, атамыз Бегман да ұста болды. Сейтмағанбет әкем 1926 жылы туған. Бірақ сол кезде комсомолға өтем деп, жасын бір жылға кейінге жаздырғанға ұқсайды. Құжат бойынша 1925 жылғы деп көрсетіледі. Соғыс бастал­ғанда екі жылдан соң 1943 жылы майданға аттанады. Соғыс бітіп, жеңіске жеткенмен, тағы 4 жыл Украи­нада  қаланы қайта қалпына келтіруге қалдырылған. Елге 1950 жылы келген. Анамызбен  бас қосып, жеті ұл, екі қыз өсірді, – дейді ұлдың үлкені Ермағанбет ақсақал.

Төрт кластық сауаты бар Сейтмағанбет әуелі колхоз басшылардың қағазын жазатын болған. Былайынша айтқанда, писарь қызметін атқарыпты. Жазуы қанық әрі түп-түзу болған деседі. Кейін кітапханашы, бригадир болып колхоз жұмысында да жүріпті.

– Бригадирлік уа­қы­тын­да аттан құлап, жамбасын сындырған. Әрі соғыста бұ­рыннан алған жарақаты бар еді. Осыдан кейін әкесі Бегманнан қалған ұсталық кәсібіне бет бұрады ғой. Жоқ-жұтаң кезде өмір сүрген Бегман атамыз халыққа ыдыс-аяқ шауып беріп, алғыс алған адам болған деседі. Ағаштан түйін түйген, қасық, тостақ істеп, жан-жағына тегін таратып отырған. Ашаршылықтың апанына жұтылып, онымен қоймай елді бастар арқалы азаматтар неше түрлі жалаға тартылған 30-жылдары біздің аталарымыз да Өзбекстан жеріне бас сауғалап кеткен. Самарқанның  «Қарсығұзар» деген аймағын 4-5 жыл қоныс етіп, қайта елге оралыпты. Жалпы біздің әулеттің елге қадірлі болуы ұсталықпен байланысты. Ата­мыз Бегман қожа қасық, тос­тақтан бастап кебеже-сан­дық, киіз үйге дейін қат бұйымдарды  қолдан  жасап, ағайынның қажетіне жарапты. Әжеміз Несіп өзі қайратты, қара сөзге дес бермеген, сонымен қоса қолы ашық, дастарханды, кебеже толы сақталған таңсық асын көппен бөлісіп отырмаса, көңілі көншімейтін. Жомарттығын жұрт «Қара кемпір» атандырып кеткен, – дейді екінші ұл Шермағанбет.

1967 жылы қазіргі Қожа­кент совхоз болып құры­лады. ХХІІІ партсьезд деп аталған жаңа жұртта Сейт­мағанбет ұста болады. Шағын ұстаханада алғашқыда көрік­пен жұмыс істейді. Кетпен, күрек соғып, тырманың ұшын шығару, соқаның түзін дұрыстау сияқты егістікке қатысты құралдарды дайындайды.

– Сол уақытта әкемнің мынадай бір қайырлы ісі бар еді. Осы Қожакентте үйленген жас­тар кейін бөлек отау болып шықса,  оларды  ұстаханаға шақырып алатын. Сөйтеді-дағы арнайылап істеп қойған бір шымшуыр, керней, күл шығарар қалақшасын қолына ұстатып жіберетін. Ол кезде қазіргідей газ жоқ, барлығы ошақ, самаурын пайдаланады ғой. Енші алған жастарды естиді де, олар сұрамаса да, дәл сол заттарды істеп беретін. Ал үлкен кісілерге пышақ соғатын. Сол заттардың бәрі ел ішінде әлі де кездеседі, – деді Ермағанбет ақсақал.

