Мен бұл мақаламда Америка ашайын деп отырған жоқпын. Талантымен әлем халқын тәнті еткен би падишасы Шара Жиенқұлова апамыздың Сыр еліне тікелей қатысы барын елге жеткізу үшін газетке ұсынып отырмын. Тума таланттардың өмірі түйткілдерден тұратыны да – өмір шындығы. Қазақтың ұлттық театр өнерінің негізін қалаған Құрманбек Жандарбеков – апамыздың бірінші күйеуі. Ал екінші күйеуі жайлы «Өмірім менің – өнерім» атты Шара апамыздың мемуаралық кітабының әдеби жазбасын жасаған Шәрбану Құмарованың естелігіне жүгінсек, Шәкеңнің кейінгі күйеуі ұшқыш болған. Онымен біраз тұрып, кейін ажырасып кеткен. Сол кісі жайлы «Қанатты батыр» деген тарау жазылған. Бірақ апай кейінірек соны кітапқа енгізбей-ақ қоялықшы депті. Шара апа ұшқыш Жолдасбек Нұрымов жайлы тарих беттерін кейінгілердің ризашылық сезіммен парақтайтынына да сенімді болған. Болжам шындыққа айнала бастады.
Қос тұңғыштың (биші-ұшқыш) шындығын Жәнібек Исаев ініммен бірге алғаш көтергенімізді ризашылық сезіммен еске аламын. Сөзімнің дәлелі ретінде Ж.Исаевтың «Вместо сердце пламенный мотор», менің «Тоғысқан тұңғыштар тағдыры», «Ұрпақтарымен ұлықталған ұшқыш», «Италияда қарындасым тұрады» деген мақалаларымда Сырдария ауданына қарасты қазіргі Амангелді ауылының тумасы, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш, би падишасы Шара Жиенқұлованың күйеуі болған Жолдасбек Нұрымов туралы толығырақ айтылған-ды. Биыл қазақтың би өнерін әлемге паш еткен, Сыр елінің келіні болған Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл. Сондықтан ол жайлы Сыр халқына толығырақ мәлімет берудің реті өзінен-өзі сұранып тұрғандай. Ендеше оқып көріңіздер, құрметті оқырман.
Ш.Жиенқұлова 1912 жылы 18 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Баймолда Жиенқұлұлы Жетісу өңіріне қадірлі, беделді діндар адам болыпты. Алғашқы әйелі Нұрбібі 14 қызға құрсақ көтергеннен кейін, ұлдың келуін күткенмен, екінші әйелі Айаш та 15-ші қыз Шараны өмірге әкеледі. Кейін қатарынан үш ұл тауып Айаш апа Баймолда әулетін кеңейте түседі. Әкесі Шараны 7 жасынан бастап діни бағытта тәрбиелейді. Үй-жайы Алматыда болғанмен, жазда қырғызбен шекаралас «Көкбайрақ» аталған жайлауда қазақтың алтыбақан, ақсүйек ойындарын ойнап, ескі әндерді бойына сіңіріп өседі. Баймолданың ағасы Сұлтанғазы – Алматыда алғаш комсомол ұйымына, баспа-ағарту салаларына жетекшілік еткен қайраткер. Болашағын болжай білетін ол Шараны орыс мектебіне беруге ықпал жасайды. Жастайынан биге құмар ол 1928 жылы 16 жасында Алматыда алғашқы концертін өткізеді. Сол кезде Жетісу өңірінде қазақ тілінде «Тілші», орыс тілінде «Искра», ұйғыр тілінде «Кәмбәғәллар авази» деп аталатын газеттердің баспаханасында ұйымдастырылған осы концерттен түскен қаржы басылымдардың қажеттілігіне жұмсалыпты.
Д.Қонаевпен бір сыныпта оқыған Шара апа: «Класта ұзын бойлы Димаш деген бала орысша жақсы біліп, жетік оқыды, біз оған орысша жазба жұмыстарымызды тексеріп, есебімізді шығарып бер деп жалынатынбыз, кейін ол мектепті үздік аяқтап Москваға оқуға кетті» деп еске алыпты.
