«Бесік сату» кәдесі қайдан шыққан?

2980

1

Халқымызда «ас көп болса, кәде көп» деген сөз бар. Шындығында солай. Бүгінде кәденің түр-түрі бар. Олардың кейбірі – көнеден келе жатқан көз үйреніп, көңілімізде орныққан салт-дәстүр, кәде-кәумет. Десек те, уақыт өте келе өзгерістерге ұшыраған дәстүрлер де кездеседі. Соның бірі – ұзатылған қыздың артынан «бесік апару» немесе «бесік сату» кәдесі. Бұл тақырыпты қозғауға қарт кісілердің, сондай-ақ ескінің көзін көрген адамдардың айтқан сөзі себеп болды.

Орайы келіп тұрғанда айта ке­тейік, бұрын «есік ашу» деген тұр­мыстық салт болған. Бұл сөзді әже­лерімізден естуші едік. Дәлірек айтқанда, тұрмыстағы қыздың төр­кініне алғаш келуін «есік ашып келу» дейтін. Үйлену тойы өткен соң күйеу жігіт келіншегін алып, аға-жеңгелерімен, қатарлас достарымен қайын жұртына келеді. Әлбетте, алғаш келген күйеуді қыздың  жең­гелері  түрлі «амал-айласын» тауып, сыннан өткізеді. Соған орай күйеу жігіт те жөн-жоралғысымен, кә­де, сыйларымен келеді. Осылайша есік ашып келген қызын төркін жұрты барынша құрмет-қошеметін көрсетіп, қарсы алатын болған. Құдалар арасында өзара лайықты сый-сияпат жасалып,  жекжаттық байланыс беки түскен. Бұл жерде бір айта кететін жайт, тұрмыстағы қыз аяғы ауырламай тұрғанда төркініне келіп кетеді. Ал босанған соң шілде­хана, бесік тойына әжесі, анасы, сондай-ақ, туыс әпке-сіңілдері, жеңгелері баратын болған. Біздің білуімізше, шілдеханаға сәбидің туған-туыстарынан өзге ер адамдар шақырылмайды.

Ал шілдехана, бесік тойы қалай өтеді? Сәбиді қырқынан шығарған соң сән-салтанатымен бесікке салады. Бесікке саларға шақырылған абысынды-келінді ауыл-үйдің әйел­дері шашуларын,  сый-сияпат­тарын ала келеді. Баланы үлгілі ұрпақ өсірген, елі-жұртына сыйлы, қадірлі ана бесікке салады. Алдымен бесікті аластап, сонан соң барынша жұмсақ әрі жайлы етіп жабдықтап, сәбиді  бөлейді. Үлкендер батасын беріп, жиылған қауым бар ізгі тілектерін арнайды.

Иә, бұл рәсімнің айналасын­да орын­да­латын майда-шүйде кәде-кәумет, ырым-тыйымдар бар. Біз­­дің айтпағымыз – бүгін­де күн­­делікті өзіміз куә болып жүр­­­гендей, тұрмыстағы қыздың ар­тынан төркіндерінің бесік апаруы қаншалықты дұрыс? Қария­лар­­дан естуімізше, бұрын атасынан, әкесінен қалған бесікке сол шаңырақтың бар балалары, неме­релері бөленіп өсетін бол­ған. Ал бүгінде жаңа туған сәбиге бесікті нағашылары апарып береді. Бала нағашыларының бесігінде өседі. «Жарайды, онда тұрған не бар?» дейсіз ғой… Ойланып көрейік, мақұл, баланың әкесі жатқан бесікті айтпай-ақ қойдық. Бірақ оның бауыр­ларының баласы жатқан бесік бар емес пе, ол қайда? Турасын айтайық, ол бесік енді қажетсіз болып қалды. Өйткені шаңыраққа келін түссе, міндетті түрде артынан жасауымен бесік апарады. Міне, мәселе қайда жатыр? Біз осы­ған дейін бесіктердің қоқысқа тас­талып жатқаны жайлы басылым бетінде мәселе қозғап жазған едік. Сол мәселенің түп-төркінін тапқан сияқ­тымыз. Атадан балаға мұра болмақ түгілі, ағайын, бауырлар ара­сында, баладан балаға бір бесік жүрмейтіні  белгілі болып отыр. Бүгін­де бір отбасында орташа екі-үш баладан десек, сол үш балаға бір бесіктен алына берсе, бесіктердің қо­қыс­қа тасталуына таңғалуға болмайды.

