Бұйымтай

1142

0

(Әңгіме)

Мыңқала. Байлығы мен бағы бәсекеге түскен мегаполис. Ой-шұ­қыры өзектес, сағалы сайға созыла жамбастап, ыс-май сіңген ортасы тың беткейге жылыстаған құтты мекен. Қырға иықтаса  жайғасқан екі қабатты, әрлі үйлердің бірі. Ауладағы кәкір-шүкірді термелеп, қонақ күткелі жатқан отағасы Нұр­бай иығына ілген көнетоз курт­ка­сының жыртық қалтасынан безіл­деп, дірдек қаққан телефонды тінт­кіленіп тұрып әрең алды. Бөг­де нөмір. Танымады. Аз-кем кіді­рістеген ол оны   құлағына сүйкеген.

– Иә! – Қоңыр үннен сұрақ ара­лас таңданыс қабаттасып шықты.

– Аға, мен ғой ініңіз Пырдан. Ассалаумағалейкүм!

– Уағалейкүмсалам.

– Есіңізде ме? Аққорғанда өт­кен ағайындардың асында бірге бол­ғанбыз. Үйіңізге жеткізіп салған едім ғой.

– М-мм…

– Тұмау-сұмаудан амансыз ба, аға? Қайдасыз?

– Аман-шүкір. Үйде, – деді Нұр­бай бейтаныс туысқа келте сөйлеп. Жалма-жан бөгде туыс өз мұратын мәлім етті.

– Сізге бұйымтайым бар еді. Он минөтте болам.

Әп дегенде сөзді бағамдай қой­маған Нұрбай аяқ астынан аб­дырады. Белін жазған күйі сіресіп тұр. Ойы екіжар. Таңданыс та, то­сырқау да бар онда. «Көксоққан!» деді ол жатсынудан арыла алмай әрі уақытты шамалап. – Килігуін қара… Шал қыртысты маңдайын тыр­наштады.  – «Бұйымтайы» нес тағы?! «Сізге бұйымтайым бар» дей­ді. Берсең де, алсаң да… Жүрісің жайсыз екен!

Ол селдір шашын әрлі-берлі жатқызып, жоғары қайырды. Ауыл демекші, көптен бері хабар-ошар­сыз інісі Байділла есіне түсті. «Бәлкім. Сол сойыс беріп жіберген шығар. «Ақыры, қалаға кетіп бара жатсың, ала кет» деп сұранған болар бұдан…». Шал жөнсіз қыбы­жықтады.

Ес білгелі орысша ойлап, орысша жазған шал «бұйымтай» сөзін ұғына қоймағанына ыңғайсызданса да, намыстанған жоқ. Бірақ, білуге құмартты. Сыр бойындағы шаңдақ ауылда дүниеге келді демесең, оның бүкіл қазыналы өмірі қалада өткен. Қыбыр-жыбыр тіршілігі ас­тасып жататын ордашаһар. Зауыт. Басшылық қызмет. Қазіргісі – дер­бес зейнеткерлік. Ағайын-туыс жиы­лып, осыдан он жыл бұрын Нұр­байды «Тілге жетік. Кісілігі бүтін. Бағамды қария» деп ру бас­шы­лығына ұсынған. Содан бері бұл жалпақ жұртпен үйірлес. Астас. Мұқтаж жанға медеткерлігі де бар.

…Сары таксиден қунақ түскен науша, жігіт ағасы төңірегіне та­ңырқай қарағыштап, ніл қара көк қақпаға жасқана бас сұқты. Жүк­сіз. Салт басы. Оның шамбыл шлә­пісі мен қаудырақ плащі «Біз жет­пісінші жылдың сән-үлгісіміз» деп тұр. Киімі ажарсыздау болғанмен, қонымды екен. Туфлиі шаңдақ.