Сұлтанғазы ағасының көмегімен Шара Қазақ педагогика институтына оқуға түседі. 1928 жылы Қазақстанның астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілген кезде, өнер саласындағы жаңа һәм жарқын өмірі басталды. Қазақтың дарынды ұлдары Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Қ.Байсейітов, Ж.Шанин, т.б. қызмет жасаған Алматыда ашылған театрға Шара мен Күләш шақырылады. Талантымен танылған Шара алғаш рет Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш ролін тамаша ойнайды.
1929-1934 жылдары театрда қазақ және шетел драматургтерінің шығармаларындағы басты ролдерді сомдайды. Бірақ биге деген мүмкіндігі мен ықыласы, құмарлығы сол салаға жетелей беріпті. 1934 жылы музыкалық драма театрына (қазіргі қазақ опера және балет театры) ауысты. Мұнда М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық драмасында Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларында ұлттық билерді орындайды.
1933 жылы қыркүйек айының 8-і күні «Ұлттық өнерді дамыту шаралары туралы» БКП(б) Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысы шықты. Сол кездегі халық ағарту комиссары Т.Жүргенов осы қаулыны негізге алып, Шараны Ташкент шаһарына жіберіп, бишілер Тамара ханум, Муккарам Тұрғанбаевадан өзбектің «Қатта-ойын» деген биін үйреніп келуге тапсырма береді. Қазақстанның 15 жылдық мерекесіне арнайы келген «Бүкілодақтық староста» атанған М.Калинин басқарған қонақтардың алдында өзбек дабылшысының сүйемелдеуімен осы биді тамаша орындайды. Шара апа сол кез туралы: «Бұл қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмаймын, көзбен көргендер өте риза болып, қол соққан халықтың қошеметінен театрдың іші дуылдап кетті, биді бірнеше рет қайталадым» деп еске алыпты. Жоғарыдағы қаулыға сәйкес Алматыда Мемлекеттік музыка студиясы құрылды. Сондықтан қазақ драма театры әнге, биге бейім Ә.Қашаубаев, К.Байсейітова, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Қ.Байсейітов және Ш.Жиенқұлованы жаңа ашылған студияға ауыстырады. 3-4 айдың ішінде студия түлектері бірінші рет сахнаны 1934 жылдың 10 қаңтарында «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашады. Музыкалық театрдың екінші спектаклі революциядан бұрынғы қазақ ауылының өміріне арнап жазылған Б.Майлиннің «Шұға» пьесасын сахналап, онда Шара билеп әрі Күлзипаның ролін орындайды. Театр көп ұзамай халық арасында кең тараған «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларын сахналайды.
Қазақтың би өнерінің алғашқы қалыптасуы кезінде өлшеусіз еңбек еткен, ұлттық балет өнерінің дамуына игі ықпал жасаған Кеңес Одағы Үлкен театрының бишісі әрі балетмейстер-педагогі А.Александров еді. Нарком төрағасы Т.Жүргенов ол кісіні Алматыға арнайы шақырып театрға алғызады. Шара апаның би өнеріндегі алғашқы ұстазы да осы кісі еді.
1936 жылдың мамыр айының 17-28 күндері Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті. Онда «Қыз Жібек, «Жалбыр» спектакльдерімен бірге А.Жұбановтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылған КазЦИК атындағы халық аспаптар оркестрі (қазіргі Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі) жұртшылықтың назарын бірден аударды. Мамырдың 26-сы күні Үлкен театрда қорытынды концерт өтіп, оған И.Сталин бастаған саяси бюро мүшелері түгел қатысады. Шара апамыз орындаған қазақ билеріне көпшілік көрермендермен бірге Сталиннің өзі ризашылықпен қол соғады. Бұл жайлы Шара апамыз: «Қол соққан халықтың қошеметінен Үлкен театрдың іші теңселіп кеткендей болды. Астана көрермендері Қазақстанның мәдениеті мен оның жетістік табыстарымен кең түрде танысты. Қазақтың көптеген дарынды актерларының, әншілерінің, орындаушыларының және суырыпсалма ақындарының өнер шеберлігі москвалықтарды шын мәнінде таңғалдырды» деп еске алыпты.
