Cоғыс цифрлары немесе Ұлы Жеңістің 15 дерегі

1767

0

Ұлы Отан соғысының трагедиялық тарихы мен қызықты деректерінің он бесін еске түсірейік

Соғыс 1418 күнге созылды

Ұлы Отан соғысы  1941 жылдың 22 маусымында басталды.  Ол 3 жыл 10 ай және 18 күнге немесе 1418 күнге созылды. Ұлы Отан соғысындағы ең ұзақ шайқас Ленинград шайқасы болды. Ол 1126 күнге созылды. Оның ішінде қала 871 күн қоршауда болды.

Мәскеу үшін шайқасқа  7 миллионнан аса адам қатысты

Мәскеу шайқасына (1941жылдың 30 қыркүйек – 1942 жылдың 20 сәуір аралығы) қатысқан барлық адам саны осындай рекордты көрсеткішке жеткен.  Салыстырмалы түрде алсақ, соғыстың ең үлкен шайқасы саналып, Гиннестер кітабына енген Берлин операциясына 4 миллион адам қатысқан.

         Соғыста 26,6 миллион адам қаза тапты

Соғыс біткеннен кейін Сталин барлық ұрыс операцияларында қайтыс болғандар саны 7 миллион адам деп ресми деректі жариялады. Ал соғыстан қаза тапқан тұрғындардың нақты санын есептеу 80-жылдар аяғына таман басталды. Дегенмен, қанша адам өлгені әлі күнге дейін белгісіз. РФ Қорғаныс министрлігінің соңғы мәліметтеріне сәйкес Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО құрбандарының саны шамамен 26,6 миллион деп келтірген. Оның 12 миллиондайы әскерилер. Ал ресми емес мәліметтер бойынша соғыс құрбандары 43 миллион адам шамасында.

Келтірілген материалдық шығын – 2,5 триллион сом.

Ресми мәліметтер бойынша шығын соғысқа дейінгі бағамен 2,5 триллион сомнан асады. Ол КСРО ұлттық байлығының 30% тей бөлігін, ал оккупаццияланған аумақтарда 65% бөлігін құрады. Ұлы Отан соғысы кезінде 1710 қала, 70 мыңдай село мен деревня толығымен қираған.

1 миллионнан аса адам  «Берлинді алғаны үшін» медалімен наградталды

Олардың арасында Кеңес одағының маршалдары  Георгий Жуков пен Иван Конев бар. Награданың басым бөлігі соғыс аяқталғаннан кейінгі үш жыл ішінде табысталған. Әскери қызметкерге медаль өзі қызмет етіп жатқан әскери бөлімде немесе тұрғылықты жеріндегі әскери комиссариатта берілді. 1951 жылға дейін награда иесі қайтыс болған жағдайда медаль мен оның куәлігі мемлекетке қайтарылып келді. Кейіннен қайтыс болған адамның наградасы туыстарына ескерткіш ретінде қалдырылатын болды.

Мәскеу көшелерімен немістердің 57600 әскери тұтқыны жүріп өтті

 1944 жылдың 17 шілдесінде Мәскеу көшелерімен 57 мыңнан аса  неміс солдаттары мен  офицерлері жүріп өтті. Неміс тұтқындарының шеруі «Жеңілгендер парады» деп аталды. Тұтқындар әскери шеніне қарай бөлінді. Колонналардың басында жиырмадан астам Вермахт генералдары жүрді. Олардан кейін полковниктер бастаған офицерлер жүрсе, әрі қарай унтер-офицерлер мен қатардағы жауынгерлер орналасты. Тұтқындарды ипподром маңынан қаланың орталығына қарай жүргізді. Одан кейін колонна екіге бөлініп, Садовой кольцо, басқа көшелермен жүріп өтті. Сол марштан кейін 35 жыл өткенде 1979 жылы Владимир Высоцкий соғыс туралы әнінде «тұтқындарға Мәскеу жоғарыдан терезелерден қарап тұрды» деген өлең жолдары болды.

17 жыл бойы Жеңіс күні мерекесі тойланған жоқ

Ең алғашқы Жеңіс күні 1945 жылы 9 мамырда аталып өтті. Ол ауқымды шара болғанмен қазіргі мерекелік шарамен салыстыруға келмейді әрине. Ал Қызыл алаңда өтетін дәстүрге айналған әскери парад 1945жылы 24 маусымда ұйымдастырылды. 1947 жылға дейін 9 мамыр жұмыс күні болып есептелмей, концерттер өткізіліп, салюттер атылды. Ал одан соң Жеңіс күнін алып тастап, бақандай 17 жыл бойы қалыпты жұмыс күні болып саналды. Мұнан кейін ауқымды түрде 1965 жылдан бастап аталып өте бастады.

         Жеңістен кейінгі 10 жыл «соғыс»

Жеңістен кейін он жыл бойы КСРО мен Германия арақатынасы формалды түрде соғыс жағдайында болды. Оның басты себебі Кеңес үкіметі неміс командованиесінен капитуляция қабылдағанмен бейбітшілік туралы келісімге қол қойған жоқ. Тек 1955 жылдың 25 қаңтарында ғана КСРО Жоғарғы Кеңес Президуимі «Кеңес Одағы мен Германия аралығындағы соғыс жағдайын тоқтату туралы» өкімін шығарды.