Нұрбай бір қасын көтеріп, жел­кесін қасыды. Дүдәмал пішіні анық-танық. Олақ ойы дел-сал. Үйірсек таныс үй иесімен қос­қол­дап сә­лемдесті. Бауыры езі­ліп, саулық сұрады. Оның ұзын дене­сімен иі­ріле ерген қолаңса аралас күн иі­сінен тіксінген үлкен кісі демін тежемекке мәжбүр. «Мы­на қу ішкен бе?! Қалай…» деп сек­тенді одан бөлек. Шал тікенек басардай алға жылжымады. Қолын созыңқырап тұр. Шырамытты…

– Аға! Баспаққөлден. Пырдан­мын ғой… – деді құмдай сусыған қағілез бейтаныс. Оның кіртиген кішкентай көздері кірпік қытық­тағандай жыпылық қағады. – Таны­дыңыз ба енді?.. – Шал кірпігін ай­қастырып, сыпайы ишарат білдірді. – Біздің үйдің қаймақты шәйін, күбіден түскен сармайын, майсөгін сағынған жоқсыз ба? Келініңіз сәлем айтып жатыр. – Науша жі­гіттің шүйке басы арлы-берлі шай­қатылып кетті де – Аға, еш өзгер­мепсіз, – деді. – Тіфә-тіфә! Жүз жасайсыз әлі!

Ерінін етікшідей жымқыра тіс­теп, самсоз болып сілейген Нұр­бай­дың жұқа өңіне шырай тарап, білінер-білінбес жымиды. Еңкіш, дөң мұрнын саусағының қыртысты сыртымен арлы-берлі  жыға сүрт­кі­леп, зорыға тыныстаған. Ішкі дү­ниесі жадырағандай ма. Алақаны ып-ыссы. Күждие қалған. Ол «Бағаналы бері әңгімені осыдан бастамадың ба, пәтшағар!» дей жаздауға аз-ақ  қалып еді.

…Әлбетте, ол жиын Нұрбайдың есінде. Ағайындармен болған шұрайлы жүздесу, сүбелі  сұхбат есте қаларлық оқиға-тын. Пырдан берген түстік – одан оқшау. Оңаша, оқыс  құбылыс.  Ауыл ағасы Жұмекең ас-суды кіндіктес туысының үйі­не ұйымдастырыпты. «Менің шын атым Пырілі. Әкем марқұм Пыр­дан деуші еді. Ел де осылай атап кетті. Оңайын айтарсыз…» деп өзін таныстырған үй иесі тыстағы сықырлауық есігін дізесімен итеріп, иығымен демеп, қонақтардың іш­ке енуін өтінген. Сыр ағашынан қолапайсыз құрастырған есік жақ­тауы қарамалдың қимайынан кү­ре­ңітеді, ербеңдеген жүн-жұрқа көзге қораш. Қорасы қомақты кө­рінгенмен, шанжағай өскен үш сұр жиде онсыз да ретсіз көрінген аула ішінің репәтін қашырып тұр. Ойлы-қырлы есік алды малдың қиы мен күл-қоқыс, шөп-шалам. Бұлар тапталған біріздік сүрлеумен жүрді. Сүрлеу үйге, сосын ішектей созылып сыртқы әжетханаға тіре­леді екен. Шамасы, жауынды күні сағыздай иленетін Сырдың сор то­пырағына жасалған жоқ-жітім­нің амалы. Мыңқаладан келген қо­наққа бұл көріністер тым жа­байы көрінді. Пырдан тамырлас туы­сының қолқасына барынша да­йындалыпты. Буы бұрқырап келген майлы қуырдақ, ұқыпты үйітіліп, былбырай піскен бас, үйеме табақ ет, көпіршіген дәмді қымыран ашығып келген Нұрбайдың, қасын­дағы қонақтардың қабағын әп- сәтте жадыратты. Оның үстіне үй иесінің шат күлкісі, бүкпесіз пе­йілі, Сыр сүлейі Нартайдың сазды әнін қара баянда нәшіне кел­тіріп, құйқылжыта айтқаны өнерге ынтық мәртебелі қонақтың делебесін қоздырды. Оның үстіне ауыл аға­сының майда, мәйін сөзіне еліткен қала адамы шым-шымдап ауыз тиген қоңырқай ішімдіктен соң ол желпініп, желігіп кеткен. Әуелеп айтылған әнге де қосылды. Пырдан әмбебап көрінді. Әнші. Домбырашы. Баяншы. Келінмен келісті дуэт. Әшейінде сүт қатқан қою шәйді «Ағзаға зиян. Қанды қойылтады» деп ысырып қоятын Нұрбай сол жолы алабөтен, мезереттен өтіп ішті. Қымсынбады. Түнемесін де, сыртқы дәретхананы, оған барар тілдей үйіндіні де ойлаған жоқ. Шешендігі ұстап, мақтау сөздің майын ағызды. Мырзалығы ұстап, бүктелген көк қағазды ішкі қалтасынан еппен ғана алып, «Келін, мә-ә! Айналайын! Иіссу ал! Ықыласыңа ризамын!» деп оның тартына созған қолына ұстатқан. 