1938 жылы қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелді» түсіріліп, онда Шара апамыз батырдың жұбайы әрі серігі Балымның ролін орындайды. Балым революция жылдары ерімен бірге жорыққа аттанып, бостандық үшін айқасқа түскен қазақтың жауынгер, өжет қызының жиынтық бейнесі болатын. Көп ұзамай Шара ұлттық би ансамблін ұйымдастыруға кіріседі. Театрда өз орнына жас бишілер Н.Тапалова мен К.Карабалинованы, биші жігіттер арасынан А.Бекбосыновты дайындайды. Аталған есімдер қазақ ұлттық би өнеріне зор үлес қосқан тұлғаларға айналды. Ансамбльдің біраз мүшелері 1959 жылы Нью-Йоркте өткен көрмеде Американың бірталай қалаларын аралап, онда Шара апамыз «Көкпар» биін нақышына келтіре орындап көпшілік құрметіне бөленді. Оның репертуары қазақтың ғана емес, басқа ұлттардың билерімен байи түсті. Ізденімпаздығымен дараланған би падишасы өзінің тынымсыз еңбегі жайлы былайша еске алады: «Концерт жүргізуші орындалатын бидің мағынасын, оның орындалу ерекшелігін халыққа айтып түсіндіріп болғанға дейін мен сол халықтың ұлттық киімін киіп үлгіремін де, бидің әнін айта жүріп билеймін. Кейін санасам ондай билердің саны 36-дан асып түседі екен… Армян, әзербайжан, грузин билерін үйретіп, оларды сахнаға қойған балетмейстер Илья Арбатов еді де, орыс билерінің ерекшелігін менің ойыма сіңірген СССР Халық артисі, Пятницкий атындағы академиялық хор коллективінің балетмейстері, профессор Ткаченко мен Татьяна Устиновалар болды. Шығыс билерінің көбін үйреткен Совет Одағы Үлкен театрының балетмейстері Голейзовскийдің, қызуқанды цыган билерінің ерекшеліктерін танытқан Лиля Чернаялардың есімдерін күні бүгінге дейін ерекше құрметпен есіме сақтап келемін» деп тебірене жазыпты.
1941 жылы Мәскеуге Одақтық эстрада өнерінің байқау конкурсына Ж.Омарова мен Шара апамыз қатысуға келгенде, соғыс басталып кетеді. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бұйрығы бойынша артистерді бірнеше үгіт бригадаларына бөліп, әскери киім беріп майдан шебіне жіберіледі. Шара апа да өз ансамблімен соғыс жүріп жатқан батыс аудандарға аттанады. Ансамбль артистерімен әнші Қ.Лекеров, Ғ.Құрманғалиев, Н.Сашинина. В.Калтон, Ә.Әбішов бірге жүреді. Әскери сапардан мақтау грамотасын, гвардияшылар киетін қара бурка мен қолға ұстайтын сәнді таяқты сыйға алып аман-есен Мәскеуге оралады. Сөйтіп Мемлекеттік қорғаныс комитетінде екінші рет Сталинмен жүздеседі. Бұл тарихи сәті туралы «Баяғыда онкүндік кезінде көргенімнен көп өзгерген, екі самайына ақ түскен, жүзі сынықтай көрінді. Бізге Сталин рахмет айтып: «Сіздердің әндеріңіз, билеріңіз, күйлеріңіз Қызыл Армияның рухын көтеріп күшіне күш қосты. Сіздердің айтқан әндеріңіз жауға оқ болып атылды» дегенін еш уақытта ұмытпаймын. Сол кезде майдан шебіндегі бір концертіміз өтіп жатқанда «Ұрысқа! Алға!» деген бұйрық берілгенде, пулеметчик Жмуров деген жауынгер орнынан тұрып «мен бірінші оғымды қазақ халқының өнері үшін жауға атамын» дегені есіме түсті. Сол күні маған және ансамбльдің барлық мүшелеріне Қорғаныс комитетінің Құрмет грамотасы екінші рет тапсырылды» деп еске алады.