Ғаламторды ақтарып қарасақ, бүгінде бесіктің ең қарапайым түрі 13 мың теңге болса, орташасы 37 мың, ал ең қымбаты 89 мың теңге тұратын «Бақыт» деп аталатын бесік екен. Алтын түстес бесіктің ою-өрнегі де керемет екен. Бағасының қымбат болып тұрғаны «Бақыт» деген атауына да байланысты болса керек. Біздің қазақ ырымшыл халық қой. Бәлкім, сол бесікте жатса, баласы бақытты болады деп жорамал жасайтын шығар. Айта кетейік, қа­зақта бесікті саудаласпайды, сату­шының сұраған бағасына алады.

Осы тақырып төңірегінде ұла­ғатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі, бүгінде Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Жалағаш аудандық филиалының басшысы, белгілі ақын Зордан Салықбаевтың жары Дина Мейірманова апайымыздың пікірін білген едік.

– Өте орынды ой қозғап отырсыздар. Иә, шындығында біздің бала күнімізде бір атадан тараған ұрпақ бір ғана бесіктен өсіп-өніп, одан әрі өркенін жаятын. Оның үстіне, қыздың төркіні бесік апармайды. Ойлап қарасақ, бұл ақылға да сыймайды. Мысалы, нәрестенің өмірге келгеннен кейінгі орны – бесік. Бүгінгі жағдайда қара­сақ, бала өз жұртының емес, наға­шысының бесігінде жатады. Бұл үрдіс беріректе, яғни, сол 1980 жылдары шықты. Әдепкіде бұған тосырқай қараған жұрт кейіннен бірінен бірі қалмай, бәсекеге түсіп, дәстүрге айналдырып алды. Қызға дүние апару да бұрмаланып жүр. Негізінде, ананың міндеті – қызына  өз қолымен тіккен көрпе-жастығын, одан қалса, азғантай ыдыс-аяғын ғана беру керек. Ал бүгінде жас отаудың тұрмыстық жабдықтарын түгел қыздың төркіні апарып береді. Дәулеті барлары тіпті көлік, үй сыйлайтын болды. Мұның бәрі дарақылық деп айтар едім. Сонда отбасын құрған азамат не істейді? Дайын дүниеге ие болып қала бере ме? Жасыратыны жоқ, күндердің күні болғанда отбасында ыдыс-аяқ сылдыраса, келіншектің күшіне мініп шыға келетіні сөзсіз. Дұрысы, отау құрған екі жас өмірдің ыстық-суығын бірге татып, бар мен жоқтың бағасын біліп, тұрмыс кешуі керек. Сонда ғана шаңырақ шайқалмайды, отбасы бұзылмайды. Оның үстіне, орта тұрмыс кешіп жатқан отбасылар мұндай сән-салтанат жасауға жағдайы келе бермейді. Қатарынан кейін қалса, жастардың да сағы сынады. Осының бәрін ойлаған жөн, – дейді көпті көрген Дина апайымыз.

Иә, бесікті әкелген нағашылары осы тойдың үстінде «бесікті сатамыз» дейтін де кәденің түрі бар. Оны сәбидің ата-әжесі «сатып» алады. Қарап тұрсақ, бұл да жәй қызық үшін қосылған кәде сияқты. Қорыта айтқанда, әр әулеттің ұрпағы өз жұртының бесігінде өсуі керек. «Аттан жығылсақ та, салттан жығылмайық» дейтін сөздің төркіні осында жатыр емес пе?!

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<