Пырдан жел қаққан жүзін аула төріндегі зәулім, қанатты қос қарағайға бұрып, одан әрі даудырай түскен. Ығында тұрған Нұрбайға түнеп шыққан ішімдіктің иісі осы тұста анық жетті. 

– Мм-мәәә! – Шіләпілі жігіт көзі бадырайып, адасқан кәрі саулықтай дыбыстады. – Аға! Нағыз жұмақта тұрады екенсіз! Туу-хһ! Мына әңкигендер елка ма? – деді аузын ашып, таңдайын тақылдатқан ол әлгі қарағайларды көрсетіп. – Өстіп те өседі екен-ау! Іһ-ім!

Нұрбай күлді. Ол тап қазір апыр-тапыр ауыл адамының аңғалдығына емес, татымды еңбегіне көлденең көкатты берген ұшар нарыққа насаттанды. Бейнеткеш қарияның осал жері де осы-тұғын. Құмар жанға, қалап жатса ауласындағы тал-бұтаның бірін қалдырмай олардың тегін, қасиетін, сусамырлығын, суыққа берік-бекемдігін егжей-тегжейлі, түптеп айтпақ – мұның жеңсікті әдеті. Бұл жолы да сөйтті.

– Сырда өспегесін, сендерге бә­рі елка. Бар болғырлар! – деп бір жағы назырқана, бір жағы базы­нашылықпен жуан дауысын бай­салды бапқа келтіріп бастады ол сөзін – Бұл жерде қылқан  жапы­рақтының он тоғыз түрі бар. Ата­лас демесең, қарағайды былай қой­ғанда, шыршаның өзін бір-біріне ұқсатып болмайды. Түсі, жұ­пар иістері бөлек-бөлек. Ал мы­на тұрған можевельник, туя. Ыс­тық­ты қалайды. Әргісі – мырза терек. Тасасындағы аққайың.  Сал­қын жақтыкі. Ал анау, майда гүлі бар келісті тал – липа. Мына күн­шуақтағы, мәуесі бармақтай қан­қызыл – тұт. Сосынғысы жүзім, ерге­­жейлі жаңғақ, құрма, анар, інжір.  Баудағы жеміс ағаштар, өзіңе таныс.

Тамағы құрғаған Пырдан жақ ашпады. Тұспалдап бірдеңе айт­қысы келіп еді, мүдірді. Бар айтқаны «Құдайым-ау! Мына тоғайды бір адам істеді дегенге кім сенер!». Таң-тұң. «Міні, нағыз «Гүлһан» өмір! Біздің отырысымыз анау… Аттың боғындай үйіліп, мына бір шал құрлы жоқпыз.». Пырданның шатпырық ойы шимайланып кетті. Ол басы, өзінің тұрлаусыз ғұмырына налыған.  Тіпті, өмірден әлдеқашан озған әкесіне де өкпе айтқысы бар еді. Аяғы барып, бойкүйез екі ұлын мінеді. «Пәруәйі пәлек. Масылдар!» деді шырт түкіріп.   

– Ей, бала! Естіп тұрсын ба өзі. Саған айтып жатырмын, – дегенде барып Пырдан есін жиды. Жалма-жан бағбан ағасынан:  

– Адам жалдайсыз ба? Қолда балдар бар шығар, – деп қойып қалған.

– Інім, менікі таза дағмазалық. Бірақ, төңірегіме шапағатты, өзі­ме рәтті бейнет десем де болар-ау! – Шал сұқ саусағымен ауаны кес­кілеп-кескілеп жіберіп, нүкте қойғанда, түнгі отырыстың уы қа­нын қарайтып, кенезесін кептірген Пырдан «Саяжай саяхаты» осы­мен тамамдалар» деп түйген. Бі­рақ… Ағасы жуан дауысын бап­тап, екі езуінен төмен қарай қи­сық сызықпен сызаттаған суды ала­қа­нымен қапсыра құрғатты да, бетін ескі қалаға бұрды. Пырдан да бұрылды. – Мына үлкен қала үстіндегі мұнар, қою тозаң-түтінді көрдің бе? Біз осыны жұтып жа­тырмыз. Бұл – һәмма тыныс-тір­шіліктің қасіреті. – деді ол сөзіне маңыз беріп, – адамзат осымен ға­­сырлап күресіп келеді. Бірақ нәтиже аз. Билік басындағылардың, экологтардың ісі мардымсыз. Та­лабы пәрменсіз. Жұртымыз бей­тарап. Әр тұрғын көп емес, үш тал отырғызса, оны көгертсе, қаламыз көкорай, саябақты болушы еді. Шын­дап кіріссек, бұл – қолдан келе­тін шаруа. Менің нәйеті бір терегімнің өзі төрт адамға кәусар тыныс сыйлайды. Ал қылқан жапы­рақты сәндік талдарым бөлер таза ауа одан жиырма есе көп. Есебіне жете бер! Ал, баудан мұндай пайда жоқ. Керісінше, оның жемісі құт. Жабайы құстың ен несібесі. …Айтпақшы, балдарды сұрап қал­дың ғой. Айтайын.

