Бүгінге жеткен бағалы жәдігерлер

2194

0

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі (Ақмешіт филиалы) қазақ тарихында өзіндік орны бар Төлекқожа батыр Қылышқожаұлы (1716-1798 жж.), Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлы (1774-1860 жж.), Бұқарбай батыр Естекбайұлы (1812-1898 жж.), Қайқы батыр Ұзақұлының (1845-1918 жж.) өмірі мен қызметі және пайдаланған заттары туралы тарихи-танымдық дүниелерді ел назарына ұсынды.

Төлекқожа батыр Қылышқожаұлы ХVІІІ ғасырда жоңғар шапқыншылығына қарсы атақты Абылай ханның ту ұстаған батырларының бірі болған. Қожа Ахмет Яссауидің туған ағасы Хазіреті Шайықтың ұрпағы саналады. Батыр өз уақытында Аққорған қаласын қорғаушы ретінде ерен ерлігімен көзге түсіп, мыңбасы ретінде талай қиян-кескі соғыс жорықтарына қатысып, тапқырлығымен танылған. 1757 жылғы Жоңғар қақпасындағы соңғы шайқасқа дейінгі ірі жеңістердің барлығында Қабанбай, Алтыбай, Ақтанберді, Есенбет, Жәнібек, Малайсары, т.б. батырлармен бірге Сыр өлкесінен шыққан Төлек батыр да ерлік көрсеткен. Жазушы Жолдасбай Тұлыбайұлының 1987 жылы жарық көрген «Тамыз таңы» атты романында Хангелді батырдың ұлы Райымбек батыр және Төлек батырдың ерлігі жайлы әңгімелейді.

Ел аузындағы деректерде Төлек батыр ат үстіндегі соғыс өнерін жоғары меңгерген. Сауытты көп пайдаланбаған көрінеді. 1798 жылы дүниеден өтіп, Жаңақорған өңірінде Аққорғанда жерленген. Қазіргі уақытта мұрасы ретінде қылышы сақталған. Жәдігерді батырдың ұрпағы саналатын Ташкенттің Янгиюль ауылының тұрғыны Шаймардан Ысқақов Пахраддин Садықовқа аманат етіп тапсырған. Кейін музейге Мадиярхан Тұрсынқожаұлы сыйға берген. Жәдігердің ұзындығы – 62,5 см, жүзінің ені – 4 см, сабының ұзындығы – 14 см, жүзінің ортасына арнайы дола салынған. Сабы қайта жаңғыртылған. Құнды жәдігерді насихаттауға Жаңақорғанға белгілі өлкетанушы, еңбек ардагері, музей саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан Нәбихан Шалапов атсалысты. 

Жоба барысында ХІХ ғасырда Ресей империясы, Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы Сыр өңіріндегі ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлының мұрасы зерттелді.

Жанқожа 17 жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді. Осы жорықта әділетсіздігі үшін Қылышбай ханның өзіне де қол жұмсайды.

Ол Кенесары Қасымұлына дем беріп, барынша қолдау көрсетеді. 1845 жылы Кенесары ханның өтініші бойынша Созақ бекінісін басып алуға қатысады. Кейінірек Жанқожа батырдың Қоқан хандығымен көп жылға созылған тартысты оқиғалары басталады. Хиуа хандарының шапқыншылық езгісінен әбден қалжыраған Сыр қазақтары амалсыздан патша үкіметін іс жүзінде танып, хиуалық бектерге қарсы күресте олардан жәрдем күтеді. Жанқожа батыр орыс әскерлерінің келуін алғашында үлкен үміт, достық сезіммен қарсы алады.

Патша шенеуніктері мен әскерлері ауық-ауық елдің тыныштығын бұзып, бұл кезде егде тартып отырған Жанқожаға да маза бермейді. 1856 жылы желтоқсанда Сыр бойы қазақтарының Ресейге қарсы қарулы көтерілісі басталады. Империя әскері мен көтерілісшілер арасындағы шешуші шайқас 1857 жылғы 9 қаңтарда Арықбалық шатқалында өтеді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтереді. Бірақ батырдың нашар қаруланған жасағы от шашқан зеңбіректің снарядына және мылтықтың калың оғына төтеп бере алмайды.