Қожакенттік ағайынның айтуынша, Сейтмағанбет ата­ның тағы бір қасиеті малдың қай түрі болмасын, сыртынан көріп, қанша келі ет беретінін айта білген. Ауылдағы той-томалақ не өлім-жітімде сойылатын ірі қараны ұста ғана бауыздайтын көрінеді. Оның малды жіліктеуіне, бөлген үлесіне ешкім шәк келтірмейтін болған. Бір ғана мысал, ұста 12 жілікті екі қолыменен бір-бір теңестіріп, орын-орнына бөліп қояды да, қалған еттің мүшелерін дайындап алып, «мынау мынаған», «анау анаған» деп әр жіліктің үстіне лақтыра береді екен. Ең соңынан бір жілік етті таразыға тартып көреді де, «қалғанының бәрі де осы салмақпен шығады» деп бір-ақ айтады. Соңынан қызық көріп өлшеген жұрт салмағы бірдей 12 жілікке дау айта алмайтын болған. Шынында да, ойының зеректігі, көзінің қырағылығы, қолының сезімталдығымен талайды таңғалдырған.

– Әкемізді ел Сейтмахан деп те атайтын. Қожакент ұстаханасында зейнетке шық­қанға дейін істеді. Осы кездері бұрын Өзбекстан жерін паналап кеткен біраз ағайын қайта қоныс аударып келе бастады. Әкемнің бұл отбасыларға көмегім болсын деп бар керек-жарағын істеп, үлестіргені ­ойымда қалыпты. Бүгіннің өзінде сол заттар кей үйлерде көзіме оттай басылып, өткеннің ұрпаққа қалдырған еншісіндей көңілім толқитыны бар.

Ал анам Хадишаның дас­тархан басында айтып отыратын әңгімелері өзім немере сүйсем де әлі есімде. «Біреудің ала жібін атта­маң­дар, «жаман әдетті бос ұстасаң, бой бермей кетеді» дейтін. Қанағатшылдық туралы «Тыя жесе тай қалады, қоя жесе қой қалады, қоймай жесең нең қалады», ал отбасында туатын ұрыс-керіс туралы «екі қолды бір-біріне ұрсаң шапалақ болады, жалғыз қолдан дыбыс шыға ма, кінәні бір адамға тағуға болмайды» деген ақылдары өмір бойғы әулеттің ұстанымына айналды. Қарапайым еңбек адамдары бола жүріп біз бойымызға нағыз ата-ана үлгісін алып қалдық, – деп ағынан жарылды Шермағанбет аға.

Ұста Сейтма­ғанбеттен та­ра­ған ұл-қыз бүгінде өскен, өнген саялы бәйтеректей. Жеті ұлдың қолынан іс келмейтіні жоқ. Ұста да, механик те, үйші де, кәсіпкер де. Жеңіл көлікті жөндеп, әдемі қақпа мен шарбақ соғатын да, үй шатырын жабатын шебер де осы әулетте бар. Шаруашылық құрып, егін мен малды қатар өсіруде. Тіпті, төртінші буын саналатын Шермағанбет аға­ның ұлы да елдегі үлкен жүк көліктерінің темір-терсегін жонып, ауыл шаруашылығы машиналарының кем-кетігін қалпына келтіріп жүр. Былайынша айтқанда, токарь. Темір жонып, болат балқытқан Сейтмағанбет ұстаның неме­ресі ата жолын осылай жал­ғастырып әкеткен.

Өткенін бағалаған, жақсы­сын жағалаған, ерлерін ұлық­тайтын һәм еңбегін ұмыт­пайтын әулет жайлы қысқаша осылай. Бүгінде Қожакентте «Сейтмағанбет ұста» бауы бар. Текті атадан тараған ұлдар жиналып, ауыл ортасына осындай әдемі бау отырғызып, сыртын қоршауға алыпты. 

Адал еңбекпенен ауылына сыйлы қожакенттік Бегмановтар еңбекті сүйе білді. Соның арқасында елге қадірлі. Ауыл емес, Жаңақорған жерінде ауыз толтырып айтарлықтай өзіндік салмағы бар үлкен əулет.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<