Біздің автор

1198

0

Газет-журналды іздеп жүріп оқитын жандардың бірі – қала тұрғыны  Жеңісбек Мақсұтұлы. Сексенге аяқ басқан ақсақал  әлі де тың. Жергілікті басылымнан өзге республикалық газет-журналдарды жаздырып алады. «Сыр бойы» газетінің оқырманы әрі авторы ретінде  есімі көпшілікке жақсы таныс. Жақында жолымыз түсіп, ақсақалмен әңгімелесіп қайттық.

Бізді келеді дегенді естіп, жиған кітап-дәптерін үстел үстінде дайындап қойыпты. Газеттің әр нөмірін мұқият қарап, тігіндісінің толық болғанын өзі қадағалап отырады. Жарияланған мақалалар жайында жақындарымен ой бөлісуді әдетке айналдырған.  Маңызды ақпараттарды және мақалаларының қиындысын жинап қойыпты. Тиянақты ісінен жазуға деген ықыласы ерекше екенін бірден аңғаруға болады. Әсіресе, қойын дәптері ерекше назар аудартты. Елдегі жаңалықтарға шолу жасап, тізбектеген. Кітап қоры да жеткілікті.

– Газет-журналға, кітапқа бала күнімнен құмар болдым. Мына сарғайған газет қиындыларын ерте кезден бастап жинадым. Облыстағы және елдегі хабарларды қалт жібермей оқып отырамын. Әсіресе, облыстық газеттің тұрақты оқырманына әрі авторына айналдым. Ондағы әрбір журналисті қолтаңбасынан танимын. Кейін редакцияға барып, өз қолыммен мақаламды тапсырып жүрдім. Есімі елге белгілі тілшілерді көрдім, – дейді ақсақал.

Кейіпкеріміз әңгімесін әріден сабақтай түсті. Ол Тереңөзек ауданының Қызыл­­өзек ауылында дүниеге келген. Әкесі Мақсұт Әбілсейітов соғыс кезінде  ауыл­да басқарма төрағасы болып еңбек еткен. Көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты кісі екен. Бірақ 34 жасында бақилық болған. Ол кезде Жеңісбек ағамыз бір жарым жаста екен. Анасы Шүкірман баласының аузына жылы- жұмсағын тосып ер жеткізді. Балалық шағы қазіргі Ақжарма ауылында өтті. Сондағы жетіжылдық мектепті бітіріп, орта білімді аудан орталығындағы №35 М.Калинин атындағы мектепте аяқтады.

Бозбала шағында зерек болған оны Қызылорда қаласындағы гидро­техникумға оқуға түсірді. Оқуды аяқтаған соң жолдамамен Атырау облысының су шаруашылығы бас­қармасына қарасты ауданның біріне жұмысқа жіберді. Онда шеберден бас­тап, прораб, аға инженер қызметтерін абыройлы атқарды.

Туған еліне қызмет етуге бекінген маман  ауылға оралады. 1972 жылы «Шіркейлі» кеңшарының басшысы Жаңабай Азаматовтың шақыруымен, аудан басшыларының келісімімен бас инженер-гидротехник қызметіне қабылданды.

– Мамандығым бойынша жай қыз­меттен бастап, бас инженер-гидротехник атандым. Мекемеде бастауыш комсомол ұйымында хатшы болдым. Сол кезде басылым беттеріндегі хабарларды үзбей оқып, өзім де мақала жаза бастадым. Жазған дүниелерім аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жарық көрді. Салама қатысты, өзге де тақырыптарға қалам тербей бас­тадым. Еліне еңбек еткен, туған өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ағалар жайында  жазған жазбаларым да басылым беттеріне шықты. Ұсыныс-пікірлер біл­діріп, жарияланған мақалаларға қа­тысты ойларымды жолдап отырдым, – дейді Жеңісбек Мақсұтұлы.

Бір жылдары оның облыстық газетте «Әл Фараби дінсіз бе?» деген тақырыпта мақаласы жарияланды. Бұл мақалаға белгілі журналистер Әзімхан Смайлов, Қаппар Сүлейменов, Қазыбек Әшірбекұлы пікір қосты. Сонымен қатар республикалық «Жас Алаш» газетіне шыққан «Тоғжан қайда жерленген?» атты мақаласы да көптің талқысына түсті. Қоғамдағы мәселелерден туын­даған ойын түртіп, онысын газеттерге жіберді. Өзекті болғаннан кейін бе, басылымда тез жарық көрді.

Бүгінде сексенге аяқ басып, жары Күлжәмилә екеуі өсірген ұл-қыз­дарының  ортасында отыр. Екі ұл, бір қызды аяқтандырып, құтты жеріне қондырды. Ұлы Алмас Шіркейліде жеке кәсібін ашқан. Жандос атты баласы машинист. Қызы Нұргүл медицина саласында еңбек етеді. Немерелердің бақытына кенелген ақсақал жастарға өнеге көрсетуден жалыққан емес.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<