Жазалаушы отряд көтерілісші халыққа қарсы тағы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарына адам айтқысыз жауыздықтар жасайды. Жанқожамен бірге 20 шақты қазақ ауылы көшіп кетеді. Жанқожа мұнда Хиуа, Бұқара немесе Қоқан хандары тарапынан өзіне одақтастар табуға әрекеттенеді. Бірақ бұл саясатынан ештеңе шықпайды. Қазақтардың Жанқожа Нұрмұхаммедұлы қолбасшылық еткен көтерілісі осылай аяқталады.

1860 жылы жазалаушы әскер Қызылқұмның ішіндегі Жанқара көлінің басында отырған Жанқожа батырдың ауылын қоршауға алады. Қанды шайқастың барысында 80 жастан асқан Жанқожа батыр жазалаушылардың қолынан қаза табады.

Қазіргі уақытта Жанқожа батырдың үлкен ағасы Ақмырзаның тікелей ұрпағы Иманғали Сағадиннің қолында батырдың пайдаланған дүниелері сақтаулы. Бұлар – «Нұрнама» кітабы, тесак (кескіш), шақпақ тас.

«Нұрнама» (Нұрдың  кітабы)  –  араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған емдік дұғалар жинағы. Бұл кітапты ұрпақтарының айтуынша Жанқожа батыр жорықтарда өзімен бірге алып жүргендіктен киелі дүниелердің бірі саналады. Кітап әбден ескіргендіктен, парақтары үгітілуде.

Тесакты (кескіш) ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары Сыр өңірін жаулауға атсалысқан Орынбор генерал-губернаторы граф В.Перовский батырға аса ризашылықпен сыйға берген. Ұзындығы – 66 см, сабының ұзындығы – 14 см, жүзінің ұзындығы – 52 см, ені – 4 см. Жүзіне ені 1,5 см болатын дола салынған. Қарудың бұл түрі Ресей империясының әскері үшін 1834-1848 жылдар аралығында Златоуст қару-жарақ фабрикасында шығарылған. Қарудың осы уақытқа дейін сақталуы таңғаларлық жайт.

Шақпақ тасты Жанқожа батыр жорық кезінде от жағуға пайдаланған. Көлеміне тоқталсақ,  ұзындығы – 8,2 см, ені – 7,1 см. Ұрпақтары киелі дүние ретінде көзінің қарашығындай сақтауда.

Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылындағы батырдың музейінде сақталған қылыш пен мөрдің тарихына тоқталайық.

Бұқарбай батыр Естекбайұлы даңқы тек Сыр бойында ғана емес, қазақ даласына өшпес ерлігімен танымал. ХІХ ғасырда Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген Кенесары Қасымұлының таңдаулы қолбасшыларының бірі болды.

Жастайынан ел қорғау жорықтарына қатысып, шыңдалып өскен Бұқарбай батыр ержүректігімен көзге түседі. Кенесары көтерілісіне алғашқылардың бірі болып қатысып, 1847 жылға дейін қаһарман батырлардың қатарында айтылады. Ол 1839 жылы тамызда Ақмола бекінісін алуға қатысады.

1837-1847 жылдар аралығында Ұлқаяқ, Бұланты, Жыланшық өзендерінің бойындағы өшпес ерлігі мен «Созақ», «Ақмола» бекіністерін бағындырудағы әбден ысылған, шын болаттай ширыққан, өр тұлғасы мен кәнігі әскери қолбасшыларға ғана тән ойлы іс-қимылдарын Кенесары хан әрқашан ризалық сезіммен еске алып, өзге сардарларға үлгі-өнеге етіп отырған.

Ресей деректерінде Бұқарбай батыр еліне қайтқан соң бейбіт еңбекпен айналысқан. Егін егіп, 1854 жылы Сырдария сағасынан күні бүгінге дейін ұрпақтары пайдаланатын «Бұқарбай арығын» (ұзындығы 25-30 шақырым) қаздырған. Ресей империясының жоғары билігін мойындап, «Ақмешіт» бекінісін жаулап алу кезінде патша әскеріне көмек көрсетеді. Қоқан хандығына қарсы әскери жорықтарға қатысқаны үшін патша үкіметінен марапаттарға ие болған. Талайды көріп, ұзақ өмір сүрген батыр өз туған жерінде 1898 жылы дүние салады.