Левитанның басы 250 мың неміс маркасына бағаланды

Атақты диктор Юрий Левитан Ұлы Отан соғысы символдарының біріне айналды. Оның дауысы Кеңес Одағы халқының жауынгерлік рухын көтеруші болғаны Вермахтың басшылығына тіптен ұнаған жоқ. Сондықтан да диктордың басы үшін 250 мың  марка сыйақы тағайындалды. Кеңестік билік Левитанның қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етіп, оның бет әлпеті туралы ақпарат құралдары арқылы теріс ақпарат беріп отырды.

30 минутта 22 танк            

Соғыс кезінде  1- танк дивизиясының аға лейтенант Зиновий Колобанов басқарған «КВ» танк экипажы ерекше рекордқа қол жеткізді. Құрамында 5 танк бар лейтенант Коланов басқарған рота алдында Ленинград бағытындағы үш жолда тосқауыл жасау міндеті тұрды.

Ұрыс басталғаннан кейін жарты сағат өткенде немістер 43 танкісінен айырылды. Оның 22-ін Колабановтың өзі отырған танктің танкистері өртеп жіберді. Бұл ерлік соғыстар тарихындағы ең нәтижелі ұрыс ретінде Гиннес кітабына енгізілді.

80 мың офицер әйел

Ұлы Отан соғысы кезіндегі әйелдердің ролі айрықша болды. Бүкіл соғыс кезеңінде майдан даласында қолына қару алып шайқасқа түскен әйелдердің саны 600 мыңнан  1 миллионға дейін жетті, оның 80 мыңы офицер болды. Майданға өз еркімен сұранған әйелдерден авиация полктері, атқыштар мен барлау бригадалары, моряк әйелдер роталары құрылды. Соғыс кезінде 87 әйелге Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

         Батыр атағы берілген 5 бала

Балалар да Отан үшін шайқасқа түсті. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін мыңдаған бала орден-медальдармен наградталды. Оның ішінде бесеуіне 14 жастағы Леня Голиков пен Саша Чекалин,  15 жастағы Марат Казей, Валя Котик және Зина Портноваға Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Балалар негізінен партизан барлаушы болғандықтан олардың тағдыры қайғылы аяқталып жатты. Көпшілігі ұрыс кезінде қаза тапты немесе немістердің қолына түсіп, жазаланды. Сондықтан олар қаза тапқаннан кейін наградталды.

Әскерде 60 мың ит қызмет етті

Ұлы Отан соғысында жан-жануарлардың маңызы айрықша болды. Майдан далаларында соғыс кезінде 60 мың ит қызмет етті. Олар жау эшалондарын, құртып, 300-ден аса  бронетехникаларын жарып жіберді және 200 ден аса шұғыл хабар жеткізді. Сапер иттер 300-ден аса елді мекенді миналардан тазартуға үлес қосты. Онан бөлек итер ұрыс даласынан жаралы жауынгерлерді госпиталға тез жеткізуге көмектесті.  Джульбарс есімді ит «Ерлігі үшін» медалімен наградталған бірден бір ит болды. Ол 7468 мина мен 150 снаряд табуға көмектесті. Жаралы итті Мәскеуде 1945 жылы 24 маусымда өткен Жеңіс парадында алып өтті.

350 әскери түйе

Астраханда жабдықталған 28-резервтік армия Сталинград шайқасына қатысып, олар пушкілерді және азық-түлік тасымалдауға түйе пайдаланды.

Автомобиль мен жылқы жетіспеушілігіне байланысты жауынгерлер жабайы түйелерді ұстап, оларды қолға үйретті Ал Мишка және  Машка деп аталған түйелер солдаттармен бірге Берлинге дейін жетіп, соғыс аяқталған соң сондағы жергілікті  зоопаркке берілді.

Ленинградқа Ярославльден 4 вагон мысық жеткізілді

         Мысықтар соғыс кезінде окоптарда өмір сүріп, ондағы егеуқұйрық, тышқанмен қоректенді. Олардың ролі  Ленинград блокадасы тарихында айрықша болды.  1943 жылы блокаданы бұза салысымен азық-түлік, қажетті заттармен бірге қалаға  Ярославль қаласынан 4 вагон мысық жеткізілді. Ленинградта болған аштықтан кейін қалада егеуқұйрық көбейіп кеткен болатын Адамдардың оларды құртуға шамасы жетпеді. Бірақ бұл істі мысықтар жақсы атқарды.  1945 қалаға тағы да 5 мың мысық әкелді. Бұл жолы олар Сібірден жеткізілді.

         Бүгінгі Санкт-Петербургте мұртты көмекшілерге арнап ескертіш орнатылған. Ал Тюменде 2008 жылы «Сібір мысықтары сквері» ашылды. Ол блокадада болған Ленинградты егеуқұйрықтан тазартуға атсалысқан мысықтар құрметіне осылай аталған еді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 

 

  

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<