Болашақ үшін бейнет кешті

1209

0

Сәлима апа жастардың жанашыры болды, сондықтан ерекше құрмет тұтамын. 1976 жылы Сыр елінде инженерлік-техникалық, білім-ғылым ордасын құру мақсатында жұмысқа келдік. Бұл уақытта ең үлкені – мен 29-да болсам, кейінгілері 27-26-дағы қызметкер жастар еді.

Техникалық сала бойынша институт филиалының құрылып, жұмысы жолға түсуі үшін бүкіл ел атсалысты. Сол уақытта Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов бастап, су шаруашылығы мамандары да қолдау танытты. Бірақ кейде «жас балаларды қызметке әкелді, мұның арты не болмақ» деген пікірлер де ел арасында айтылып қалатын. Сонда Сәлима Жұмабекқызы бізге ерекше қолдау танытты. Арада екі жыл өткенде 1978 жылы институт филиалының жұмысын тексеру үшін Мәскеудегі әйгілі оқу орындарынан тексеріс келді. Бұл филиалда материалдық база әлі дұрыс жасақталмаған, мұғалімдер жетіспейтін уақыт еді.

Бірақ жұмысқа бар ынтамызбен кірісетін патриотпыз әрі өзімізге сенімді едік. Сонда комиссия мүшелерін аймақтағы күріш шаруашылығының жұмысымен таныстыру үшін аудандарға апарып, Сәлима апай жетекшілік ететін күріш алқабында болдық. Сонда Сәлима апамыз жердің құнарлылығын анықтау, тыңайтқыштың нормасын есептеу, суды қалай, қай уақытта беру керектігін білу сынды жұмыстар үлкен ғылым екендігін баса айтты. Оқталып келген комиссия бұл жерге ғылыми-техникалық білім ордасының керектігін түсініп, көпбалалы Сәлима апаның күндіз-түні күріш алқабында еңбек ететін қайсарлығына таңырқаған болатын.


Сәлима апамыз бізге нағыз жанашыр болды. Депутат кезінде түйткілді мәселелердің шешімін табуына көмектесті. Адамгершілік қасиеті мықты, мінезі ашық еді, кейде өзі хабарласып, жағдайымызды біліп отыратын. Ол – елін сүйген, болашақ үшін еңбек еткен нағыз батыр ана.


Уәлихан БИШІМБАЕВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<