Нұрбай қаязыған жылқы етіне түйілгендей өңешін созып, құрғақ жұтынып, қабағын түйді.

– Шетінен тікқазық. Кісі. Ең­ке­йіп жерден шөп алмайды. Сен айт­шы маған. Бүгінде әкесін аяр бала бар ма, өзі? Е-ей!.. Болса, әлі де жырақтағы қоныс сендерде болар. 

Қамкөңіл Пырдан терең күр­сінді. «Иә, атасының басына болар бізде…». Өрісті әңгімені үй жақтан шыққан әйел даусы шорт үзді.

«Бойдақ шәй» етіп жайылған жеңіл дастархан басына жайғаспас бұрын, бір кесе мұздай суды сіміре тартып алған қонақ, асыққан рай танытты.

– Аға! Мен сізге бір бұйым­таймен келдім, – деп қолындағы шай кесесін ішер-ішпес алақа­ны­мен бүркеді. – Балдарыма жұмыс керек. Үлкенім 35-те. Үш баласы бар. Кенжем  отызда. Бойдақ. Уа­ғында, коллежге оқытып алуым ке­рек екен. Басым істемепті. Өкінем.   Енді ғой, бұл иттерде я мамандық, я кәсіп жоқ. Ешкім жұмысқа алмайды. Кенқаладағы үлкен зауыт ініңіздікі деп есіттім. Балдарымды соған кіргізіп беріңіз… 

Шал басын көтермеді. Жақ еті білем-білем. Иегін уыстап, умаждап отыр. Пырданға «Бар болғыр, «бұ­йым­тайың» осы ме еді?..» дегісі келген. Ол оқты көзін қадай түсті. «Гәп балаларда   емес, өздеріңде, сауықшыл жұп… Қайран бодаусыз уақыт-ай!».

– Мамандық болмаса, кәсіпке ниеттенбесе, ондай «бозқойлар» Кенқаланың өзінде жыртылып-айырылады, Сырдан тасымай-ақ… Нұрбайдың дауысы өктем шықпаса да, ішіндегі ызасын діттеген жеріне дарытты. Осы мезет ол сауықшыл інісінің өрттей жанған жүзінен «Бұдан да мені ұрғаның жақсы еді. Неменеге келе қойып ем, сорлы басым!..» дегенді жазбай оқыды. Аяп кетті. «Жақсы. Осымен доғарайық!» деген болар, Нұрбай бетін сипап орнынан тұрды. Дастарханға бата жасалмады. Аңтарылған Пырдан мең-зең.

Осылай қақпа алдына шейін үнсіз барған екеу, ауладан шыға­берісте қысқа ұғынысқан. Нұрбай шал қонағының қарынан ұстап, оның көзіне көзін салды. Аздап ыңғайсызданды.

– Менің саған айтар бұйым­тайым мынау, – деді ол оқыс. – Сен бүйтіп шаршама. Адамның өмірі қысқа. Шешімді менен артық біліп тұрсың. Әлгі «күшіктеріңді» бай нағашыларына қос. Рита келіннің аға-інілері ауылдың байы демеп пе ең. Жібер, жалданып көрсін…

Пырдан тершіген маңдайын ала­қанының сыртымен ысқылай сүртіп, басын шұлғыды. Медеткер ағасына үзерлене, дықсыз дәме­лене қарады.

– Аға! Ертең звондайын ба? Айтасыз ба ініңізге?

…Шал басын шайқады.

Нәсен ҚОЖАБАЙ.

Шымкент қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<