ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

803

0

Жиырма жылда еңсе тік­теген Елорда әлемдегі «ақылды қалалар» қа­та­рына қосылды.  Жұрт қызығар инновациялық жаңа­лық­тарды Астанадан күтуге үй­ренген. Бірақ, бас қаланың сіз бен біз білмейтін тағы қандай ерекшелігі бар?
«Думан» ойын-сауық кешеніндегі океанариум мұхиттан ең алыс орын тепкендіктен Гиннес рекордтар кітабына енген. Океанариумнан ең жақын мұхитқа дейінгі ара қашықтық үш мың шақырымға жуықтайды. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген 2000-нан астам жәндік пен балық түрлері кездеседі. Океанариумның сыйымдылығы – 3 млн литр, оны әзірлеуге 120 тонна теңіз тұзы жұмсалған. Океанариумның ең ірі мекендеушілері – ұзындығы 3 метрге жуық акула және салмағы 200 келі тасбақа. Ал ең ұсақ балықтың ұзындығы бар болғаны 5 см.
***
Астанадағы «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы әлемдегі ең үлкен шатырлы ғимарат болып саналады. «Хан шатыр» 2010 жылы елорданың туған күні – 6 шілдеде ашылған. Ойын-сауық орталығының жалпы аумағы – 127 мың шаршы метр. «Хан Шатыр» – бір шатырдың астында әлем деңгейіндегі ойын-сауық және сауда-саттықты біріктірген, алғашқы лайфстайл-орталық болып саналады. Лорд Норман Фостердің қиялынан шыққан сәулет ғажайыбы – Орталық Азиядағы баламасыз әрі ең ірі архитектуралық жоба болып табылады. Тұғырлы монолиттік сом құймалардан тұрғызылған бұл кешеннің биіктігі – 200 метр. Оның негізгі қаңқасы фторполимермен қапталған ұсақ торлы алып шатырдан тұрады.
***
Бейбітшілік және келісім сарайындағы лифтілер көлденеңінен қозғалады. Халық арасында «Пирамида» деп аталып кеткен ғимаратта бес лифт бар. Оның біреуі – Президентке арналған. Олардың барлығы 60 градуспен көлденеңінен қозғалады.
***
Ғасырдан да ұзақ жасаған қара терек. Көп жылдар бойы кубрин саябағы болып аталып келген Астана саябағында ғасырдан артық жасаған қара терек өсіп тұр. 120 жастағы терек саябақ ашылған уақыттан бүгінгі күнге дейін жайқалып өсіп тұрған жалғыз ағаш.
***
Астана мен Сеулдің ұқсастығы. Біле білсеңіз, біздің бас қаламыз Астана мен Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулдің ортақ ұқсастығы бар. 1998 жылы Ақмола атауы өзгертіліп, Сарыарқаның жүрегінде ор­наласқан шаһарға Астана атауы беріледі. Ал бұған дейін әлемде мемлекет астанасы жай ғана «астана» деп аталатын бір ғана қала болған. Ол – Оңтүстік Кореяның бас қаласы Сеул. Корей тіліндегі «соуль» сөзі «астана» деп аударылады.
***
Астанадағы ең биік ғимарат. «Изумрудный квартал» тұрғын үй кешені Астананың ең биік ғимараты саналады. Кешен әртүрлі қабатты үш мұнарадан тұрады (37, 40, 53 қабат). Ең биік мұнарасының биіктігі – 210 метр.
***
«Қазақстан» ОКЗ көрермен залы домбыра түрінде жасалған. Мұндай бірегей жоба ТМД елдерінің ешбірінде жоқ және Қазақстан Республикасының ең негізгі архитектуралық туындысы әрі мәдени орталығы болып табылады.
 «Қазақстан» Орталық концерт залы – заманауи технологияларға негізделген және түрлі көлемдегі іс-шараларды: мерекелік және ресми жиналыстар, отандық және шетелдік жұлдыздардың концерттері, конференциялар, тұсаукесерлер, жиналыстар мен көрмелерді өткізуге лайық бас кешен. Астананың әкімшілік орталығында орналасқан ғимаратқа бірегей архитектуралық құрылысы жағынан да, көлемі жағынан да тең келетін нысан қаламызда, жалпы елімізде кемде-кем.
***
Құрғақ фонтанды тамашалап көрдіңіз бе? 2014 жылы Астананың Орталық саябағында құрғақ субұрқақ ашылды. Елорданың Орталық саябағындағы сағат жанында құрғақ субұрқақ орналасқан. Бұл қала тұрғындары үшін баламасы жоқ қызықты дүние.
Бұл субұрқақтың ерекшелігі – оның тостағандары жоқ. Гейзерлер деп аталатын су шапшымалары тақтатастардың астынан шығады. Жер астынан атқылап шығып, қайта жоғалып кететін субұрқақ жаз мезгілінде балалар үшін қатты қызықты.
***
Қазақстандағы ең үлкен саябақ, әрине, Астанада орналасқан. Ол 76,9 гектар жерді алып жатқан Президент саябағы.
***
Бір мезетте кешкі ас ішіп, қала келбетін тамашалауға бола ма? Әрине! Елорданың заманауи іскер орталығында Есіл жағасындағы 23 қабатты «Пекин Паллас» қонақүйінде бірегей айналатын мейрамхана орналасқан.
Мұндай мейрамхана Қазақстанда жалғыз. Оның айналу жылдамдығы сағатына 360 градусты құрайды.
***
Астана әлемнің үздік 30 шаһарының тізімінде
2003 жылы Қазақстан елордасы әлемдік Moody’s Investors Service рейтингтік агенттігінің нұсқауынша әлемнің үздік 30 қаласының тізіміне енді.
Дайындаған: Сара АДАЙБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<