Басылым және баспахана

1038

0

Басылым және баспахана Газет жұмысы қызығы мен қиындығы қатар жүретін, үнемі ізденісті, жаңашылдықты талап ететін еңбек. Демек, халықпен бірге біте қайнасып, елдің мұң-мұқтажын, қоғамда орын алып жатқан жағдайдың  жай-жапсарын жеткізіп, елдің түкпір-түпкірінен хабар беріп жүрген тілшілер қауымының еңбегі зор екені сөзсіз. Дегенмен, газет жұмысын айтқан кезде көбіне журналистердің еселі еңбегі сөз болып, баспасөздің ажырамас бөлігі саналатын баспахана қызметі қағажу қалып қойып жатады. Тіпті, бұл саладағылардың атқаратын бейнетін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Облыстық атабасылым “Сыр бойы” газетінің тоқсан жылдық торқалы тойы қарсаңында қарашаңырақ “Сыр медиа” ЖШС баспаханасының жұмысын таныстыруды жөн көрдік.

 Бұрын газет қалай басылды, қандай қиындықтар болды? Қазіргі жетістік қандай?  Бұл сұрақтың жауабы газеттің бел ортасында жүрген мені де қызықтырады. Себебі, біздің міндетіміз ақпарды жедел түрде жазып беру. Онан кейінгі жұмысты дизайнерлер мен баспа мамандары жасайтындықтан оған көңіл аудармайды екенбіз. Яғни, таңертең жететін бір бума газет үшін баспаханадағылардың түнімен еңбектенетіні бізге беймәлім.

Сонымен…Газеттің ой мен қырдағы жүздеген авторлары мен тілшілері жазған хат-хабар әуелі редакция бөлімдерінде қорытылады. Бетке түседі, онан кейін баспаханаға жіберіліп жатады. Ол алдымен линотип машинасымен теріледі. Бұрынғы әріпті қолмен теретін жағдай қазір келмеске кетті. Соңғы уақытта техниканың жедел дамығаны соншалық, осыдан 20-30 жыл бұрынғымен мүлдем салыстыруға келмейді. Компьютерлендірілген заманда барлығын ақылды техникалар іске асырады. Тек қажетті тетіктерді басып, реттілікті сақтап отырсаңыз болғаны.

Баспаханада 40 жылдан астам уақыт бойы еңбек еткен Бақытжан Қайымов ағамыз ертеректегі техникалармен газет шығарудың машақатының көп  екенін айтады.

– “Сыр бойы” газетінің басылуына ат салысып жүргеніме 40 жылдан асыпты. Ол кезде бір басылымның нұсқасын дайындау үшін бір күн уақыт кететін. Қызметкерлер екі ауысыммен жұмыс жасайтынбыз. Əркімнің өз міндеті бар. Барлығын қолмен дайындаймыз. Бізде көбіне қыздар жұмыс жасады. Газеттің мəтіндерін арнайы аппаратпен тереді. Ал, екінші жағынан əріптер түсіп тұратын. Одан кейін оған металл құйылады. Толық дайын болғасын ғана баспаға жібереді. Алдын ала дайындаудың өзіне күнұзақ жүретін едік. Бір құйма 18 келі болады. Кәдімгідей қажырлы еңбекті талап ететін. Бүгінгідей интернетпен жұмыс деген жоқ. Газеттің келесі номерін шығару үшін екінші ауысымдағы жұмысшылар келіп жатады. Алдыңғы пайдаланылған металды қайта ерітіп, жаңасын дайындайды, – деді ол.

Түрлі  техниканың зор мүмкіндігіне иек артып алған біздер үшін бір кездегі баспа жұмысы ертегідей көрінгені жасырын емес. Қағаз бетіндегі жазулар үшін, металл еріту жұмысы да таңқалдырмай қоймады. Тіпті, газет бетіне түсетін əріптерді, таңбаларды қолға ұстап, жинап жүретіндеріне қазіргілердің сенуі қиын-ау.

 Бүгінде бір газетті шығару үшін ондаған адам күш жұмсайтын замандар өтті. Қазір бəрі басқаша. Негізгі екі-үш маман болса, жетіп жатыр. Дайын бет интернетпен редакциядан баспаға жіберіледі. Ол жақта нұсқасын бір тексереді де қалғанын техникаға тапсырады.

 – Ол кезде газет араға күн салмай шығатын. Халық басылымдарды қалт жібермей қарап, буы басылмай оқып шығуға тырысатын еді. Ол тұста «Ленин жолы» деген атпен шығып тұрған басылымның таралымы 50 мыңға дейін, тіпті, 70 мыңға жеткен кездері болды. Әр әріпті құятындықтан, баспаханада бір газетті шығару үшін шығармашылық ұжымнан бөлек қырықтан аса адам адам еңбек ететін, – дейді Бақытжан Қайымов.

2013 жылдан бері  “Сыр медиа” серіктестігінде жаңа үлгідегі технологиямен қамтылған баспахана жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда онда 7 аудан, бір қалалық және 3 облыстық газет басылады. Одан бөлек алыс-жақын аймақтардың газеттерін қосқанда  небәрі 30-дан аса басылым осы баспаханада басылып, жер-жерге тарайды. Заманауи құрылғының жетістіктерін ескерсек, қазіргі таңда газет басу жұмысы әлдеқайда жеңілдеген.

– Газетті тегіс қырқып, беттерін рет-ретімен орналастырып бүктеу және оларды санап, пластик лентамен бума-бума етіп байлап жайғастыру расымен біршама жеңілдеді. Бұрынғы кезде бұл тірліктерге де күндік уақытты арнауға тура келетін.  Қырық адам жасайтын жұмысты қазір 11 адам атқарады. Жаңа құрылғылар арқылы газет әп сәтте дайын болады. Мәселен, неміс технологиясымен дайындалған «CITYLINE EXPRESS» баспа станогының көмегі өте зор. Үндістаннан әкелінген қондырғы А2 және А3 форматтағы 40 беттік газетті, оның ішінде 16 бетін толық түрлі түсті етіп 1 сағатта 35 000 данамен шығара алады. Баспахананың газетке пайдаланылатын қағаздан бөлек, тығыздығы 65 мг-дық офсеттік ақ қағазбен басуға да тапсырыс қабылдау мүмкіндігі бар, – деді баспахана басшысы Б.Қайымов.

Міне, басылымның шығуына атсалысып жатқан баспахананың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Жалпы, жыл өткен сайын баспасөз саласының мамандары да газет-журнал сапасына мән беріп, жаңа технология дәуірінің мүмкіндіктерін басылым беттерінен көрсетуге тырысуда. Бұл баспахана қызметіне деген сұраныстың артқандығын білдірсе керек.    Өз кезегінде “Сыр медиа” ЖШС бапаханасы да бұл үдеден шығатыны сөзсіз.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<