Бұқарбай батырдан қалған дүниелер – қылыш, мөр, сусиырдың терісінен жасалған тудың шашағы. Бұл жәдігерлер қазіргі таңда Бұқарбай батыр музейінде сақтаулы.

Мөр сопақша етіп жасалған. Араб әріптерімен «Бұқарбай баһадүр» деген сөздер екі қатар етіп бедерлене жазылған. Екі жағына «П» әрпі тәріздес айналмалы, жоғары тұсында құлақшасы бар темірден жасалған сақтандырғыш (скоба) бекітілген.  Кейіннен құлақша арқылы металдан жасалған ұзынша шынжыр жалғанған. Күмістен жасалған, өлшемі – 2 х 2,5 см.

Қылышты Бұқарбай батыр жаугершілікте пайдаланған. Материалы құрыш темір, қылыштың ұзындығы – 80 см, сабының ұзындығы – 13 см, жүзінің ені – 3 см.

Тудың шашағы Бұқарбай батыр туына пайдаланылған. Сусиырдың құйрығынан жасалған. Осы уақытқа дейін сақталған құнды жәдігер. Қазірдің өзінде халық киелі дүние ретінде санайды. Музейге тапсырылғанға дейін халық ырымдап түрлі аурулардан сақтайды деген сеніммен тәбәрік ретінде кесіп әкететін болған.

Жоғарыда аталған дүниелердің барлығы 2012 жылы Бұқарбай батырдың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып, халыққа қызмет етіп келе жатқан батырдың атымен аталатын музейге тапсырылып, келушілер назарына ұсыну мақсатында экспозициядан орын алған.

Жоба аясында Сыр өңірінде белгілі тұлға Қайқы батыр Ұзақұлының  мұрасы зерттелді.

 Қайқы Ұзақұлы 1845 жылы Ақмешіт уезіне қарасты Байұзақ болысында (қазіргі Жалағаш ауданы) дүниеге келген. Әкесі Ұзақ елді қорғау кезінде жау қолынан қаза табады да, жастай жетім қалған Қайқы одан әрі анасының тәрбиесінде болады. Сөйтіп, өмірдің ащы-тұщысын көріп өскен ол ерте есейеді. Әсіресе, әділдік үшін күресте ешкімнен де жасқанбайды. Өзі де ірі тұлғалы, қайратты кісі болыпты. Жаумен ат үстінде кездескенде жиырма кісіге де алдырмаған, найзагер, сойып ұрғыш жан екен. Қайқы батыр халыққа қиянат жасағандардың қай-қайсысына да қарсы тұрып, тек туралығын айтқан, сол арқылы көпшілік құрметіне бөленген кісі болған. Ел аузында сақталған деректерде батырдың Бұқарбай батыр және Қалжан ахунмен достығы туралы жиі айтылады.

Қазіргі уақытта батырдың ұрпақтарының қолында сақталған құнды жәдігерлер – мылтық пен күміс белдік.

Мылтықты Қайқының әкесі Ұзақ батыр кезекті шайқас кезінде қоқанның бегін өлтіріп олжалаған. Кейін қаруды Қайқы батыр пайдаланған. Еуропалық үлгіде жасалған шақпақ мылтық британдық Энфильд нұсқасына ұқсайды. Бұл қару түрімен ХІХ ғасырдың І жартысында АҚШ, Еуропа елдерінің әскерлері қаруландырылған. Мылтықтың ұзындығы – 1,5 метр. Батырдың шөбересі Жантүгел Есжановтың айтуынша, екі ғасырға жуық тарихы бар мылтық киелі саналады.

Белдік – батырдың өзі пайдаланған жеке дүниесі. Жәдігер тікелей ұрпағы  Бекбол Қайқиевтің шаңырағында сақтаулы. Күміс жапсырмалармен безендірілген белдіктің қондырмасына арабша жазу бедерленген.    

Жоба аясында жоғарыда аталған дүниелерді зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізу, құнды жәдігерлердің көшірмелерін жасап, музей қорын толықтыру жоспарлануда. Алдағы уақытта да Сыр өңірінде қаншама тарихи мұрамыздың сыры ашылары сөзсіз.    

Гүлзира ӘБУБӘКІР,

«Ақмешіт»  музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<