Жүктілік жайлы Астана қаласының акушер-гинекологтары айтып берді, деп мәлімдеді қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
«Ең алдымен мекенжайы бойынша жүктілікке уақытылы тіркеліп, дәрігерлердің нұсқауларын бұлжытпай орындап, дер кезінде қаралып жүру керек. Одан кейін баланың дүниеге келуіне қолайлы жағдай (психологиялық, эмоционалдық, әлеуметтік, физикалық және экологиялық жағдайлар) жасау маңызды», – дейді Динара Қабылова.
Жүкті әйел бірінші кезекте тамақ рационына көңіл бөлу керек. Табиғи, қоспасыз тағамдар мен жеміс-жидек, көкөністерді көп тұтыну керек. Шырындар, жеміс, көкөніс, жаңғақтар, бал, сүт өнімдері, жұмыртқа, ет, балық, бұршақ тұқымдастарды көп жеу керек.
«Ағзалардың (тері, өкпе, бауыр, бүйрек) дәрісіз тұрақты және тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізіп, жаман әдеттерден аулақ болу керек. Жеңіл, қолайлы киімді киіп, күнделікті табиғи дене белсенділігін арттыру қажет. Күйзелістен арылу дағдыларын меңгеріп, толыққанды дем алуды үйрену керек», – деп өз сөзін толықтырды Динара Қабылова.
Дәрігер жүкті әйелдің таза ауада, табиғатта көп серуендеп, миын жиі тынықтыру керек екенін айтты. Одан бөлек физикалық тұрғыда көп қимылдап, жаттығу жасауы артық етпейді. Тіпті, босану кезінде күйеуінің серіктес болғаны жақсы екенін айтты.
«Жүкті әйелдерге бассейнде, йога топтарында жаттығу жасау ұсынылады. Көптеген фитнес-клубтарда нәрестесінің дүниеге келуін күткен әйелдер үшін арнайы топтар бар. Фитболмен жаттығулар, би, созылуға арналған гимнастикалар болашақ ананың өзін тамаша физикалық формада ұстауына көмектеседі», – деді Гүлназ Досмырзаева.
«Жүктілік кезеңінде ауыр салмақты көтеруге болмайды, себебі бұл мерзімнен ерте босануға әкеп соғуы мүмкін. Биік өкшелі аяқ киім кию де ұсынылмайды. Себебі, құлап қалуыңыз мүмкін немесе аяқ тамырларыңызға да зардап келуі мүмкін. Жүкті әйелдің өмір салтының тағы бір құрамдас бөлігі – жақсы ұйқы. Ұйқыға кешкі сағат 10-да жатып және таңғы 7-ден кешікпей тұру керек», – деді Досмырзаева.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<