Биші өз еңбегімен тапқан қаржысына Қызыл Армияға көмек ретінде танк сатып алып берген. Соғыс барысын жіті қадағалап отырған қолбасшы И.Сталиннен телеграмма да алған. Майдан шебінде күйеуі ұшқыш Ж.Нұрымовпен кездесе алмайды. Екінші рет 1942 жылы КСРО Халық артисі Людмила Руслановамен бірге екінші Украина майданында болып, үш айдай алдыңғы шепте концерттер қояды. Осы сапарында Жолдасбек ағамен кездесіп, бірге болады. Мына сурет сол кезден қалған екеуінің қуанышты сәттерінің ескерткіші болса керек.
Соғыстан кейінгі жылдары қызметін қазақ филармониясында жалғастырып 1962-1966 жылдары қазақ ән-би ансамбльінің басшысы, 1975 жылға дейін Алматы хореография училищесінің директоры қызметін атқарды. Ол қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып, ұлттық би өнерін ғылыми тұрғыда терең зерттеп, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрі арқылы халық билеріне жаңа дем берді. Ш.Аймановтың 1957 жылы түсірілген «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде қазақтың мың бұралған бишісі ретінде өзін-өзі сомдады.
Халқының есінде мәңгілікке қалған ол Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Ленин», екі мәрте «Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдардың иегері. «Қазақ биі», «Сымбат», «Өмірім – менің өнерім», «Би құпиясы» кітаптарының авторы.
Мақаладағы Д.Қонаев, Ш.Жиенқұлова, Ж.Нұрымовтың өмір жолындағы кейбір сәттерінің бір-біріне байланысы оқырманды бейжай қалдырмас деген ойдамын. Үшеуі де – бір жылдың тумалары. Жоғарыда Шара апамыздың сыныптасы болған Д.Қонаев жайлы естелігін келтірдік. Д.Қонаевтың Шара жайлы мына естелігін келтіргеннің артығы болмас: «Мен сондай сиқырлы өнер иесі деп Шара, шын аты Гүлшара Жиенқұлованы айтар едім. Ол да Алматының қызы, түйдей құрдас едік, ондай мың бұралған биші енді туар, бірақ бұған дейін кездестірген емеспін. Шара башқұртша да билейтін, грузинше де билейтін. Ол билемеген би жоқ. (Д.Қонаев. «Ақиқаттан аттауға болмайды» А, 1994 ж. 371-бет).
Шығыс өркениетінің орталығы болған қасиетті Сыр елін ешкім жатсынбаған. Д.Қонаевтың Сыр топырағына деген құрметі жайлы өзі жазып кеткен кітаптарынан көп дәлелдер келтіруге болады. Ұшқыш Ж.Нұрымовтың бірінші жары Гүлсім ападан өмірге келген Зарема Жолдасбекқызы Д.Қонаевтың арнайы ұшағында 21 жылдан аса бортсерік (стюардесса) қызметін атқарғаны мен қарастырып отырған тұлғаларды жақындастыра түсетіндей. 36 ұлттың биін меңгерген Шара апамыз бен 15 түрлі ұшақтың техникалық тілін меңгерген қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш, Сыр перзенті Жолдасбек Нұрымовтың 9 жылдық жұбайлық өмірі – би падишасының Сыр еліне жақындығының бұлтартпас дәлелі. Шымкент қаласына жерленген ұшқыштың есіміне көше берілген, Тағзым алаңындағы ескерткішке есімі енгізілген, тұрған үйіне арнайы тақта қойылған. Осыларды ескеріп, облыс, қала, аудан басшылары да олардың есімін ұлықтауды ескерер деген үмітпен ойымызды тәмамдаймыз.
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<