Еділге жеткен ел сыйы

771

0

Біздің халқымыз ел басына ауыртпалық түскенде біркісідей жұмылып, бірлікпен, адамзатқа деген шынайы жанашырлықпен бауырмалдық таныта алатын ынтымақшыл қасиетін қиын-қыстау кезеңде де сақтай білген. Адамдарды тіліне, дініне, ұлтына бөлмей, кез келген жағдайда оларға көмектесуге дайын тұру, қол ұшын беру – ұлтымыздың бойындағы мызғымас асыл қасиеттерінің бірі.

Қазақ жерін отарлау мақ­сатында XIX ғасырдың басын­да патша өкіметінің халқы­мыздың мінез-құлқын, ерекше қасиеттерін зерттеуге арнайы жіберілген экспедициясын бас­қарған Ф.А.Щербин «Кир­гизская народность в местах крестьянских поселений» ат­ты жазбасында өзінің талай мемлекеттерде болғанын, бі­рақ қазақтай бауырмал, ақ­жар­қын халықтың некен-саяқ екендігін ерекше атап өткен екен. «Сырт көз – сын­шы» демекші, осындай адам­гер­шілік, имандылық, ме­йірім­­ділік, жанашырлық, қам­қор­лық көрсету сияқты ізгі қа­сиеттерді Кеңес одағына паш еткен аралдық ерен еңбек иеле­рінің тарихи ерлігіне де бір ғасыр болыпты.

1921 жылы пролетариат көсемі В.Ленин аштықтан ауыр күндерді бастан өткеріп жатқан Волга бойындағы ха­лыққа көмек беруді сұрап, Арал балықшыларына өтініш хат жазғаны белгілі. Хат маз­­мұнымен танысқан соң, сөз­ден гөрі іске мығым құрыш білек балықшылар аштық­тан бұратылған халыққа тә­ңір бұйыртқан несібелерін өз ауыз­­дарынан жырып, 14 ва­гон су маржанын жөнелт­кені, осы істе, әсіресе, Бөген ба­лықшыларының ерек­ше бел­сенділік таныт­қаны та­рихтан белгілі. Бұл тарихи ер­лікке Арал балықшы­ларының да, балықты Қамыстыбас стан­­ция­сындағы бекауызға тасы­мал­даған әкелеріміз бен анала­рымыздың да, вагонға тиеуде кө­мек берген жергілікті ха­лық­тың да сүбелі үлесі бар. Шанаға жегуге қолындағы ұс­тап отырған бір-жар түйесін берген қарт адамдардың да игілікті іске қолдау білдіргенін атап айту керек-ақ.

Қазан, қараша айларындағы құбылмалы ауа райының қиқар мінезіне, қыстағы бет қаратпас сақырлаған сары аязға бой бермей мұз астынан балық аулағандар қатарында әкем Бармағанбетов Нұралының да болғанын ерекше мақтан тұтамын. «Сол қарбалас балық аулау кезіндегі қиындықты ауызбіршілік пен ұтымды ұйым­дастырудың арқасында жеңе білдік. Тасымалдау кезін­дегі қатты суықта қол-аяғын үсіріп алғандар да болды» деп әкем ұдайы еске алып оты­ратын.

Осы тарихи ерліктің 90 жылдығында 2009 жылы ақын Толыбай Абылаев аудандық «Толқын» газетінде шағын ма­қала жазып, көпшіліктің жа­дынан көмескілене баста­ған аталарымыздың жанқияр­лық істерінің тарихын жаң­ғыртқандай болды. Ал 95 жылдық қарсаңында әкемнің айтуы бойынша, осы іске ерекше атсалысты деген он бестей адамның тізімін алып, Аралдың абыз ақсақалы, қарт журналист Шәкірат Дәр­ма­ған­бетов ағамызға бардым. Мақсатым аузы дуалы ақса­қалдың қолтаңбасымен әке­леріміздің ерен ерлігін ке­йін­гі ұрпаққа тәлім-тәрбие ре­тінде баспасөз беттері ар­қылы насихаттау болатын. Ау­дандық «Құрылтай», «Арал әлемі» газеттерінде ерен еңбек иелерінің өмірбаяндары мен суреттері 2015 жылдан бастап осы күнге дейін жарияланып келеді. Арал балықшыларының тарихи ерлігін насихаттауда Шәкірат ағамыздың еңбегі зор. Кейін іздестірудің нәти­жесінде мен білетін он бес адамның қатары жүздің үстіне шығып кетті. 2016 жылы аш­тық жайлаған елді сын сәтте қолдап, қол ұшын берген Арал балықшыларының қа­йырымдылық ісінің 95 жыл­ды­ғында 14 вагон балық ау­лауға қатысқан балықшылар ұр­пақтарын аудан әкімі қа­былдап, сый-сияпат жасап, аруақтарға құран бағышталды.

КСРО-дай алып мемлекет көсемінің «бұратаналарға» бұ­­рыла бермейтін көңілін бөл­­гізіп, шынайы пейілімен ар­­найы алғыс хат жазып, сый­лыққа станок беруіне түрткі болған атан жілік ата­ларымның ерен еңбегін қа­лай дәріптесе де лайықты деп білемін. Жыл­да аталып өті­летін күн­дерге арналған іс-шаралар жоспарының бір тар­мағына енгізіп, ерлік пен еңбектің үлгісі, тарихи оқиға ретінде ұлықталса деймін.

Абай атамыз 14-қара сөзін­де: «Рақымшылдық, мейір­бан­дық, әртүрлі істе адам ба­ласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» дейді. Тарихи оқиғаға қа­тысқан азаматтардың кіндік кескен жері Бөген ауылының құрметіне Арал қаласынан кө­ше беріліп, ескерткіш қойылса, кең пейілді, жомарт жүректі жандардың өнегелі істерін келешек ұрпақ біле жүретіндей ғұмырнама-кітап шығарылса, құба-құп болар еді.

Оңдабай БАРМАҒАНБЕТОВ,

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<